Адал еңбегімен елге сыйлы ардақты жан

Еңбегімен ел алғысын арқалап жүрген Роза Бодыққызы 1966 жылы тарихы терең, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылында дүние есігін ашқан. Саналы ғұмырын еңбекке арнаған ол 1983 жылы мектепті тәмамдап, алғашқы еңбек жолын ауылда мал шаруашылығындағы қырқымда аспаз болып бастап, екі жыл қызмет атқарған. Кейіннен 1987 жылы Қызылорда қаласында кітапхана ісі мамандығы бойынша 1 жылдық оқу оқып, бітіріп шығады. Оқуын аяқтаған соң, көшпелі кітапханашы болып орналасып, жеті жыл шамасында қызмет атқарады. Ардақты жан осы уақыт аралығында ауқымды жұмыстар атқарып, кітапхана ісінде өзіндік орнын қалыптастыра білді. Жеті жылдан соң кітапхана жұмысының қысқартылуына байланысты ауылдық клуб үйіне ауысып, күні бүгінге дейін мәдени ошақтың тазалық жұмыстарына жауапты маман болып қызмет етіп келеді. Өз ісіне тиянақты әрі жауапкершілікпен қарайтын Роза Бисенбаева өзінің адамгершілік қасиетімен, жайдары мінезімен ортасына сыйлы, абыройлы. Адал еңбекті жанына ту етіп, жылдар бойы елеулі еңбек етіп келе жатқан Роза Бодыққызының еңбегін іңкәрдариялықтар жоғары бағалайды, құрметтейді.
– Ширек ғасырға жуық осы салада аянбай қызмет етіп келемін. Өзімнің кіндік қаным тамған ауылда абыройлы әрі адал еңбек етіп, ел алғысына бөлену мен үшін үлкен бақыт. Қандайда бір іс-шара болсын, концерт немесе байқаулар болсын жас ерекшелігіне қарамай қатысып, белсенділік танытқанды жөн санаймын. Бүгінде ауылдық клуб үйінде ән үйірмесі және драма үйірмесінің мүшесімін. Бір орында тоқтап қалмау керектігін үнемі айтып жүремін. Іргелі ұжым әркез құрметтеп, үлкен деп сыйлап төрден орын беріп, еңбегімді бағалап келеді. Жұмыстың жаманы болмайды. Қандай жұмыс болса да адал қызмет ету керек, – дейді Роза Бисенбаева.
Роза Бисенбаева өнерден алыс емес, өте өнерлі жан. Ол үнемі белсенділік танытып, түрлі іс-шараларға, байқауларға қатысып, дипломдар мен және алғыс хаттармен марапатталып, жетістіктерге жетіп, еңбегі еленіп келеді. Мәселен 2018 жылы «Сағындырған әндер-ай» атты ән байқауына қатысып, бас жүлде иегері атанған. 2022 жылы аудан әкімінің алғыс хатымен, «Ән қанатында» атты ауылдық әншілер байқауында алғыс хатпен марапатталған. Одан бөлек «Шебердің қолы ортақ» атты аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, жүлделі орын иеленген. «Айттым сәлем Қаламқас» атты облыстық ардагер әншілер байқауында «Үздік әнші» номинациясын жеңіп алған. Роза Бисенбаеваның аталған жетістіктеріне қарап-ақ қандай белсенді әрі өнерлі екенін аңғаруға болады. Еңбегін еліне арнаған ардақты жанның еңбегі өлшеусіз, әркез бағалы.
Алтынай Қайратқызы