Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 42 жыл көлік тізгіндеген жүргізуші

42 жыл көлік тізгіндеген жүргізуші

«Ер азығы жолда» демекші, темір тұлпарымен нәпақасын тауып жүрген ер азаматтарымыз жетерлік. Бірі екі ортада зат тасымалдаса, бірі жолаушыны діттеген жеріне дер кезінде жеткізеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз ең бірінші жолаушының қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын еңбек адамы – жүргізуші Мейрамбек Мұратов.

42 жыл көлік тізгіндеген тереңөзектік Мейрамбек Тұрлыбайұлы есімі кент тұр­ғын­дарына етене таныс. Бүгінде ол – кент­іші­лік қоғамдық көліктің жүргізушісі. Сонымен бірге жұмыстан бос уақытында аудан тұрғындары той-томалаққа, өзге аудан немесе қалаға түрлі жарыс, байқаулар өтсе, осы кісінің көлігін жалдайды. Тереңөзек­тіктердің дені «газелист Мако» деп атап кеткен. Бұл есімді Мейрамбек Тұрлыбайұлы да жатсынбай қабылдаған. Жеке кәсіпкер Алмасбек Арысбаймен келісім шарт негізінде кентішілік жолаушылар тасымалы қызметімен айналысады.

– Газель жүргізушісі Мейрамбекпен 15 жыл­дан бері жұмыс жасап келе жатырмыз. Сондай-ақ келісім шарт негізінде тағы да бес газель бар. Оның үшеуі кентішілік, үшеуі елдімекендерге қатынайды. Кент тұрғындары Мейрамбекке алғысын айтып, ризашылығын білдіріп жатады. Тазалық­қа қатты мән береді. Жұмысына адал, жауапкершілігі мол. Қыстың көзі қырау­да да «машинам жүрмей қалды, майы қатып қалды» демейді. Жұмысына жауап­кершілікпен қарайтын азамат, тәжірибесі мол жүргізуші, – дейді жеке кәсіпкер.

Мейрамбек Мұратов – Тереңөзектің тумасы. Қай кезде де қолынан келген көмегін аямайтын азамат – №35 мектептің түлегі. Ең алғашқы еңбек жолын сол кездегі сани­тария­лық-эпидемиологиялық станция­­да бастаған. 10 жыл сол мекемеде жүргізу­ші болып жұмыс істеген. Одан әрі қызметтік жолын 8 жыл бойы орман шаруашылығында жалғастырады.

– Жастайымнан көлік айдап, ұзақ жолға шыққанды ұнататынмын. Міне, бүгінде 15 жылдан бері кентішілік маршруттың жүргізу­шісі­мін. Жұмыстан бос уақытымда аудан тұрғындары той-томалаққа, мектеп мұғалім­дері оқушыларды жарысқа немесе түлектерді ҰБТ сынағына апару үшін жалдайды. «Сақтансаң, сақтаймын!» демекші, қай кезде де алыс жер болсын, жақын жер болсын жолда барынша мұқият әрі сақ болуға тырысамын. Өйткені қанша жан­ның қауіпсіздігіне жауапты болатынымды білемін. Әрқашан жолға шықпас бұрын, көлігімді тексеріп, тазалық жұмысын жүргі­зіп, қауіпсіздік шараларын басты назарға аламын. Әр жолау­шы тасымалдайтын жүр­гізу­ші қашанда ережеге бағынғаны дұрыс.

«Жол қадірін жүрген білер» демекші, техника тізгіндеген адам тек жүргізіп қана қоймай, жөндеуді де білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, көлікке сенім жоқ. Шүкір, бірақ әлі ондай жағдай орын алмапты. Жолға шыққан кезде үйге жеткенше уайым­дап отырамын, – дейді жолаушының алғысына ие болған жүргізуші.

Әрқашан жолаушының көңілін таба білетін жүргізушінің тұрақты жолаушылары да бар.

– Мәкеңді бұрыннан білеміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатады ғой. Өзі ақкөңіл, әрбір жолаушының тілін таба біледі. Қай кезде болмасын, сол кісінің газелін жалдауға тырысамыз. Жаупкершілігі мол азамат баратын жерімізге уақытында жеткізеді. Әрі қанша жыл жүргізуші болған соң жолдың сырын біледі, – дейді кент тұрғыны Ә.Ыдырысова.

Еңбек етуден шаршамайтын жан қашан да кез келген жұмыстың ебін таба біле­ді. Қандай шаруа жасаса да аяғына жеткізбей тынбайды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Еңбек қыл­май тапқан мал дәулет болмас» деген қанатты сөзін өмірлік ұстанымына айнал­дырған. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбекпен тауып келе жатқан Мейрамбек Тұрлыбайұлының бір бойынан еңбек­қорлық, іскерлік, қарапайымдылық, жауап­кершілікті байқауға болады. Адал еңбе­гінің арқасында кәсіби мерекесінде аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, тұрғын­дардың риясыз алғысына әркез ие болуда.

Бүгінде Мейрамбек Мұратов – берекелі шаңырақтың отағасы, балаларының асқар тауы. Жұбайы Жанат Көшербаевамен 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Екі қызын құтты орнына қондырып, жиендерінің нағашы ата-әжесі болып отыр. Кейінгі бір қызы студент болса, кенжесі оқушы. Отағасына барынша қолдау білдіріп отыратын Жанат медбике болып жұмыс істейді.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
24 қыркүйек 2024 ж. 208 0