Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 54 газет

22 шілде 2025 ж.

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

№ 52 газет

15 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Қылқалам ұшынан төгілген...

Қылқалам ұшынан төгілген...

Ойлы оқырманымен аптасына 2 мәрте жолығатын аудандық басылымның хат қоржыны қашанда толығып отырады. Үнемі редакция ұжымымен байланысын үзбейтін тұрақты авторлардан бөлек, қауырсын қаламды жанына серік еткен жас ақындардың шығармашылығы көпшілік назарына ұсынылып келеді. Бұл ретте облыс және республика көлемінде танылып жүрген ақындардың өлеңдерін жинақтап, газеттің бүгінгі санына беруді жөн көрдік.


Редакциядан


Тамыз-ау, бақыт
күтем әр күніңнен


Тамыз! тағы, біраз, күтсеңші тамылжытып...
Күз менің түсінбейді жанымды түк.
Бәріндей мен де жүрген жолаушымын,
Тамыздың таңдарынан бағын күтіп.

Тамыз-ау, бақыт күтем әр күніңнен,
Таусылмас бақыт төкші жаңбырыңмен.
Қандай бақыт берсең де мастанбаймын,
Бірақ та ойнамашы тағдырыммен.

Болардай сен кеткенде заман ақыр,
Құлазып, сені қимай дала жатыр.
Тыраулап, тырналар да жылы жаққа,
Сеніменен қоштасып бара жатыр.

Қаз көшуде шулатып, құла түзді,
Жылап қалған жандарды жұбат ізгі.
Мүмкін сені біз ұға алмаймыз-ау,
Сен де қимай көшесің мына бізді.

Күз келеді, енді сәл жол қылғасын,
Салтанатын құрар сең болдырғасын.
Күзге айтшы, тәнімізді жауратса да,
Ызғары жанымызды тоңдырмасын.
****
Болса да айтар көп сырларым,
Ей, уақыт, сен бәрін ұрладың!
Өтіндім, сәл ғана күт дедім,
Сен бірақ, мән бермей, зырладың.

Жаңа күн ап келдің, жаңа тым,
Күз қыран кең жайды қанатын.
Тоқтамай зырлайды алдыға
Мен кері бұраған сағатым.

Еншіңде жылдар да, ғасыр да,
Білмеппін шіркінді жасымда.
Ей, уақыт, сәл ғана кідірші,
Бірнеше жылдарды жасыр да.

Қанша адам өзіңді тұсатпақ,
Жылжисың тек алға ұсақтап.
Немесе жүгірші артқа бір,
Қалайын көп жанды құшақтап.

Білемін, бір кетсең келмейсің,
Мақұлдап бір жауап бермейсің.
Сені жұрт «емші» деп жатады,
Өткенді қалайша емдейсің?

Ұрладың бал күнін кәрінің,
Жасырып өткеннің әр күнін.
Батыр да, ақын да, хан да өтті,
Жалмадың әз басын бәрінің.

Тоздырып тарихтың мұрасын,
Сен сонша асығып тұрасың?!
Бәріне сын сағат соқтырып,
Өлімді кінәлі қыласың.

Бекінген екенсің, сірә, нық.
Ізің тым алыста шұбалып,
Кідірші сәл ғана, барайын
Балалық шағыма бір ауық.



****
Уа, менің маңғаз далам, боз далам,
Адам аз ба, сен деп қалам қозғаған?
Балаң болып, қол бұлғасам мен саған,
Анам болып, мойыныңды соз маған.

Қадіріңді тудым ба екен мен біліп?
Жылы желің болашаққа берді үміт.
Топырағыңнан айналайын, Сыр анам!
Қорқыт басқан желмаясын желдіріп.

Тарихыңда Сақтан қалған сарын бар,
Суыңды ішкен Зейнолла, Асқар дарындар.
Сан ғасырдың өшіре алмас желі үрлеп,
Ғани дейтін алау от һәм жалын бар!

Әбділда бар, Әбдіжәміл тағы бар,
Қизатовта көк бөрінің қаны бар.
«Ен даланың академигі» атанған,
Танымасаң, Жақаевты танып ал!

Қызылордам – шыңнан биік тұғыры,
Сырдариям – лайланбаған тұнығы.
Ен далада әлі де тұр жаңғырып,
Жанқожаның тұлпарының дүбірі.

Қызылордам – қасиеттім еңселім.
Ер Жалаңтөс суырған жер семсерін.
Таудан биік жетілсем де тұлға боп,
Құндақтағы бөбегіңмін мен сенің!

Сенде тудым, жаным саған тәуелді,
Жырым да сен, әнім де сен әуенді.
Тарихыңды тереңінен қаза бер,
Алты Алаштың астанасы әуелгі!

****
«Қызыліңір – таң күннің арайы» деп,
Көп жан кеткен бұл жолмен, талайы кеп.
Көк есегін мініп ап, осы жолмен,
Ермаш атам өтетін талай рет.

Егде тартқан таппастан жасына ілік,
Көк есекті «ыхы» деп басына ұрып.
Кәстөмін буып алып, орамалмен,
Шығушы ед(і) көк қалпағын басына іліп.

Күбірлеп, шүкір айтып Жаратқанға,
Ой тастап, соноооу алыс тараптарға.
Кешке үйіне қайтатын қоржын толып,
Үйінен шығып кетіп, таң атқанда.

Ермаш қартты бір дана әлем көріп,
Қария өзі бір бөлек әлемге еніп.
Қалғып келе жатушы ед(і)
«Ата-а-ау» десек,
«Ә-ә-әликсалам» деуші еді мәнерленіп.

Артынан ілесеміз ізге салып,
Алыңдар, деп, таңдауды бізге салып.
Қоржын толы қауынның ең дәмдісін,
Дәл со жерде беруші ед бізге жарып.

Дәмі кетпей ауыздан кешегінің,
Қауын жеумен өтуші ед(і) неше күнім.
Ертесіне атамыз тағы ұйықтап,
Келуші еді үстінде есегінің.

Көп болғанмен жер үсті орын, мейлі,
Қанша күтіп тұрсақта жолын, мейлі.
Ермаш атам келмеске кетіп қалған,
Көк есекте көп болды көрінбейді.

Оқымай, азын-аулақ есеп білген,
Ерінімен насыбайын көсеп күлген.
Қазір мына заманда мың құбылған,
Бар ма сондай аталар есек мінген?

Талай жылдар нәр берген далама кеп,
Бала күнім оралса санама кеп.
Дәл сол жолға бір шығып, қарап тұрам,
Ермаш атам көрініп қала ма деп.

Данияр УӘЛИЕВ




Мен сүйген ару

Сабырлы, момақан
білгірім,
Көзінде моншақты
тұрды мұң.
Ол барда тек қана
естимін
Шашбау мен сырғаның
сыңғырын.
Ботадай көздері
мөп-мөлдір,
Бұйра шаш қиғаш қас қыр мұрын.

Құмай төс, жіңішке қыпша бел,
Мінезбен бақылап ұстап өр.
Ханшайым хор қызы әдемі
Ұстайсың сен көрген тұста әзер.

Шиедей еріні қызарған,
Емес-ті біздерге қыз арман.
Қолымда жайнаған раушан гүл
Түрленіп иіспен жүз алуан.
Ол бір жан талайдың арманы
Үнсіздің үмітін үзе алған.

Таранған бұрымы тотыдай,
Бойымды балқытты осы жай.
Мен жырмен суреттеп беремін
Сен тыңда, сабыр ет, досым-ай.
Қай бір қыз қарап жүр деп едім
Оянсам түсім бе, о Құдай...

Бұйыра бермейтін талайға,
Тоғжанын сүйіпті Абай да.
Бекерге шытынап кетпесін
Көңілі кіршіксіз шарайна.
Тәтті түс болса да қимаймын
Оята көрмеші жарай ма...

Сездірмей сезімнің салқынын,
Бақытпен байланып әр күнім.
Көздерден көйлегі қорғайды
Ханшаның оқтаудай балтырын.
Түсімде жолығып жалықсаң,
Өңіме бір келші алтыным.

Сезім

Сезім деген – ұнату ма, ұнау ма?
Күрсіну ме, құлдилау ма, құлау ма?
Сол шеңбердің бір бөлшегі іспеттес
Көз жасыңды ішке бүгіп жылау ма?..

Ізденіп көр бұл өлеңге қос бәрін,
Өткінші сәт, ойын-күлкі, оспағын.
Сезіне алсаң – саған берген жігерлі от,
Арқа-жарқа шер тарқатса достарың.

Сезіне біл – бақыт әрбір тынысың,
Жүргеніңді ойлан бір сәт кім үшін?
Біреу ұнап, бір сезімді ояту
Алға қойған ең маңызды бір ісің.

Мейлі лаула, сезім отқа күйіп кел,
Бағың жанса, мәртебең де биіктер.
Сенген жанның сезімімен ойнама,
Сыйыңды да жүрегіңмен сүйіп бер.

Сезінейін – бір ілтипат қыл маған,
Өмір-өзен орнында емес тұрмаған.
Сатқындарға тағдырыңды тапсырма
Сыйың кетер сезімдерді ұрлаған.

Күз

Таң атқаның білдіріп азан белгі,
Күз салқыны алуда мазамды енді.
Қырдағы ауыл жол жүріп күйек түсіп,
Сары көйлек киінген қазан келді.

Ескертеді-ау күн суық болатынын,
Қырау әйнек тағынды жол ақырын.
Күн қызуы жоғары бірде төмен,
Жалақы мен құнындай жол ақының.

Нұрланады жер беті бесін кіріп,
Таңнан үміт болғандай кешін күдік.
Адамдарға киімін жапқанымен,
Ағаштарды кетуде шешіндіріп.

Мені бастап барады қиял қайда,
Сарғайған күз нөсері сый арнай ма?
Желдір қысқа көйлегін шешкен қайың,
Адамның баласынан ұялмай ма?

Әсерінен әрленген таң шуағы,
Үнсіздікпен жер үсті жаншылады.
Үмітіндей үзілген адамдардың,
Шатырдан аққан қырау тамшылары.

Нөсер жауын, тау менен дала жасы,
Адамзаттың ақиқат арашасы.
Екі жұптың қосылар сәтті уағы,
Біреулердің ең соңғы қарашасы.


Жолдағы қызық

Сарбаздардай сап түзедік сапарға,
Вокзал маңы ене кеттім қатарға.
Сақ болыңыз деген пәнмен беріліп
Баяу келіп тоқтай қалды отарба.

Құрмет етіп адамдарға тыстағы,
Жарасымды өзін-өзі ұстауы.
Орынымды лыспымменен бір қарап
Вагонының ауыз жағын нұсқады.

Бұл сапарда олжа табу бар талап,
Әйнек тұрды күн отынан қалқалап.
Жоғарысын бір вагоннын мекендеп
Тәтті ойға терең ендім шалқалап.

Үстембіз рас жолсеріктің алдында,
Торығу жоқ көңілдер шат сан мұңға.
Езу тартқан екі жеңгей жанымда
Ізденімпаз студент те бар мұнда.

Біреуі айтты қылайын деп мен құрмет,
Мына вагон екен десі селкілдек.
Басы ауырған жеңешеме бір қарап
Әзіл айтып қарқылдайды кеңкілдеп.

Қалжыңдары көп адамға қалды ұнап,
Ұйпа-тұйпа шашы кеткен жалбырап.
Бешірдегі шайтан судан шошынып
Басын жатты көтере алмай салбырап.

Әтірленген бикеш мінді бұрқырап,
Ол да алды жоғарыдан бір құлап.
Сақинасын бір жоғалтып, бір таптық
Қандай десек деп айтады «жылтырақ».

Көрініспен сан тағдырдан үн қатқан,
Қызық түстей шабыт беріп жырлатқан.
Мың адамды тоғыстырған бір сәтте
Теміржолдың жон арқасы зіл батпан.

Бақтөре АЙТБАЕВ





Жұмақ мекен

Мен үшін сен ғанасың жұмақ мекен,
Күндерім өзіңменен шуақты екен.
Ағысқа да тайсалмай қарсы жүзем,
Білмедім сенен алған қуат па екен?!

Білерім сенде тамған кіндік қаным,
Іштегі жаза алам ба жыр ғып бәрін.
Жетікөлде жиналған жайсаңдарым,
Ойлаған әрқашанда елдің қамын!

Сенен татқан дәм-тұзын қаншама адам,
Сенен тапқан ырысын, шаршамаған.
Шетте жүрген бауырдың, ауылдастың,
Сені бір сәт кезі жоқ аңсамаған!

Сондықтан да ыстықсың мен үшін де,
Жүргенім қандай жақсы ел ішінде.
Ауылыңа жасасаң жақсылықты,
Азаматтық ең үлкен жеңісім де!


Жақсы көрем барлығын

Ақын деген еркесі екен халықтың,
Мен де еркелеп өз еншімді алыппын.
Қуансам да, мұңайсам да бір болған,
Ел-жұртымнан əркез қолдау тауыппын.

Жақсы көрем ақ баталы қарт көрсем,
Ешкімнен де қаймықпаймын бар деп сен.
Жақсы көріп еркелеймін мендегі,
Еркелікте шекара жоқ, жоқ өлшем.


Сан мəрте рет сүрінсем де демедің,
Халқым, неткен ақ жүректі кең едің.
Ақ сөйлесем сенен жұққан қасиет,
Сен түзеген жолыңменен келемін.

Шүкір деймін құлатпайды ел-тіреу.
Сөз айтпад(ы) деп ренжімессің жөнділеу.
Жемтік көрген қарға-құзғын секілді,
Айналамда шоқияды кейбіреу.

Масыл болмай, ақын болсам – тағдырым,
Өзіңменен бірге өтеді əр күнім.
Мейлі, қанша шала берсін аяқтан,
Мен сонда да жақсы көрем барлығын!

Құт мекен,
туған жерім – Сырдария

Сәт сайын тұратындай артып құны,
Жетпейді дүниенің бар түкпірі.
Айналып табарым сен – Атамекен,
Туған жер бәрінен де артық түбі.

Ойым кеп тірелгенде тосқауылға,
Не жетер қауышқанға дос-қауымға.
Қас-қағым сәт болса да қайта барсам,
Сонау бір бала кезгі ескі ауылға.

Елестеп бар қызығым бірі қалмай,
Тулатар толқыныңды тыным алмай.
Сенде өтті туған жерім Сырдария,
Балауса балалығым тілі балдай.

Жанымды жалғыздыққа ол телімес,
Туған жер шықпас ойдан ертелі-кеш.
Сен түлетіп ұшырған тағдырым бар,
Жас алмас жанарына шер төгіп еш.

Бағамның байқай алсаң артық-кемін,
Өзіңде екен өмірден бар күткенім.
Талабымды қолдаған туған елім,
Азамат болады деп артып сенім.

Сол сенім жетелейді қырдан-қырға,
Жанымды жуындырып нұр-жаңбырға.
Құт мекен, туған жерім – Сырдария,
Жайнай бер, жасара бер жылдан жылға!

Сағыныш сыры

Сағынам жетсе егер күшім,
Жаным-ау, сен соны түсін.
Адамзат жер бетіндегі,
Жаралған сағыну үшін!

Сəтінде оңаша қалған,
Сағыныш серігі болған.
Ол да бір ғанибет екен,
Мəңгілік сағынса адам!

Уақыт бер жүрекке шыдар,
Емен де иілсе сынар.
Көз көрмес алысқа кетіп,
Сағыну керек те шығар!

Айығып «дертінен» мүлдем,
Дауасын іздемек кімнен?
Қадірін білмейді ешкім,
Сағынып көрмегендіктен!

Қанат Көзейбай




Анамын мен

(Ақбалыш Жалғастырған арнау)

Анамын мен,
Ұстаз болу арманым бала күннен.
Ақбалыштай аттадым қадамымды...
Адалдықтың ақ жолын биік ұстап,
Тектіліктің тұмарын тағамын мен...

Анамын мен,
Төрт құлыным өсірген құшағымда.
Қуанышым дәл солар құшарым да.
Ұстаз-ана атанған Ақбалышым,
Ақ бал татқан тәрбие ұшарында.

Анамын мен,
Қасиет жырын жаздым қаламыммен.
Тек аналар жылытар жанарымен.
Баланың әлдиімен бесік тербеп,
Бесікті тербетемін балаң үнмен.

Анамын мен,
Біздің жол басқашалау жаңашалау,
Тағдырды ту сыртынан тамашалау.
Біздің жол орамалдың биігінде,
Біздің жол әкелерден аласалау...

Анамын мен,
Күйбең күнім өткенмен мектептегі,
Тәрбиеде тік сөзім тек кетпеді.
Ақбалыштай ақ жолда жүрмін бүгін,
Ақ орамал таққан күн текті еткелі.

Анамыз біз,
Дарға салар тарих дауға салар,
Тым терең жүрекке кеп қауға салар.
Туып алған баласын арқаға асып,
Ел басына күн туса жауға шабар,
Анамыз біз!

Бақыт деген...

Бақыт деген алтын емес алақанға басатын.
Бақыт деген ақша емес алақанға басатын.
Бақыт дейтін өміріңнің кілтін сен,
Ғұмырыңда бір-ақ рет ашасың.

Ашасың да іші­не сен енесің.
Талай сұлу хор қыздарын көресің.
Бақытыңды таң­дай білсең егерде,
Махаббатты сонда ғана
жеңе­сің.

Шын сүйсеңдер махаббаттан қорықпа
Махаббаттан қорыққаннан
Бекежан да шыға алмаған жорыққа
Төлегенді қапысызда атса да,
Бекежанға бақыт келіп қонып па?

Өмір деген – ғашықтардың кемесі.
Өмір деген алыс арман елесі.
Бақыт іздеп ғажабына бөленсе,
Биік болмақ асуы мен белесі.

Өмірімнің бар қайғысын көтерем.
Қорғанышым саған қалай жетер ем.
Жүрегімнің жасын сүртіп тұрсамда,
Бәрі бірде сені сүйіп кетер ем.

Өмір маған қуанышын сыйласын.
«Тәтті сезім» мейлі саған сыймасын.
Сол сезімнің жанында мен мас болып,
Махаббатым саған деген қирасын!

Ұстаз деген ұлы есім!

Білім алған сенің сусын нәріңнен.
Мақсат қойған үйренем деп бәрін мен.
Ұстаз ана сені сонша құрметтеп,
Биік қойған шәкірт сені бәрінен.

Сені тұтқан ұлылардың ұлысы.
Махаббат қой балалықтың бұл ісі.
Бала көңіл қараңғы әлем жарықсыз,
Ал ұстаздар сол өмірдің тынысы!

Сенен біліп өмірдің көп сырларын.
Жырға толы жүрегімді ұрладың.
Арнап бүгін жырдан шашу шашылып,
Көркейетін көңіл атты жыр бағым.

Бар асылды көңіліңе сыйдырып.
Сыр ақтардың шертетіндей күй қылып.
Ұқтырдың сен білім атты жақұтты,
Бозінгендей бала жанын идіріп.

Тағдырыңды тоғыстырып біліммен.
Асыл сөздер алау алды тіліңнен.
Көзін ашып сан бұлақтың қолдадың,
Сәл талабын көздерінен білінген.

Көңіл бөлсе нұр шашылар жүзіңнен.
Мақсат қойған сонау бала кезінен.
Ардақты ұстаз сенің сара жолыңда,
Жүріп келем өзің салған ізіңмен.

Жүрегінің оның жақсылыққа құмар боп.
Алтын ұя мекеніне сыңар боп.
Ұмытылмай шәкірттердің есінен,
Әрбір ұстаз қалу керек тұмар боп!

Алтын ұя шымылдығы түрілді.
Жарқырашы жақсы өткізіп күніңді.
Ұлылығым үлгі тұтам бәріңді,
Мерейтойың құтты болсын бүгінгі.

Қызылорда жүрегімнің төріндесің!

Қызылорда жүрегімнің төріндесің
Қызылорда ән-жырымның көгімдесің
Деп ақының жырлады міне бүгін
Қызылорда бір ғажайып әлем дерсің.

Тағдырдың мың сан көрген базарында
Өмірдің көрген талай ғажабында
Көңілімдей шалқыған дариям бар
Бүгін той Қызылордалық қазағымда.

Қызылорда көрінген алыстардан
Шаттықтан, жақсылықтан қалыс қалман
Қызылорда – ғарышкерлер астанасы
Әлемде тұңғыш рет ғарышты алған.

Қызылордам міне қақты есігін
Өр қаламның төрінен орын алған
Әлдилеген Сыр анасы барша жұрттың
Алламның үйі бүгін Ақ мешітім!

Сырдың елі демей ме, жырдың елі.
Мақтан тұтам өзіңді Сырдың елі.
Алғашқы астанасы қазағымның,
Елдің қамы елбасымен бір жүрегі.

Тәуелсіз тұғырымның астанасы
Жайнаған мәңгі бақи жас қаласы
Жүрегім де, жырым да тек сен үшін
Ән мен жырдың осында бастамасы.

Өзіңмен жаным бірге жүрегімде
Ұлы той келді, міне, Сыр еліне
Мерейтой құтты болсын жасай берші.
Өзіңсің мақтанышым, тірегім де.


Ақерке БАЛМАНОВА



Фото: Ашық дереккөзден
22 шілде 2025 ж. 102 0