Ырысы ортаймаған ақ Шаған

– Нұғыман Жанғабылұлы, аудан бойынша көлемі жағынан ең үлкен ауылға жетекшілік жасаудың өз алдына қиындығы бар екенін жақсы білеміз. Ең алдымен, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтасыз ба?
– Бүгінде Шаған ауылдық округіндегі 815 отбасында 4504 халық бар. Оның ішінде, экономикалық белсенді халық саны 1980 адамды құрайды. Елді мекенде 12 тыл ардагері, 399 зейнеткер, 138 мүмкіндігі шектеулі азамат, 97 «Алтын алқа», 110 «Күміс алқа» иегері тұрады. Ауылдағы жастар саны – 1260-і құрайды. Негізінен, ауыл әкімінің аппараты, мектеп-лицейі, әуез мектебі, спорт мектебі, 3 балабақша, ауылдық дәрігерлік-амбулатория, мәдениет үйі, кітапхана, «Қазпошта» бөлімшесі, телефон байланысы, ветеринариялық пункті мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта барлық сала бойынша ауқымды жұмыс жүзеге асырылуда. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласында тиісті іс-шаралар жүзеге асуда. Мемлекеттік саясатты іске асыра отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барымызды саламыз. Жыл көлемінде салық түсіміне аса мән беріліп, жоспарлы межені орындауға жұмыс жасаймыз. Жалпы ауыл халқының басым бөлігі әлеуметтік саламен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс жасайды. Есепті кезеңде 1 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Қоғамдық ақылы жұмысқа 71, «Күміс жас» жобасымен 3 азамат жұмысқа жіберілген. Әлеуметтік жұмыс орнына 1 азамат, жастар тәжірибесіне 2 азамат барған. Ауылымызда тұрақты түрде қайырымдылық акциясы және мерекелік іс-шаралар кеңінен аталып өтіледі. «Шаған Жер» ЖШС-і, ауыл көлеміндегі мекемелер, жеке кәсіпкерлер және ауылдық мешіттің демеушілігімен қазіргі уақытқа дейін 175 отбасына азық-түлік, киім-кешек, мектеп құрал-жабдықтары және қаржылай негізінде көмек көрсетілді.
Айта кетейік, елді мекенде бюджет көзін тарта отырып, көшелерді жөндеу, электр бағанасын орнату, газ желісін жүргізу бойынша жоспарлы жобалар кезең-кезең бойынша іске асуда.
– Шаған ауылы – Сыр салысын егумен аты көкке өрлеген қасиетті мекен. Бүгінде ауыл шаруашылығы бағытында қандай жұмыс атқарылуда?
– Ауылымыздың экономикалық мамандануының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Шаған ауылдық округінде 32 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Есепті кезеңде егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың өнім көрсеткіштері жоғарылауда. «Шаған Жер» ЖШС секілді ірі және шағын шаруашылықтар Сырдың басты дақылын егуде барынша тәжірибеге иек артуда. Сонымен қатар мал басын өсіру, оның өнімін өндіру бағытында жүргізілген жұмыс нәтижесі айтарлықтай жақсы. Жалпы 2710 бас мүйізді ірі қара, 1683 уақ мал, 1713 бас жылқы, 27 бас түйе және 924 құс тіркелді. Ауылдық округ бойынша 3 гектар қосымша жер ашылған. Картоп, көкөніс, бақша дақылын ұжымдық түрде егу үшін «Қожабек» алма бағы мен Қызылқұм жер учаскелері дайындалуда.
– Кәсіпкерлік саласындағы елеулі жұмысты кеңінен тарқатып айтсаңыз?
– Елді мекен бойынша 225 кәсіпкерлік субъектісі бар. Жалпы белсенді халық санындағы кәсіпкерлердің үлесі 13,5 пайызды құрайды. Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы, «Кең дала» бағдарламасы, «Ауыл аманаты» жобасына, мемлекеттік грантқа азаматтарымыз құжат тапсырып, жеке кәсіптерін қаржыландыру үстінде. Әрине, шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлеріміз табыс көлемін арттырып, халық игілігіне жұмыс жасауда.
– Елді мекенде санитарлық көркейту-көгалдандыру жұмысы қаншалықты жүзеге асуда?
– Елді мекеннің санитариялық тазалық жұмысы және көркейту-көгалдандыру бойынша ауылдың ішкі аяқсу лотоктары мен көшелері толығымен тазаланып, ауылішілік көшелердегі талдарды кесіп, өңдеп әктеу жұмысы жасалды. Елді мекенде көше тазалығы күнделікті жүргізіліп отырады. Елді мекендегі көшелерге орнатылған аншлагтарға, электр бағанасы тұрақты түрде сырланады. Қашанда елді мекенді таза ұстау – басты міндетіміз. Әр апта сайын сенбілікке шығып, мекеме қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына зор үлес қосуда.
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ