Ассенизатор камазды тізгіндеген кәсіпкер
Елімізде былтыр «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бұл жоба ауыл тұрғындарының игілігіне сәтті жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарламаның артықшылығы – халықтың табысын арттыруға оң әсерін тигізіп қана қоймай, ауыл шаруашылығын, азық-түлік қауіпсіздігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Кент тұрғыны Жасұлан Оразбеков жұбайы Назым Алтыбаевамен аталған жоба негізінде өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Ерлі-зайыптылар отбасылық бизнесті «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы ретінде бастап, өткен жылы 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған. Бүгінде мемлекеттен алынған 8 млн теңге қаржыға кәріз жүйесін тазалайтын техника сатып алып, кәсібін жүргізіп отыр.
– Отбасымызда келіншегім үй шаруасында отырғандықтан әрі көпбалалы ана болғандықтан кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көрдік. «Ауыл аманаты» жобасына қатысу арқылы төмен пайызбен 5 жыл мерзімге қаржыға қол жеткіздік. Жобаға қатыспас бұрын ең әуелі тұрғындардың қажеттілігіне сай, сұранысы бар, жұмысы жыл бойы жүретін кәсіп түрін зерттедік. Нәтижесінде, осындай техника – ассенизатор Камаз алуды жоспарладық. Себебі қазір тұрғын үйлердің 80-90 пайызы кәріз жүйесін қолданады. Кентте кәріз құдығынан сұйық қалдықты тартатын, өз қызметін арнайы техника арқылы ұсынатын бірнеше кәсіпкер бар. Бірақ олардың техникасының сыйымдылық мөлшері көп емес. Менің техникам 12 текше метр көлемінде, үлкен, – дейді кәсіпкер Жасұлан Нұрханұлы.
Жасұлан арнайы техниканы тізгіндеп жүргеніне біршама уақыт болған. Тәжірибелі маман соңғы жылдары кәсібін кеңейту мақсатында тендерге қатысып, аудан көлеміндегі мектеп, балабақшаларға қызмет көрсетумен қатар жеке тұрғын үйдің кәріз жүйесін тазалайды. Кәсіпкер «Қазсушар» мекемесімен келісім-шартқа отырып, кәріз суын төгуге заңды түрде рұқсатын алған.
Жеке кәсіпкер осы күні кәсібінің арқасында табыс тауып отырса, қосымша мал шаруашылығымен де айналысады.
– 2022 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алдым. Қаржыға 4 бұзаулы сиыр алып, сүт өнімдерін өндірумен айналысудамын. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндікті пайдаланып, кәсібімізді кеңейтуге, табысымызды арттыруға «Ауыл аманаты» жобасына да қатыстық. Жобамыз комиссия тарапынан қолдау тауып, тұрғындарға қызмет көрсететін кәсіппен де айналысудамыз. Сұраныс бар, күнделікті жұмыс жүреді. Жеке тұрғындар үшін қолайлы баға ұсынамыз, – дейді Жасұланның жұбайы Назым Алтыбаева.
Техниканы алыстан іздемей-ақ Қызылорда қаласынан сатып алған Жасұлан ауыр техниканың тілін жақсы меңгерген. Ізденімпаздығы мен іскерлігінің арқасында қажетті құжаттарды әзірлеуге де білімі жетеді. Бастаған ісіне жауапкершілікпен, мұқият кірісетін кәсіпкер жыл сайын аудан көлемінде өзі жүргізетін кәсіпке байланысты өтетін тендерге қатысуды жоспарлап қойған. Ол үшін техникасының қалтқысыз жұмыс істеуін бір жолға қойған. Сондай-ақ білім алуын тоқтатпай, жоғарғы білім алу мақсатында «Болашақ»университетінде көлік тасымалы мамандығы бойынша оқиды.
Жас та болса жаңа кәсіп бастап, оны дамытқан Жасұлан – қарашаңырақтың иесі. Жұбайымен бес бала тәрбиелеп отырған ата-ана. Отбасында балаларының бастамасына батасын беріп, тілектес болып отырған аналары бар. Ақ жаулықты ана Алтай Дүйсенова ұзақ жыл ауданда кәсіптік-техникалық колледжде ұстаздық еткен жан. Қазір зейнетте.
Иә, адал еңбегінің арқасында Жасұлан Оразбеков қара жұмыс істеп, нәпақасын тауып, отбасын асырап отырған азамат. Түзде жүретін ерінің жағдайын жасап, үйінің берекесін келтіріп отырған келіншегі Назым бала-шағасының күтімін жасап, сүт-айранын үлгертіп отыр. Берекелі шаңырақтың шаттығы – балалары өсіп келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ