Ойсылқараның орны бөлек
«Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан» түйе жарықтық түздің сәні ғой. Бәрінен де оның шұбатының емдік қасиетін айтсайшы?! Мың бір ауруға ем.
Бұрынғы кезде түйе шаруашылығына онша мән берілмесе, бүгінде оған деген көзқарас түзу. Бірыңғай осы саламен айналысып, кәсібінен береке тауып отырғандар да баршылық. Бұрынғы кезде деп отырғанымыз кеңес үкіметінің дәуірі ғой. Ол уақытта басқа түліктерге көзқарас түзу болғанымен, ондай қамқорлықтан түйе шарушылығы қағажу қалды. Оны мына бір фактіден байқауға болады. Бір шаруашылықтың түйесінің 50 проценті өлім-жітімге ұшырапты. Сөйтсе онда небәрі 2 түйе ғана бар екен.
Шүкір қазір ойсылқараға деген ниет түзу. Аудан бойынша 1331 түйе бар. Соның ішінде Бесарық ауылында «Сарғали» шаруа қожалығы түйе шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді. Бесарықта 30-40 жыл түйекеш болған Сарғали Нұржановтың жолын баласы Төребай жалғады. Қазіргі таңда бағымында 85 түйе бар. 2019 жылы бұл шаруа қожалығы 25 тонна шұбат өндіріп, қалаға өткізген.
Түйекеш Т.Нұржанов Бесарық ауылының кіреберісіндегі «Сарғали» қыстауында түйе шаруашылығын өркендетіп отыр. Бұл әулет – текті атаның ұрпағы. Сарғали ағамыз атақты ғалым Мұхамеджан Қаратаевтың немере інісі болатын.
Сарғали аға мен Сахан апа он бір баланы дүниеге әкеліп, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасады. Қыздарының алды Астанада министрліктерде, республикалық комитеттерде жұмыс жасайды.
– Сахан апа өткен ғасырдың 90 жылдарының орта шенінде ауылға келген Сара Алпысқызына жүні үлпілдеген аппақ бота сыйлады. Бұл көрініс әсерлі болғандықтан жадымда жатталып қалыпты. Әке жолын қуған Төребай – мырза жігіт. Ауылға инвесторлар келгенге дейін түрлі шаралардың демеушісі болды. Қазіргі таңда ауылда түйе шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып жүр, – дейді ауылдың белсенді азаматы Жұмабай Әубәкір.
Берекелі Бесарықтан кейін Сәкен ауылында түйе шаруашылығы бар. Оны дамытып отырған жеке кәсіпкер – Бөлеген Рахмет. Бағымында 20 түйесі бар. Өткен жылы 3 тонна шұбат өндірген. Бұл емдік қасиеті мол сусынды ауыл халқы тұтынған.
«Түйе – байлық, қой – мырзалық, жылқы – сәндік» дейді халық даналығы. Аудан шаруалары осындай байлық көзін елдің пайдасына қарай ыңғайлайтын болса, одан екі жақтың да ұтатыны анық. Сондай-ақ «Сиырлы кісі – сыйлы кісі, түйелі кісі – күйлі кісі» деген де қанатты сөз бар. Бұдан ұғатынымыз сиыр мен түйе, басқа да түліктерді ұстаған адам бай болып, мұратына жететіні.
Түз кемесі саналатын түйе жарықтық ата-бабаларымызға күш-көлік ретінде қызмет жасады. Бүгінде одан өндірілетін шұбат емдік қасиетімен сұранысқа ие болып отыр.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ