Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата кәсіпті жандандырған

Ата кәсіпті жандандырған

Қазақта «Аттың атағы, түйенің табаны үлкен» деген сөз бар. Шындығында, төрт түлікпен айналысатын шаруаның табысы ортайған емес. Мәселен, Айдарлы ауылында ірі қараның ішіндегі төресі саналатын түйені өсіруге ден қойған Руслан Шайхсламов деген жас кәсіпкер бар. Түйекеш  жігіт 2 боталы түйе алып, ауылдағы ағайынды шұбатпен қамтамасыз етіп отыр.

Айдарлылық жас кәсіпкер өткен жылы  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде грант ұтып алған. Негізгі жобасын мал шаруашылығына ар­наған белсенді жас осыған дейін төрт түлікті бағумен айналысқан.

Руслан Шайхсламов 4 ағайынды. Түйе бағу ісін ілгерілетуге оның бауырлары қолғабыс етеді. Күніне 2 рет сауылатын түйе сүті – дертке шипа. Осы күні біршама ауыл тұрғынының сұранысын қанағаттандыру мақсатында жас кәсіпкер төл басын көбейтуге барын салуда. Бұл ретте жеке кәсіпкер тұтынушыға түйе сүтін нарық бағамы бойынша 1000 теңгеден  сатуда.

– Осы кезге дейін сан түрлі бағытта жұмыс іс­теген болатынмын. Вахталық жұмыспен күнкөріс деңгейін жақсартуға тырыс­тым. Бос уақытымда ірі қара мен уақ малды бағумен айналыстым. Жалпы, мал шаруашылығы – отбасының берекесін кел­­­­тіріп, табысты еселеуге таптырмас мүмкіндік. «2021-2025 жылдар­­ға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 1 225 200 теңге грант иегері атанып, түйе бағудың қыр-сырына қанықтым. Айрықша күтімді қажет етпейтін ойсылқараның төлі Айдарлы ауы­лының  ауа райына төзімді болып келеді. Осы уақытта түйені бураға түсіру қолға алынуда. Алдағы уақытта кәсібімді  барынша кеңейту ойда бар, – дейді жас кәсіпкер.

Еңбекпен есейген Руслан Шайхсламов – көп­балалы әке. Зайыбы Жәмила Сейдіуәлиева екеуі осыдан 8 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда ерлі-зайыпты 4 перзентті тәрбиелеп отыр. Үнемі үй шаруасын дөңгелетіп әкететін Жәмила Құдай қосқан қосағына тілеулестік білдіріп отырады. Қара жұмыстан қашпайтын жас кәсіпкер жүздеген ірі қараны бағатын түйекешке айнал­ғысы келеді. Ол  үшін аянбай еңбек ететін Рекең кәсібін кеңейте беруді мақсат етеді.

 Негізінен, әуелден қолға үйретілген қазақ түйесі шөлге төзімді болады. Бота анасын 18 ай еміп, жетіледі. Түйенің өмір сүру ұзақтығы 30-35 жасты құрайды. Елімізде қолға үйретілген айыр өркешті түйе жиі кездеседі. Түйе сүтінің майлылығы сиыр сүтінен едәуір жоғары болады екен. Түйенің шудасы өте қымбатқа бағаланған. Бұл ретте түйе бағуды қолға алған жас кәсіпкер оның пайдасын барлық жағынан көрмек. Мәсе­лен, мамық жүнін тоқыма өндірушіге, еті мен сүтін халыққа ұсынуға болады. Түйе жүнінің 85 пайызы бағалы әрі таза болып саналады.  

– Айдарлы ауылында 1627 тұрғын бар. Ын­тымағы жарасқан ауылда жұртшылық мал ша­руашылығымен тұрақты түрде шұғылданады. Біз кәсіпкерлік саласын өркендетуге күш салып келеміз. Бүгінде ауылымызда 118 жеке кәсіпкер бар. Өткен жылы 13 адам «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша грант ұтып алды. Руслан секілді жас­­тар кәсіп ашуға ниеттенсе, әрқашан қолдауға дайын­быз. Бірнеше ай көлемінде түйе баққан жас кәсіпкердің еңбегі жемісті болсын, – дейді Айдарлы ауылының әкімі Айбол Ержанов.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 ақпан 2023 ж. 200 0