Адал еңбек пен көркем жүректің иесі

Еңбек жолын алғаш 1991 жылы аудандық аурухананың «Жан сақтау» бөлімшесінің кіші буын қызметкері болып бастаған. Адам өмірінің әр секунды маңызды жерде жұмысын атқарып, науқастардың жағдайын жасап, күтім көрсеткен. Қызметіне деген жанашырлығы мен адалдығының арқасында мекеме, аудан көлемінде «Алғыс хатпен» марапатталған. Сан түрлі оқиғаның куәгері болған жан бұл бөлімшеде 20 жылдан аса жұмыс істеп, адам өміріне араша бола білген.
– «Жан сақтау» бөлімшесінде қызмет атқарғанда көптеген ауыр жағдайлармен қатар ғажайып, қуантарлық жайттардың куәсі болдық. Адам өмірінің қыл үстінде тұрғанын көру бастапқыда жаныма қатты батты. Бірақ уақыт өте келе оған да етіміз үйреніп, барынша жақындарына қолдау көрсетіп, науқасқа қолымнан келгенше күтім жасадым. Кешкі кезекшілікте жәрдем беріп, бақылауда болған науқас ертесі өмірден өткенін білгенде «үстімнен мұздай су құйып жібергендей» күй кешемін. Бұны өз көзіңмен көру өте ауыр. Бұл бөлімшеде әр минут маңызды болғандықтан ең алдымен шапшаңдық пен сабырлылық бірінші кезекте болуы керек. Сондықтан мен үшін әлі күнге дейін ең маңызды нәрсе жауапкершілікпен қатар жылдам қимылдау, – дейді Гүлнар Төлебайқызы.
Ақ халатты абзал жандардың қасында жүріп біршама тәжірибе жинаған еңбек адамы қазіргі таңда аудандық емхананың «Әкімшілік» бөлімінің қызметкері. Бұл саланың басы-қасында жүргеніне 30 жылдан асқан қайсар жан – Тереңөзек кентінің тумасы. 1984 жылы өмірлік серігі Талғат Кейкіұлымен бас қосып 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. 15 жыл бұрын өмірдің шырғалаң сәті қайсар жанды айналып өтпей қоймады. Арқасүйер жанашыр жолдасы дүниеден өтіп, бүгінгі күнге дейін балаларын өзі жеткізген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана – 8 немеренің әжесі. Үлкені Мейрамбек пен келіні Айзададан сүйген бес немере әжесінің көз қуанышы. Ал қызы Гүлфайруз бен күйеубаласы Әбубәкірден үш жиен немеренің қызығын көруде. Кіші ұлы Ұлан медицина саласын таңдап, қазіргі таңда оқуын аяқтауда. Отбасында да, қызмет жолында да әрдайым белсенді бола білген абзал жан, көптеген іс-шараларға емхананың абыройын қорғау үшін қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Еңбек жолының 20 жылы «Жан сақтау» бөлімшесінде, қалған 14 жылдан астам уақытын аудандық емханада өткізген. Қызметіне деген жауапкершілігінің арқасында мекеменің шаруашылық аяжаны қызметін де абыроймен атқарған. Қазіргі таңда денсаулығына байланысты соңғы екі жылдан бері кіші буын қызметкері болып жұмыс істеп келеді. Бірнеше жыл бұрын халықты қан қақсатқан «COVID-19» жұқпалы вирусының кеңінен таралған шағында батылдығымен көптеген науқасқа көмек қолын соза білген.
– «COVID-19»-дың кезінде «Жан сақтау» бөлімшесінде екі жыл жұмыс істедім. Күндізгі және түнгі ауысымға кезек-кезек түсіп, дәрігерлердің көмекшісі бола білдік. Жаны қысылып келген науқастардың қатары өте көп болды. Сол вирустың салдарынан біршама адам өмірден өтті. Медицина қызметкерлерінің жұмысы қарбалас екені мәлім. Осындай ауыр жағдайда ақ халаттылардың қадірін етене түсінесің, – дейді сала қызметкері.
Осындай ауыр кезеңде мойымай, адам өмірінің арашасы болуға атсалысқан Гүлнар Қаранеева түрлі деңгейдегі«Алғыс хаттармен» марапатталған. Сонымен қатар Рүстем Садықов, Абдулла Арғынбаев, Болат Мырзахметов, Раиса Анасова, Нұргүл Мұхамбетжанмен бірге жұмыс істеген. Сала бойынша көптеген марапат иесі атанған қызметкер Сырдария ауданының 90 жылдығына орай «Ауданның әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталған. Еңбегі еленіп, жұмысында абыройы артып жүрген Гүлнар Төлебайқызы – нағыз еңбек адамы. Алдағы қызметіне сәттілік пен отбасына амандық тілейміз. Жас буынға үлгі, ортаңызға сыйлы болып жүре беріңіз!
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ