Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адал еңбекті серік еткен

Адал еңбекті серік еткен

Қазақ халқы «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп бекер айтпаған. Рас, адал еңбек адамды абыройға, табысқа кенелтеді. Еңбексүйгіштік – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Өз ісінің майталманы Күлбарам Ахмет саналы ғұмырын еңбекке арнаған, нағыз қара жұмыстан бақытын тапқан ана. Еңбексүйгіш жан еліміздің ең көрікті ауылы – Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС-де ұзақ жыл еңбек етіп, бейнетінің зейнетіне абыроймен жетті.

Ардақты ана Күлбарам Нұрбайқызы өзі туып-өскен ауылда өркенін жа­йып, алғашқы еңбек жолын осындағы шаруашылықтан бастаған. Зертханашы ретінде ауылдағы мал фермасында сүттің құнарлығын, майлылығын зерттеп, өндіріске үлес қосқан. Адал еңбегінің арқасында шаруашылық бас­шылығы уақыт өте жауапты қызметті – диспетчерлікті сеніп тапсырады. Өз ісіне деген тиянақтылығы мен жауапкершілігі маманды абыройға кенелтеді. Ардақты әкесі мен анасының жолын жалғастырған аяулы жан осы қызметті үздіксіз отыз жыл бойы атқарады. Бүгінде жасы 61-ге келіп отырған Күлбарам Нұрбайқызы шаруашылықтағы диспетчерлік қызметтен жақында зейнетке шықты.

– Әкем Нұрбай Ұлдашұлы шаруа­шы­лықта малшы болды. Түрлі техниканы да тізгіндеді, комбайн, К-700 тракторын айдады. Маңдай терін қара жұмысқа төккен әкем 50 жасында көлік апатынан дүниеден өтті. Анам Назым Жұмабекқызы 5 қыз, 2 ұлды дүниеге әкелді. Анам да шаруашылықта сауыншы болды. Күріш екті. Отбасымызда бауырлар бір-бірімізге сүйеу, қамқор болып өстік. Ауылдағы мектепті бітірген соң бір жыл бойы жұмыс істедім. Содан соң Ақтөбе қаласындағы байланыс техникумына оқуға түстім. Оқуды бітіріп келген жылы ауылдың азаматы Бақытжан Бейсенбаевқа тұрмысқа шықтым. Отағасы шаруашылықта ең­бек етті. Механизатор болды. Жас­тайым­нан еңбек етіп үйренгенімдіктен шаруашылықтың жұмысына ерте аралас­тым. Еңбек даласындағы тіршіліктен қол үзбей еңбек еттім, – дейді Күлбарам Ахмет.

Өз ісінің майталманы шаруашылық техникаларының жол қағазын жазып, жұмыс ырғағының қалыпты жүргізілуіне атсалысты. Күлбарам Нұрбайқызы осынау жылдар ішінде, әсіресе науқанда демалыссыз жұмыс істеген жан. Әрине, әйел адамға мұндай жұмыс қарқынына төтеп беру үшін табандылық, ер мінезге сай қасиет керек. Шаршауды білмей жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай қасиет Күлбарам апаның бойынан табылды. Отбасыны, үй шаруасын, балалардың бабын жасап, шаруашылықтың жұмысын қатар атқара білді. Жұмыстың қиындығына төзді. Тапжылмай бір жерде еңбек ету кейбіреулер үшін мүмкін емес секілді көрінер. Дегенмен аудандағы ірі серіктестіктің білікті маманына айнала білген Күлбарам Ахмет жұмысын аса ыждағаттылықпен, ынтамен атқарды. Адал еңбектің арқасында ұжымда беделге, абыройға ие болды.

– Адам жас кезінде шаршауды білмейді ғой, – дейді ардагерлікке жеткен Күлбарам апа. – Шаруашылықта жылдың үш мезгілінде көктем, жаз, күзде жұмыс тоқтамайды. Қызу жұмыстың ара­сында жүріп, демалысты да ұмытып кетеміз. Көктемде күріш егіп, жазда шөп, жоңышқа, бидай жинасақ, күзде күріш піседі. Барлығын қамбаға құйып алған соң, жерді келесі жылға тыңайтып, жыртып дайындаймыз. Шаруашылықтың жұмы­сында «мынау әйел» деп бөлмейді. Ерлерм­­ен бірге таңның атысы, күннің батысы бірге жүресің. Науқан кезінде жұмыс түнгі 12-ге дейін жалғасады. Өмірім шаруашылықтың жұмысымен байланыс­ты болғанына ешқашан өкінген емеспін. Қара жұмыстың иесі болғанымды мақтан еттім. Қаншама ел-жұрт еңбек етіп жүрген серіктестіктің жұмысының алға басуына жұмыс жасадым. Адал еңбектің арқасында құрметке бөлендім, сый-сияпаттан кенде болмадым, – дейді бейнетпен есейген ардақты ана.

Шаруашылықтың мықты маманы болу оңай іс емес. Шаруашылыққа жұмыс­қа қабылдап, одан әрі маман болып қалып­тасуына ел ағалары, шаруашылықты басқарған Алдаберген Бисенов, Қожахмет Молдахметов, Асарбек Тәуекелов, Бақтыбай Байсалбаев, Дархан Ералиевтің еңбегі зор болды дейді еңбек адамы. Мұнан басқа шаруашылықтағы қаншама адаммен тіл табысу – артылған сенім мен жауапкершіліктің жүгін арттыра түскен. Сондықтан Күлбарам Нұрбайқызы алдына қойған мақсатына өзінің іскерлігімен, біліктілігімен жетті.

Бір отбасының ұйытқысы болып отырған Күлбарам Нұрбайқызы жұ­ба­йы­­­мен қарашаңырақтың иесі, 4 баланы тәрбиелеп өсірген аяулы ата-әже. Балаларының әрқайсысы қазір жоғары білімді маман. Үлкендері Ержан ата-ана­сының жолымен шаруашылықта жұмыс істейді. Келіншегімен 4 немере сүйгізіп отыр. Екінші ұл – Ернұр да Астана қаласында техниканы тізгіндеген маман. Қыздары Гүлжан мен Гүлжамал мұғалімдік жолында.

Бар ғұмырын қара жұмысқа арнаған ардақты ана өткен әрбір сәтін бағалайды. Бүгінде шаруашылықта еңбек еткен жылдары артта қалғанымен, талай жылға естелік болар керемет кезеңді абыроймен өткізгеніне қуанады. Жастайынан бірге араласып, құраласқан ұжымдағы әріптестерімен бірге жұмыстың тиісті дәрежеде орындалуына атсалысқанына дән риза. Еселі еңбектің жемісі ретінде кеудесінде «Мағжан және К» – 15 жыл медалі жарқырайды.

Қазір зейнеткерлікке шықса да, Күлбарам апаға деген әріптестерінің құрметі ерекше. Өйткені ол – нағыз еңбек адамы деген атаққа лайық жан.

– Мен бақытымды қарапайым ең­бек­тен тапқан жанмын. Қатардағы зертханашы­лықтан бастап, диспет­черліктен зейнет­керлікке шықтым. Еңбек­тен ажырамай жұмыс істеп, бала-шаға тәрбиелеп өсірдім. Жұмысым өзіме қатты ұнады. Отыз жыл еткен еңбе­гімнің арқасында құрметке бөлендім. Серіктестіктің әрбір жұмысшысының лайықты марапат алуы­на атсалыстым. Осы жылдар ішінде ешқа­шан жұмыс істеуден қашқан емеспін. Сондықтан да шығар маған жұмысым тек қуаныш сыйлады, – дейді Күлбарам Нұрбайқызы.

«Еңбек бәрін жеңбек» дейді дана халқымыз. Адал еңбек тек абыройға кенелтеді. Бақытын қарапайым жұмыстан тапқан асыл анаға бейнетінің лайықты зейнетін көрсін деген тілек қосамыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
12 қараша 2024 ж. 134 0