Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Техника тілін меңгерген

Техника тілін меңгерген

Кейіпкеріміз бала күнінен авто­көлікке жақын болып, темір техникалардың тілін мең­гере бастаған. Ер жете келе өзінің қабілетін шыңдап, ұялы телефон, техникалық бұйым­дарды жөндеген.

Ауыл тұрғындары Жан­әділдің көмегіне жиі жүгінетін. Бір жағынан асықпай ебін тауып, техниканы түзеуді жаны сүйсе, екіншіден адамдарға көмектесіп, қоғамға пайдалы екенін түсінген кейіпкеріміз өнерін кәсіпке айналдыруға бел буған. Бүгінде өз ісінің білгір маманы атанып, көпшіліктің ризашылығына бөленіп жүрген ол – жеке кәсіпкер.

Іскер азамат ауыл мекте­бінен тәлім алғаннан кейін Қыз­ыл­орда гуманитарлық коллед­жінен «Ағылшын тілі. Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алған. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылды жанына жақын көретін ол сан қырлы әлем тілдерін меңгергісі келеді. Оқу бітіргеннен кейін Жанәділ жеке қызығушылығы бойынша өзінің сүйікті ісі техника жөндеумен ай­на­лысып жүреді. Кейін «Мағжан және К» ЖШС-де авто­­электрик мамандығы бойынша жұмыс жасаған.

Одан кейін кәсіпкерлікке бет бұрған ол 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына «Техника жөндеу орталығы» жобасымен қатысып, грант жеңіп алған. Нәтижесінде жеке кәсібін кеңейтіп, бүгінде жеке үйінің ауласынан техника жөндеу орталығын ашып, халыққа пайдалы кәсіп түрінен береке тауып отырған жайы бар. Кәсіпкерлікке бір жола бет бұрып, өз ісін тапқан маман өзімен бірге әзірге бір азаматты жұмыспен қамтып отыр.

– Кішкентай кезімнен көлік­ке қатты қызығатынмын. Солай жан-жақты ізденіп жүріп, саланың қыр-сырын меңгере бастадым. Әрбір өткен жыл мен үшін тәжірибе алаңы болды десем болады. Білгеніміз бір тоғыз болғанымен, білмегеніміз тоқсан тоғыз екені рас. Десек те, тәжірибені шыңдап, ізденіп, түрлі техниканы өңдеуге болады. Шетелдік автокөліктерді жөндеу жұмыстарын да жасаймыз. Сұраныс жоғары. Себебі қазір әр үйде көлік бар. Бір үйде бірнеше көлік егелері бар жағдай да жиі кездеседі. Әрине темір болған соң, бұзылады, істен шығады. Сұраныстың жоғарылығынан кейін орталықты кеңейту қажеттігі туды. Арнайы кәсіпкерлерге арналған бағдарлама негізінде қаражат алып, жұмысты жетілдірдік. Бүгінде кәсіптің несібесін көріп келеміз, – деген кәсіпкер жастарды қорықпай іс бастауға үндеп, мем­лекеттің кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасап отырғанын айтады.

Темір тұлпарды тізгіндеу бар да, оның тілін түсініп, бабын табу бір бөлек. Бүгінде бір ұл мен бір қыздың әкесі жұбайы Ақмарал Шайзатовамен бірге балаларына тәлімді тәрбие беріп, жас­тайынан адал еңбек етуге үлгі көрсетіп келеді. Кәсіптен береке тауып, көптің алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміздің алдағы жоспарларына сәттілік тілегіміз келеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
19 қыркүйек 2023 ж. 164 0