Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырмандағы қарбалас

Қырмандағы қарбалас

Нағыз шаруа адамы өз ісіне беріліп кіресетіні рас. Қырман жанындағы гаражда механизаторлар техника жөндеудің машақатын анық сезінген. «Еңбегі ештің күні кеш, тұзы сор» болмас үшін әрқайсысы техника тілін тапқан. Ауыр темірді қысы-жазы көтеруден тайсалмайтын олар көліктің ақауын оталған сәттен біледі. Егістік басындағы қыруар тіршілік тоқтамас үшін көлік тізгіндеген жүргізушілер еңбек майданында әбден шыныға түседі.

Шаруашылықта бірнеше жылдан бері табанды еңбек келе жатқан Қуаныш Арзымбетов егін науқанында комбайн, трактор, жанармай тасымалдайтын көлікті тізгіндейді. Әрбір техниканы жөндеу де шеберлікпен ұштасып жатады. «Беларусь» тракторының ақауын тауып, қосалқы бөлшегін ауыстырып жатқан механизатор қиындыққа толы күндерді бастан өткерген.

– Нағыз еңбек адамы күн сайын білек сыбана қызу тірліктің ортасында жүреді. Негізінен, «Адам естіп-білгені арқылы жетілмейді, еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады» деген тәмсіл бар. Біз іс-әрекетпен еңбектің жемісті боларын дәлелдеп келеміз. Техниканы жүргізу мен сапалы етіп жөндеуге машықтанған әрбіріміз шаруашылықтың дамуына тамшыдай болса да үлес қосып келеміз, – дейді механизатор Қуаныш Арзымбетов.

Гараж маңында май құю бекеті бар. Май құю бекетінің меңгерушісі Асылхан Сүлейменов бұған дейін шаруашылықта механизатор, бригадир, механик қызмет атқарған. Маманның айтуынша, күніне 5 тоннаға жуық дизель отыны таратылады. Есеп-қисап жүргізіліп, автокөлікке жанар-жағар майы жеткілікті деңгейде толықтырылады екен.

Тәулік бойы гаражда техниканың бұзылуына байланысты механизаторлар машақат көретіні рас. Қыруар тірлікті бітіру үшін күн-түн демей, қосалқы бөлшектер көтеретін кездер көп. Халық арасында «Еңбеккердің ұйқысы аз» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 сәуір 2021 ж. 424 0