Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйенің бабын тапқан Гүлсара

Түйенің бабын тапқан Гүлсара

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдарияда төрт түліктің төресі түйе асырайтын жандар баршылық. Шөлге төзімді жануарды баптайтын ауыл тұрғындары сүтін емге, етін жеуге, жүнін кәдеге жаратып келеді. Кезекті ауылдағы сапарымызда іңкәрдариялық Гүлсара Қоянбаевамен түйе бағудың ерекшеліктері жайында пікірлестік.

Берекелі ауылға осыдан 9 жыл бұрын келін болып түскен Гүлсара Асанқызы күніне 6 түйе сауады. Ол – Арал ауданының тумасы. Іңкәрдариялық Алмас Сахитжановпен отау құрған жас келіншек алғашқыда түйе бағуға жүрексінеді. Екінші анасы Зоя апаның үйретуімен түйе бағуды жетік меңгереді. Не­гізінен, түйе екі жыл бір рет боталайды. Мәселен, 3-4 жыл бұрын туған боталар осы күні алғашқы рет төлдеуде. Тәулігіне бірнеше рет сауылатын түйе сүтінен ашытылып қымыран жасалады. Қымыранды ауыл тұрғындары емдік қасиетке жиі пайдаланады.

– Түйенің жасына қарай еті 25-30 келіге дейін тартады. Жалпы, 12 бас түйені өріске жіберіп, барынша баптау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Түйелер жаңа туған ботасы аурушаң жарамсыз күйде туылса, өздері теуіп өлтіріп тастайды. Түйелерге де арнайы ем-дом жасалады. Қатпа дертіне шалдыққан малға міндетті түрде дәрі-дәрмек беріледі, екпесі салынады. Бұл төрт түлік түрінің ерекшелігі адам жатырқайды. Иесіне үйренісуі қиын. Адамды талғап сауғызатын түйелер де жеткілікті. Оның жүнін жылына бір рет қырқып алып, көрпе-көрпеше істеуге қолданамыз. Сүтінің құнарлығы жоғары, – дейді түйекеш Гүлсара Асанқызы.

Айта кетейік, түйе асырайтын әрбір отбасында түрлі қиындықтар кездеседі. Барлығы да ата кәсіпті жандандыру үшін барын салып әлек. Пандемия уақытында қымыранға сұраныс жоғарылады. Адам ағзасын қалыпқа келтіріп, күш-қуат беруге көмектеседі. Осындай сауапты іспен айналысып отырған Гүлсара Қоянбаеваның ісіне береке берсін демекпіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
03 тамыз 2021 ж. 479 0