Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал табыс – тәрбие бастауы

Адал табыс – тәрбие бастауы

Қиын-қыстау заманда бала-шаға қамы үшін бастаған кәсіп әлі күнге дейін нанын жегізіп жүр. Өмірдің шырғалаң сәтінде мойымай бас көтерген, А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны – Тынымкүл Молдабекова қазіргі таңда қарттық жасына қарамастан сүт өнімдерін сатып, кәсібін дөңгелентіп отыр.

Өмірінің тең жартысын сауын­шылыққа арнаған Тынымкүл апамыз 1960 жылдың 16 шілде күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мектеп жасынан анасы мен әкесінен айырылған ол қаладағы 1-Май мектеп-интернатында тәрбиеленген. Интернаттан 8-сыныпты бітіріп, №69 училищеге оқуға түскен. Оқуда жүріп, 1976 жылы Асқар Тоқмағамбетов ауылына егін жинауға барады. Сол жылдары жолдасы Асқарбек Махановпен танысып, 1977 жылы шаңырақ көтереді. Жұбайы Асқар Тоқмағамбетов ауылында механизатор болып қызмет етсе, апамыз мал шаруашылығы мен үй тірлігін қоса алып жүрген. Отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Қыздарын ақ батасымен ұзатып, ұядан ұшырған, қазіргі таңда әрқайсысы бір-бір үйдің ошағын ұстап отырған ана. Төрт бала-шағасынан он төрт немере сүйіп отырған апамыз әлі күнге дейін бақуатты.

Ағарған сүт сату кәсібін 1995 жылы бастаған. Аталған жылы қиын-қыстау, құлдырау заманы болған. Бала-шағаның қа­мы үшін ауыл тұр­ғын­дарынан сүт жинап, сатып алып қалаға апарып өткізіп күн көрген. Өзінде де сауынды малы болған. Оның барлығын өзі сауып, сүтін сатқан. Тынымкүл апа қиын заманнан да өт­кенін айтып, то­қырау, құлдырау кез­де бастаған кәсібінің әлі күнге дейін жұмысы жалғасып келе жатқандығын, тұрақты сатып алушылардың сұранысы артқандығын баяндады. Бала-шағаны сүт сатумен асырап, оқытып-тоқытып жеткізгендігін де атап өтті.

– Менің кәсібімнің екі жағы болды. Біріншісі – құлдырау кезі, екіншісі – молшылық кез. Осы молшылық кез 2008, 2009, 2010 жылдары болды. Бұл кезде мал басы жақсы көтеріліп, күніге сататын сүт мөлшері 150 литрге дейін жетті. Күнара 150 литр сүтті қалаға көлік жалдап апарып, өткіздім. 2009 жылы қыркүйек айында жолдасым жүрек ауруынан қан қысымы көтеріліп, дүниеден өтті. Басыма түскен қиыншылықты еңсеріп, кә­сібімді де тоқтатпай, әлі күнге дейін сүт сатумен айналысып келемін, – дейді еңбеккеш жан Тынымкүл Қалиқызы.

Тынымкүл апа жастайынан спортқа бейім болған. Тіпті кейбір спорт түр­лерінен жүлде алған. 1975-1977 жыл­дары баскетбол, волейболдан жетіс­тіктері бар, 1972 жылы артспорт түрінен халықаралық турнир жүлдегері атанады.

Ардақты ана бейнетімен қатар қайырымдылықпен де айналысады. Бірақ ол жайлы айтуды жөн көрмейді. Ауылдастарының айтуынша, жылда жағ­дайы төмен бірнеше отбасыны 2-3 жыл бойы сүт өнімімен қамтамасыз етіп, қар­жылай да көмек беріп, жағдайын жақсартуға көмек көрсеткен. Әлі де тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып тұрады.

Қазіргі таңда Тынымкүл апада мал санынан 12 бас ірі қара, 1 бас жылқы бар. Әзірге 2 сиыр сауып отыр екен. Қарттық жасына қарамай өз тірлігіне бейім апамыз сиырды әлі күнге дейін өзі сауады. Сол екі сиырдан шыққан сүт пен тағы 2 үйден сүт сатып алады. Осы күні күн сайын 40-50 литрге дейін сүт өнімін қалаға апарып өткізіп жүр. Әлі де төлдейтін төрт түлігі бар. Сатуға шығаратын сүт өнімдерінің қатарында айран, қатық, құрт, май, ірімшік, сүзбе де бар. Бұл аталған сүт өнімдерінің барлығын шебер аспаз өзі қолдан дайындайды. Қарт ананың бұл еңбегі таза адал маңдай тер десек артық айтқанымыз емес.

Жасы 65-ке келген еңбек адамы «болдым», «шаршадым» демейді, сон­дай еңбексүйгіш қасиетімен де ауыл­дастарының арасында сыйлы, құрметті. Тынымкүл Молдабекова 2022 жылы ауылдың әлеуметтік-эко­номикалық дамуына елеулі үлес қосып, белсенді жұмыс жасағаны үшін ауыл әкімінің «Қайратты ана» дипломымен марапатталды.

Осындай таза маңдай тердің еңбегі еш кетпейді. Жасаған кәсібі арқылы жастарға адал еңбектің наны тәтті екендігіне көз жеткізуге болатынын айтады. Тынымкүл апаның сүт сату, сиыр сауу кәсібінде жүргеніне биыл 30 жыл болыпты. Осы жылдар бойы өмірдің қиын кезеңі мен жақсы кезеңін бастан өткерсе де кәсібін жарты жолдан тастамай алып жүргені ерлікпен пара-пар.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
01 наурыз 2025 ж. 59 0