Ауылдың өркендеуінде жарқын қолтаңбасы бар

Сәбит Қыдырбаев 1951 жылы 13 қаңтарда Тереңөзек ауданындағы С.Сейфуллин атындағы ауылда дүниеге келген. Алдымен ауылдағы мектепті, 1968 жылы Тереңөзек қыстағының орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепті бітіреді. Ол кезде ауыл балалары облыс орталығына барып оқи бермейтін, бірден еңбекке араласатын. Ал Сәбиттің жолы басқаша болды. Ол Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумға оқуға түсіп, құрылысшы мамандығын алады. Бұл жерде қанша қиындыққа қарамай 2 ұл, 3 қызын қанаттыға қақтырмай өсірген, бәрінің орта және жоғары білім алуына себепші болған анасының еңбегін айта кетуіміз керек.
Сәбит Әнешұлы 1971-1973 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын орындады. Бұл әскери қызмет қана емес, екінші өмір мектебі болды. ХХ ғасырдың үлкен құрылыстарының бірі «Байкал-Амур» теміржол магистралын салуға қатысып, аға жол шебері «нормалаушы» болды.
Елге келгеннен кейін бірден еңбекке араласып кетті, ХХІ партсъезд атындағы совхозда құрылыс шебері әрі қойма меңгерушісі болды. С.Сейфуллин атындағы совхоз ашылып, оның орталығының құрылысы жүре бастағаннан жаңа шаруашылыққа ауысып, мамандығы бойынша жұмыс жасай бастады. Ол кезде күріш совхоздарына қатты мән берілетін. Егістік жер түгелдей инженерлік жүйеге келтіріліп, су жолдары мен оның құрылыстары жүргізілді. Ал ауыл құрылысшыларына да жұмыс аз емес еді. Тұрғын үй, кеңседен бастап ірілі-ұсақты ғимараттар салынды, оның әрқайсысында Сәбит ағамыздың қолтаңбасы бар.
1978 жылдан бастап прораб болды. Содан 17 жыл бойы шаруашылықтың бүкіл құрылыс жұмысына басшылық жасады. Бұл жемісті жылдар еді. Қазіргі жасыл жапырақты, көрікті Сәкен ауылы осы кезеңде қалыптасты. Жалпы ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Кеңес одағының ең дамыған кезеңі еді. Елде бұрын-соңды болмаған ғылыми және техникалық жетістіктер жүзеге асса, ауылдың өзінде сол заманға сай ғимараттар, адамдардың талғамынан шығатын үйлер салынды. Бұл 60-жылдардың үстінде дүниеге келген ұл-қыздардың балабақшаға барып, көпқабатты, сәулетті мектепте оқып, мәдениет үйінде өнерін шыңдауға мүмкіндік берді. Қарап отырсақ, осы ауылдан шыққан қазір жасы 60-тың үстіндегі азаматтардан ғалымдар, өнер адамдары, мемлекет қызметкерлері көп шығыпты. Олар Сәкең сияқты аға буынның өздеріне әсерін, еңбегін көп айтады.
Өмір күнде той емес, ол еңбектенуден, ізденуден, жиі кездесіп отыратын қиыншылықтарды жеңуден тұрады. Сәбит Әнешұлы жоғары экономикалық білім алып, 1995-1998 жылдары совхоздың бас экономисті болды. Жүзжылдықтың соңында қоғамдық қатынас түгел өзгерді. Өтпелі кезең – өліара шақтың бүкіл қиындығын көрген де, елді бүлінуден аман алып қалған да – осы кісілер. Мінезі момын, кісіге қатты сөз айтпайтын Сәкеңде «мен мынаны жасадым» деген сөз, «сендерді өсірген біз» деген көкірек керушілік болмады. Ақырын жүріп, анық басты. Адамдарға не керек болса, сол жолда еңбек етті.
Сол кезде егіншіліктің жағдайы ауыр еді және түрлі құрылыс болды. «Шапағат ЛТД» ЖШС-і Сәкен Сейфуллин ауылының егістік жерін алып күріш еккен жылдары өзінің бұрынғы мамандығына қайта ауысып, аға прораб техника қауіпсіздігі инженері болып жұмыс жасады.
Сәбит Әнешұлы салған құрылыстар – шаруашылық кеңсесі, қойма, монша әлі ауыл тұрғындарының қажеттілігіне жарауда. 5 жыл совхозда қыш шығартқызды, технология дамыған бүгінгі күні оны ауылда жасау оңай емес. ММО бөлімін қолына алып, «Қараөзек» өзенінен су жеткізіп, елдімекен маңындағы көлдерге жан кіргізді. Сол кезде техниканы басқа жақтан жалға әкелгені де есімізде.
Сәкең ауылға ғана емес, ауданның өркендеуіне де үлес қосты. Соған бір-ақ мысал келтірейін. Сол кездегі «Казсельхозтехника» мекемесінің бастығы Карл Жайлауов екеуі Запорожье облысының Бердиянск қаласында 10 күн жүріп, 30 «Т 150» тракторын Харьковте құрастырып, Қызылордаға әкелді. Бұл кеңестік кезең еді.
Сәбит ағамыз екі қоғамдық құрылысты, екі ғасырды көрді, еңбек етті. Кейде өткенге балта шабатынымыз да бар. Бұл дұрыс емес, себебі Сәкең сияқты мыңдаған азаматтардың еңбегін, өмірге әкелген жаңалығын, жасаған жақсы істерін жоққа шығаруға болмайды. Аман болыңыздар, асыл ағалар!
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі