БЕТБҰРЫС БАР
Биыл аймақ бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы. Ауылда бұл салаға деген бетбұрыс бар. Зейнеткер Қыдыркүл Қашақова, келіні Жансая Жаппасовамен бірге жеті түйе сауып, шұбат дайындайды. Денсаулық үшін пайдасы зор өнімді тұтынушылар қаладан, аудан орталығынан, ауылдан келіп өздері алып кетеді. Қыдыркүл апайдың түйе шаруашылығынан бай тәжірибесі бар. Өйткені, отағасы Ә.Жөнеров саналы ғұмырында шаруашылықта түйе бақты. Балаларына бас-көз болып отырған кейуана оларға тиісті ақыл-кеңесін береді. Келініне түйе сауысады. Шаңырақтың иесі, кенже ұлы Қанат Жөнеров биыл ауыл шаруашылығын дамыту қорынан 2,5 млн теңге несие алып, үш түйе сатып алды. Қора-қопсысын кеңейтіп, қажетті мал азығын жеткілікті түрде жинап алған.
– Кәсіпкерліктің арқасында бала-шағаммен бірге адал еңбегімізді сауып, жақсы өмір сүрудеміз. Жақында облыс, аудан ардагерлерімен бірге Астана қаласына барып, саяхаттап келдім. Аудан әкімдігіне, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді Қ.Қашақова.
Сондай-ақ Іңкәрдария ауылында Айбек, Нұрбек, Нұрлыбек есімді ағайынды жігіттер сүт бағытындағы 10 бас сиырды күтімге алған. Қора-қопсысы да жақсы жөнделген, жем-шөбі де жеткілікті көрінеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
Пікір 2