Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елін сүйген, жерін сүйген кең аға

Елін сүйген, жерін сүйген кең аға


Адамзат баласы бір-біріне ұқсас келеді. Дегенмен мінезіне сай көркі деп қазағым тегін айтпаған болар. Иә, еліне туып өскен жеріне адал қызмет еткенге не жетсін. Дәл осылай еңбек етіп, халқының ақ батасын алған Кенжебек Баймбетов ағамыздың орыны өте бөлек те, ерекше екеніне жас та болсақ көзіміз жеткендей.
Баймбетов Кенжебек Кенжебекұлы 1939 жылы 29 қазанда Ақжарма ауылында (бұрынғы Шандайкөл колхозы) дүниеге келген. 1956 жылы Тереңөзек кентіндегі М.И.Калинин атындағы №35 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін 1956-1958 жылдары Абай (қазіргі Ақжарма) колхозында жұмыс атқарып, 1958-1964 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетін бітірген. Сырдария (бұрынғы Тереңөзек) аудандық ауруханасында дәрігер-фтизиатр болып еңбек жолын жалғастырып аудандық өкпе ауруына қарсы күрес ауруханасы ашылған уақытта осы ауруханада дәрігер қызметін абыроймен жалғастырды. Өзінің кәсіби білімін әрдайым жетілдіре отырып және аталған ауруханада бас дәрігер ретінде де жемісті еңбек жасай келе ауруларды ерте анықтау, емдеу, тексеруден өткізу, емдеушілерге арналған төсек-орын санын арттыруда көп еңбек сіңірді.

Сонымен бірге қызметімен қатар көптеген қоғамдық жұмыстар атқарып бастауыш партия ұйымының төрағасы, «Қазақ тілі » бастауыш ұйымының төрағасы қызметтерін абыроймен атқара білген ардақты ағамыз. Кенжебек ағай шыншыл, адал, әсіресе алған білімін жастардың бойына дарығанын бірінші орынға қойып отыратын. Әрине медицина саласы қазіргі заманда жақсы даму үстінде. Дегенмен, осы саланы, соның ішінде туберкулезбен күресу жолын жетік меңгерген ағамыз облыс, аудан тұрғындарына өзінің жақсы маман екенін көрсете біліп, ауданның біреуі білсе, біреуі білмес «Вангасы» атанғанын жоққа шығара алмаймыз. Дәрігерлік қызметінен бастап барлық сатыдан өтіп, өмірінің соңына дейін көптеген қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан ағамызға ғана осындай халқының ілтипатына бөленуі айтылып та, жазылып та жатуы хақ. Сондықтан да болар Кенжекең облыстағы дәрігерлер қауымына өте жоғары сатыдағы сыйлы кісі болған.
«Кенжекең жан-жақты азамат еді. Туберкулездің адамға ірі қара малдардан да жұғатынын ескеріп, аудандық ауылшаруашылық басқармасы, ветеринарлық саламен бірлесе отырып жұмыс жасады. Сол кездерде ғалым Я.А.Благдарный 148бет 1980 жылғы жинағында Қызылорда облысында етке пайдаланылған ірі-қара малдардан 1961-1967 жылдары 1,8-2,2 пайызға дейін туберкулезбен ауырған малдардың бар екенін ескерсек қаншама күрделі жұмыстар атқарылған. Мінекей, Кенжекеңді осыдан кейін қалай аудандағы туберкулезбен күрес жүргізетін орталықтың «атасы» демеске. Кенжекең медициналық кітаптарды ғана емес, әдеби кітаптарды да көп оқитын, бос уақытын бекерге жібермейтін. Қазіргі кезде өзі жоқ болса да, жинап, оқыған кітаптары бір мұражайда тұрғандай қатар-қатар арнайы жасалынған сөрелерде сақтаулы тұр. Бұл Кенжекеңнен қалған үлкен қазына, таптырмас білім-ілім көзі». – дейді Сырдария ауданының құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті қайраткері Әскербек Төрекеұлы есіне алып.
Мінекей осындай адал қызметімен,мейірімділігімен дараланған азамат Кенжебек аға Махамбетұлы денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан ерен еңбегімен үлесі ескеріліп, әр жылдары XI-бесжылдықты жақсы көрсеткіштермен аяқтағаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Лениннің туғанына 100жыл толуына байланысты, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл», облыстың 70 жылдық мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің озаты» төсбелгісімен, облыс, аудан әкімдерінің құрмет, алғыс хаттарымен қоса Елбасының ерекше марапаттауына ие болған.
Әрине ғажайып ағалар өмірден озатыны сөзсіз. Дегенмен ізбасарлары, әсіресе медицина саласындағы ағамыздың шәкірттері сара жолды жалғастырып жатса, Кенжебек ағамыздың құдай қосқан жары Айсұлу апамыз да осы саланы жетік меңгерген аяулы ана, ақылшы әже, қазіргі таңда балаларына жол сілтеп немере, шөберелерінің қызығына тоймай жақсылықтарына бөленуде. Кенжебек ағамыздың іскерлігі мен сабырлы мінезін болашақ жас ұрпаққа беріп жақсылардың жақсылықтарын айтып та, жазып та жүруді Алла нәсіп еткей.

Серік Камалов
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.
22 қараша 2018 ж. 855 0