Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІРЗАҚ БЕДЕБЕКОВ СПОРТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

ӨМІРЗАҚ БЕДЕБЕКОВ СПОРТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

1956 жыл еді. Ол кез біздің мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған кезіміз. Біз мектеп бітірген жылы қордайлықтардың бастамасымен «Туған ауылда қалып еңбек етейік» деген бастама көтерілді. Сол бастаманы біз де қолдадық. Тереңөзек ауданындағы Калинин мектебін бітірген жастар түгелдей ауылда қалып, әр салада еңбекке араластық. Мен құрылыс саласында еңбек еттім.
Бір күні үйге Қойшыбаев Амантай келді. Екеуміз шұрқырасып, табыстық. Бір-бірімізді мектеп бітіргелі көріп тұрғанымыз. Келген жұмысын айта бастады. Облыста спартакиада өтпекші екен, соған спорттың барлық түрі бойынша ауданнан команда барады. Менен жарысқа «қатысасың ба?» деп сұрады. Мен келісім бердім. Сонымен ұмытпасам мамыр айының ішінде Амантай Қойшыбаев бастаған топ облыстық спартакиадаға аттанды. Ол кездегі аудандағы спорт қоғамының бастығы Жұмаділ Рысмаханов. Біз үшін Қызылорда қаласын көру – Меккені көрумен бірдей. Біз ол кезде ақшаны да түсімізде көргендей болатынбыз. Себебі, әкелеріміздің еңбек ақысы заттай, күріш немесе бидай түрінде берілетін. Оның үстіне қалаға бару да қызық. Көңіл шат, кеуде көтеріңкі, сол күні №56 поезбен сағат үштер шамасында қалаға келдік.
Вокзалдан қонақүйге бардық. Онда орын болмағандықтан аулаға оншақты бала керует құрып, сонда түнеп шықтық. Ертеңіне ерте тұрып, жарысқа дайындалдық. Жарыс жол бойына қарасты Локомотив стадионында өтті. Сол жерде салмағымызды өлшеп, әрқайсымызға киім салатын бір-бір жәшіктен берді. Ол кезде арнайы форма деген атымен жоқ. Әркім өз киімімен қатысады. Мендегі форма шешеміз қолдан тігіп берген бөз дамбал. Оның сыртынан қызылмен әдіптеген ақ дамбалымды киіп шықтым. Аяқкиім, үстіме киетін майкі де жоқ. Сол күні 100 метрден 5 мың метр қашықтыққа дейін жүгіру және вилосипед жарысы өтетін болды. Жүгіретіндерді бір айналып көріп шықтық. Қойшыбаев Амантай екеуміз 5 мың метрлік қашықтықтағы жарысқа қатысатын болдық. Мен жалаң аяқпын. Іштей нар тәуекел деп шықтым. Жүгіретін жолға шлак төселіпті. 5 мың метрді жүгіру үшін Локомотив стадионына он үш жарым айналым жасау керек. Он бестей спортшы арғымақ аттай ышқына жүгіріп келеміз. Үшінші айналымда Амантай жарыстан шығып қалды. Айналым саны көбейген сайын қатарымыз азая бастады. Мен үшінші болып келемін, одан сайын ышқынып екіншіге шықтым. Қалыспай тістеніп келемін. Тереңөзектен бірге келген балалар «бас, Өмірзақ, намысты қолдан берме, жүгіре бер» деп айқайлап, дем беріп қояды. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» демекші, мен одан сайын ышқынып, суырылып алға шықтым. Содан алдыма жан салғаным жоқ. Мәреге бірінші болып жеттім. Жеткенім бар болсын, аяғымның бес башпайы мен өкшем ойылып кеткен, қаны сорғалап тұр. Уақыт өткен сайын аяқты басудан қалдым. Барлығы маған қошемет жасап жатыр. Тілшілер қайта-қайта суретке түсіріп әлек. Суреттерім кейіннен облыстық газеттерге шықты. Кәсіподақ ұйымы мақтау дипломын, спорттық костюм беріп, кеудеме ІІ-разрядты спортшы деген төсбелгі тақты.
Содан кейін екі аяқтан бес күн бойы жүре алмай қалдым. Сол жарыста біздің екі велосипедші Шари Каримов пен Валя Морозова да жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаздар республикалық жарысқа қатысуға жолдама алды.
Менің ең алғашқы рет спортқа келу тарихым осындай. Сол жолы біздің команда облыстағы тоғыз команданың ішінен ең үздігі деп танылып, командалық бірінші орынды иеленді. Облыс кубогы тереңөзектік спортшылардың қанжығасына байланды.


Өмірдерек
Аудан спортын дамытуға өзіндік үлес қосқан спорт ардагері Өмірзақ Бедебеков 1939 жылдың 1 мамырында, сол кездегі Тереңөзек ауданындағы Қызылдихан колхозында дүниеге келген. 1956 жылы №35 Калинин атындағы мектепті ойдағыдай бітіріп, сол жылы колхоздағы құрылыс саласында еңбек жолын бастаған.
Өмірзақ Бедебеков 1957 жылы Қызылдихан колхозының жолдамасымен құрылыс училищесін бітіріп, сантехник-слесарь мамандығын алған. Өз мамандығы бойынша Қызылорда қаласында еңбек еткен. 1959-1962 жылдары Қызылорда қаласындағы су шаруашылығы техникумын бітірген. Содан соң техникум жолдамасымен Өскемендегі Зайсан аймақтық су шаруашылығы басқармасында екі жыл еңбек етіп, 1964 жылы туған елге оралады.
Тереңөзек ауданындағы №15 ПМК-да 1964-1981 жылдары прораб, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Жамбыл қаласындағы су шаруашылығы институтын 1980 жылы сырттай оқып бітірген, 1981 жылы жөндеу құрылыс учаскесінің бастығы, 1985 жылдан ауыл шаруашылығына қарасты ЖҚУ-дың бастығы. 1989 жылдан №84 ПМК-ның қосалқы шаруашылығының бастығы болған.Өмірзақ Бедебеков 1993 жылдан зейнеткерлік демалыс­та. Ол – В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен марапатталған еңбек ардагері. Отбасында 5 бала тәрбиелеп өсірген. Нұрлан – халықаралық дәрежедегі төреші, аяқ доп шебері, Ержаны – самбодан спорт шебері, қазір Астанада жаттықтырушы, Ерболы-подполковник, көгалдағы хоккейден спорт шебері, МАИ қызметкері. Бұдан кейінгі Ернаты да спортты жанына серік еткен. Ол да кезінде футбол, волейбол командаларының құрамында аудан намысын қорғаған.

Өмірзақ Бедебеков,
еңбек ардагері
17 тамыз 2019 ж. 452 0