Алты ауылды аралады
Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев аудан орталығынан шалғай жатқан Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді елді мекендерінің тыныс тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, аудан орталығына жақын орналасқан Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылдарына да барып, әлеуметтік нысандарды аралады, ауыл активімен кездесті.
– Елді мекендерді аралаудағы басты мақсатым – ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Сол арқылы алдағы жоспарымызды бекітіп, бірлесе жұмыс жасағанда зор жетістікке жететініміз анық. Бұл ретте, Мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық екенін атады. Осы орайда, халықты баспанамен қамту мәселесі алдыңғы қатарға қойылған. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асыру көзделіп отыр. Ал аграрлық секторда дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аударылатын болады. Осының барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Аудан халқы, оның ішінде елді мекен жұртшылығы осы мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіппен айналысуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Елді мекендерді аралағанда ауыл ақсақалдары аудан әкімінің жұмысына табыс тілеп, баталарын берді. Өз кезегінде аудан басшысы карантиндік талаптардың сақталуына ауыл қариялары көмек көрсететініне сенім білдірді.