«Ауыл – ел бесігі»: Тұрмысы түзелген елді мекен

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында ата кәсіпті қолға алған Ақжарма ауылы тіректі елді мекендер қатарына кіреді. Қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде мұнда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, бағдарлама аясында Ақжарма ауылы 699 млн теңге көлемінде қаржыландырылып отыр. Бұл қаржыға Садық ахун, А.Есентұров, Т.Балапанов және М.Әукенов көшесі жарықтандырылса, М.Томпалақов, Ж.Домбаев, Садық ахун, М.Әукенов, Е.Омаров, А.Есентұров, Т.Балапанов, Б.Арыстанов, О.Ысқақов көшелері орташа жөнделуде. Сондай-ақ, А.Есентұров, Е.Омаров, Садық ахун көшесіне темір-бетонды лоток орнатылып жатыр. Бүгінгі күні мердігер мекемелер тиісті жұмыстарды жүргізуде.
– Ақжарма ауылы ауыз сумен, автомобиль жолдарымен, жарықпен, баспанамен қамтамасыз етілген. Ауылға кіреберіс басты көшеге аудандық мәслихат депутаты, «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисеновтің демеушілігімен 15 млн теңгеге 150 жарық бағанасы орнатылды. Өткен жылы «Жастар жылы» аясында ауыл орталығынан аллея ашылған болатын. Ал, «Ақжарма және К» ЖШС төрағасы Қайрат Нұрсейітов бастаған ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен мұсылмандар мешіті пайдалануға берілді. Сонымен бірге, көп балалы және жас мамандар жаңа баспанаға ие болды, – дейді ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов.
Қазіргі уақытта елді мекенде мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін ашқандар бар. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен мал шаруашылығымен айналысу үшін бірқатар азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Бүгінде кәсіпкерлік бағытта 103 нысан мен 48 қожалық жұмыс жасауда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ