Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйе баққан Абылай

Түйе баққан Абылай

Төрт түліктің төресі – түйе бағып, оны кәсіп етіп, табыс тауып отырған Абылай Бердібек Аманкелдіде тұрады. Жас жігіттің түйе шаруашылығын қолға алғанына біршама уақыт болған. Әдепкіде әкесі Жұмабек мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін бастап төрт түлігін сайласа, уақыт өте шаруаны одан әрі дамыта түседі.

2023 жылы жас түйекеш «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алып, сүт бағытындағы түйе сатып алады. Несие кепілмен алынса да, тиімділігі бар. Яғни екі жыл үзілістен соң ғана тиімді пайыз­бен төлене бастайды. Осы күні аманкелділік кәсіпкер түйе сауып, шұбат өндіріп, ет бағытында да кәсібін дөңгелетіп отыр.

Түйе малын өсіру арқылы аграрлық салаға қан жүгірткен түйекеш ойсылқара тұқымын өсіруге мықтап кіріскен. Суыққа төзімді, шөлге де бейімді төл қорада емес жайылымда жүретіндіктен аса күтім мен бапты қажет етпейді.

– Ауылда туып өскен соң мал шаруашылығы бізге етене таныс. Қорамыз малдан босаған емес. Әкемнің берген бағыты бойынша түйе бағып, оның өнімінен табыс тауып отырмыз. Жыл он екі ай түйе сауып отыру үшін мал басын көбейттік. Қазір бізде сүт, шұбат, ет үзілмейді. Күнделікті келіп сатып алатындар мен тапсырыс беретіндер көп. Алушылар шұбаттың адам ағзасына пайдасы мол болғандықтан үздіксіз тұтынуға асығады. Шын мәнінде түйе шаруашылығын дамытуға күшімізді салып, еңбектеніп келеміз, – дейді Абылай Жұмабекұлы.

Мамандығы электрик Абылай төрт ағайынды. Шаруаға қолдауын білдіріп отырған әкесі мен бауырлары бар. Анасы түйе сауады. Абылай да анасына көмектеседі, ол да түйе саууға машықтанған.

Жаз мезгілінде үш мезгіл, күз, қыс айларында екі мезгіл сауынға келетін аруаналар қорадағы ботасына асығады. Күніге 10 шақты түйе сауатын Абылайға анасы көмектесіп, сауын кезінде жұмыла түседі. Сүті қою, шұбаты дәмді сусын күніне 15 литрге дейін сауылады екен. Түйекештің айтуынша түйе бағу аса шығынды қажет етпейді. Өрісте жүретін түліктің жүні де кәдеге жарап тұрғандықтан, көктемде жүн қырқып, оны өндіріске жібереді. Жалпы ондаған түйенің арасында асауы жоқ екен. Жуас аруаналар қолға үйретілген. Бауырына адамды жатырқамай жақындатады. Дегенмен шаруа иесінің айтуынша түйе сүтіне сұраныс көп болғанымен, етінің бағасы әлдеқайда төмен. Келісі небәрі 1800-2000 теңге аралығында. Көбіне қыстың күні түйе етіне деген сұраныс артады. Аса өсімтал болмағанымен, шығымы аз, күтімі жеңіл қазақы түйе жантақпен, жусанмен қоректенеді. Далалық жерде жата беретін, азығын иен даладан табатын түйе нағыз маңғаз жануар.

– Түйе ботасын 13 ай көтеріп, төлдейді. Екі жылда бір мәрте боталайды. Мына боталар көктемде туылғандар. Негізінен сауынды түйені аруана дейді. Олар бір өркешті келеді. Ет бағытындағылар ірілеу, екі өркешті болады. Түйе жүні өте бағалы. Оның жүні жеңіл болғандықтан киімі де, көрпелері де сұранысқа ие әрі жылуды сақтайды. Түйе жануарын «мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – ет, жүні – киім» деп бекер айтпаған ғой, – дейді кәсіпкер.

Маң-маң басқан жануар қазақпен бірге жасап келе жатыр. Сондықтан ауыл баласына түйе шаруашылығы қиындық келтірмейді, қайта қолайлы көреді. Ауыл шетіндегі түйе бағатын Жұмабек ағаның еңселі үйінің маңында қоршалған жайылымдық жер бар. Сонда ойсылқара түлігі жа­йылып жүр. Ауыл сыртындағы өрісте де сексеуілдің басын отап жүрген, алыстан көрінген де Абылайдың түйелері. Қандай ғажап көрініс! Ауылдың қарапайым қарадомалақ баласы мал басын көбейтіп, шұбаты мен етін нарыққа шығарып, тұқымын көбейтіп жатқаны қуантады. Бағуға қолайлы, тұрмысқа ыңғайлы түйе шаруашылығын дамытуға бел байлаған жас түйекештің еңбегіне көзің тояды, риза боласың.

Бибісара ЖАНӘЛІ

26 тамыз 2025 ж. 171 0