Аграрлық саланың құтханасы

Ақжарма ауылының жолдары жөнделіп, көше бойына қаз-қатар жарықшам орнатылған. Әлеуметтік нысан санатына кіретін мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория секілді бірнеше мекеме халық игілігі үшін жұмыс жасауда. Отыз жылдан бері Ақжарма деп аталатын ауылда 2800-ге жуық халық тұрады. Ауылда 519 түтін басы бар. Жергілікті халық Сыр маржанын егумен аты шыққан. Іргесі бүтін елді мекенде «Ақжарма және К» және «Ақжарма-2» секілді аграрлық саланың белді құрылымдарымен қатар, 45 шаруа қожалығы өз кәсібін жүргізуде. Өз кезегінде ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов ауыл тарихына байланысты тың ақпарды бөлісті.
– Қасиет қонған Садық ахунның туған жері саналатын ауылымыздың атауы бірнеше мәрте өзгерген. Атап айтқанда, 1958 жылы Абай, 1966 жылы Ленин колхозы, 1967 жылы Ильич совхозы болып өзгерген. Ал 1995 жылдан бастап Ақжарма ауылдық округі ретінде аталған. Айта кетейік, 1967 жылы Ильич совхозында 2800 ірі қара, 11500 қой, 180 бас жылқы, 80 бас түйе болған. Араға бір жыл салып, барлық қой-ешкіні, түйені мал шаруашылығына құрылған «Іңкәрдария» совхозына беріп, қалған мал мен егін шаруашылығына айналысатын совхоз болып қалды. Сол жылдан бастап жерді инженерлік жүйеге келтіру жұмысы қолға алынды. Міне, сол кезеңнен бастап ауылымыз күріш егумен айналысып, аты жер-жерге шыға бастады. Білікті мамандар аграрлық саланы өркендетуге күш салды, – дейді ауыл әкімі.
Ақжарма облыс орталығынан 75, ауданнан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Ақын Балашбек Шағыров, өтірік өлең шебері Замаддин Ибадуллаев, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетовтің туған топырағында қауырт тіршіліктің қызу қарқыны байқадық.
Өткен жылы жергілікті бюджет және демеушілік есебінен ауылда көптеген жұмыс атқарылған. Мәселен, А.Есентұров көшесі бойына «Ақжарма-2» шаруа қожалығының демеушілігімен әмбебап спорттық балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Сонымен қатар шаруа қожалықтың қолдауымен елді мекенді газдандыруға байланысты жоба-сметалық құжат жасалып, республикалық бюджетке ұсынылған. «Ақжарма және К» шаруа қожалығы есебінен М.Томпалақов, А.Есентұров және М.Әукенов көшелеріне жаяу жүргіншілер, орталық алаңды абаттандыру қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжат дайындалып, бюджетке ұсыну көзделген.
Ауыл орталығында орналасқан Болат Нұрсейітов атындағы орталық алаңға көркейту-көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, көпшіліктің демалыс орнына айналған. Ауызсу жүйесі орталықтандырылса, аяқсу мәселесі толықтай шешімін тапқан.
– Ауылымызда кәсіпкерлік саласы жақсы жолға қойылған. Жергілікті халық шағын және орта бизнеспен айналысып, көптеген мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көруде. Алдағы уақытта елді мекенді газдандыру жұмысына көңіл бөлеміз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында қоныс тепкен елді мекенді көркейту – басты міндетіміз. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты аудан әкімдігімен тығыз байланыс орнатып, бірқатар жоба бойынша бюджеттік өтінім жасап келеміз. Бұл ретте ауылдың әлеуетін көтеруде, елді мекеннің келбетін айшықтауда қос шаруашылықтың демеушілігімен ауыз толтырып айтарлық істер атқарылды, – дейді ауыл әкімі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ