Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

"Болашақ" Университетінің "Фейсбук" әлеуметтік желісіндегі парақшасынан жерлесіміз Тұраш Әбдібекқызы Дәдікбай туралы жазылған жазбаны көзім шалған болатын. Жазбаға көптеген кісілер пікір білдіріп, үлгілі жанның игі істерін баяндапты. Ол кісі жайлы қанша тебіреніп, толғанып жазсақ та бүкіл болмысын, дөп басып бере алмаспыз.
Мұғалімдік мамандық  –  бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – даналықты жүректен ұға білу болып табылады. Тұраш Әбдібекқызы осы қасиеттерді бойына сіңірген ұлағатты ұстаз. Саналы өмірін ұстаздыққа арнаған жан қазіргі таңда "Болашақ" университетінің "Филология, журналистика" кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқарады. Ол білімді ұрпақ тәрбиелеуде қажырлы еңбек етіп келеді.
Ұстаздан ескен лаулаған жалын әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі іспеттес.Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнады десек артық айтқандық болмас.
Тұраш Дәдікбай ауданға қарасты Шіркейлі ауылының тумасы. Ол 1974 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың ағылшын факультетіне оқуға түсіп, 1978 жылы бітірген. Өзінің еңбек жолын туған ауылы Шіркейлідегі №129 "Қызылту" орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып бастайды. Шағандық азамат,  марқұм Қожабек Дәдікбайға тұрмысқа шыққаннан соң осы ауылдағы мектепке ауысады. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері республикалық, облыстық аудандық пән олимпиадасынды жүлделі орындарды иеленді
"Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан" деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім- тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Осы керемет сөз Тұраш апайға арнап айтылғандай. Апайдың дәрісін алған, жаңа өмірге түлеп ұшқан көптеген шәкірттері казіргі таңда елге, халыққа абыройлы қызмет етіп келеді.
Тұраш Дәдікбай өзінің еңбек жолында ұстаздықтан бөлек қызметтерді де абыройлы атқарды.  Ол өзінің қызметтік жолында ақ адал маңдай терін төкті, іскер ұйымдастырушы бола білді. Қызметі арқылы ауыл тұрғындарының алғысына бөленді.
Шаған ауылындағы  "Алтын сақа – Шаған" балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарып, ауыл бүлдіршіндерін тәрбиеледі. Ұрпақ тәрбиесінде Тұраш апайдың ауылдағы №37 орта мектеп директоры қызметін атқарған жылдар ерекше есте қалды. Осы қызметтен зейнеткерлікке шығып, ұстаздық жолын  Қызылорда қаласындағы  "Көпсалалы" колледжде жалғастырды. Қазір Т.Дәдікбай облыс орталығындағы іргелі жоғарғы оқу орнында  аға оқытушы.
Ауданның білім саласына сіңірген еңбегі үшін ұлағатты ұстаз марапат биігінен көрінді. Басшылық тарапынан көптеген грамота мен алғыс алып, тәжірибелі ұстаз ретінде еңбектері әріптестері арасында насихатталды.
Халқымыз "Отан-отбасынан басталады" деп тегін айтпаған ғой. Отбасы адамзат қоғамының ең шағын Отаны.
– Отбасы адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Оның бірі – дүниеге ұрпақ әкелу болса, екіншісі – дүниеге келген сәбиді жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру, – дейді Тұраш Әбдібекқызы.
Шынында да дүниеге келген сәби жаңа өркен жайған жас ағаш тәрізді емес пе? Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып өскенше мәпелеп күтуді, оған үзбей қарауды  керек етпей ме? Тұраш апай Шаған ауылын республикаға танытқан өмірлік серігі марқұм Қожабек ағамен  бірге ұлағатты ұрпақ өсірді. Бүгінде үш ұлдан бес немере сүйіп отырған жайы бар. Қожабек Дәдікбай Шаған ауылына еңбегі сіңген ардақты азамат екенін ел-жұрт жақсы біледі. Ол туған елді түлету жолында тындырымды тірлігімен ерекшеленді. Көзі тірісінде Елбасының қолынан мемлекеттік "Құрмет" орденімен марапатталды. 
Қазақ ғұрпында ата-ананың алған ерекше биік орны, оның елі мен балалары алдында алған қадір-қасиеті. Ал ананың ақ сүтін, әкенің адал борышын ақтау – перзенттің міндеті, парызы. Қожабек аға мен Тұраш апайдың отбасында ананың ақ сүті де, әкенің адал борышы да ақталды.
Өмірі өнегеге толы Тұраш Дәдікбай қандай қиындық көрсе де бәрін терең біліммен, ақыл-парасатымен жеңе білді. Ол бүгінде бақытқа бөленген аяулы ана, сүйікті әже. Біз де Тұраш апайға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін, отбасында бақыт пен ырыс-берекеге кенеле берсін демекпіз.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ

24 мамыр 2020 ж. 2 106 0