Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 48 газет

01 шілде 2025 ж.

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

№ 46 газет

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Мерейлі мерейтой иесі

Мерейлі мерейтой иесі

«Аллаға шүкір!». Осы бір ауыз сөзде қаншама мән мен мағына бар десеңізші. Иә, біз өткенімізге шүкір, бүгінімізге тәубе, ертеңімізге тәуекел еткен ұлттың ұрпағымыз. Ата-әжелеріміз қай кезде де шүкіршілік етіп отыратын. Сол көзкөргендердің тәлім-тәрбиесінен нәр алған азаматтардың жаман болғаны жоқ. Мерейлі жетпіс бес жасқа толып отырған журналистика саласының ардагері Мүсілім Құлмұратұлы да бүгініне сансыз шүкіршілік етеді. Бәріне тәуба дейді.

Алдыңғы буын ағамыздың зейнет жасына жетіп, ардагерлік кезеңге аяқ басқаны күні кешегідей сияқты еді. Көзді ашып-жұмғанша уақыт сынаптай сырғып, міне, жетпіс бес жастың да есігі айқара ашық тұр. Бұл – адам өмірінің айтулы белесі, ардагерлік кезеңнің аяулы шағы. Мерейлі мерейтой. Аудандық газет арқылы есімі аудан халқына танылған Мүсілім Қалмұратұлы жетпіс бес жасқа жақсы жетіп отыр деп нық сеніммен айта аламыз. Өзіне тән абырой-беделі бар. Ағалап тұратын ізетті інілері мен құрақ ұшып тұратын дос­тары көп. Кейіпкеріміз аға болудың да, іні болудың да қадірін бір­кісідей түсінеді. Бос мақтанды жаны сүймейді. Өзі әр қадамын елеп-екшеп басады. Тазалықты жанына айнымастай серік еткен.

Бірақ... Қанмен келіп, сүйекке сіңген бірбеткей мінезі бар. Оны жасырудың қажеті шамалы. Сол мінезі ғой болмыс-бітімін ерекшелеп, турасын айтып туғанына жақ­пай қалатын билердей беделін кей жерлерде биіктетіп тұратыны. Мұхаңша – Мұхтар Сақтаповша айтсақ: «Бұл мінез – қаламгерлерге тән мінез. Жалтақтамау керек, жалбақтамау керек. Біздің Мүсілім сондай азамат, ол бір айтады». Иә, бір айтамын деп бір емес мың адамға жақпай қалудың да арасы бір-ақ қадам. Мүсілім ағамыз сол мінезімен талай адамға жақпай да қалды. Бірақ уақыт өте келе «Осыныкі дұрыс-ау, расында да біз тереңірек ойланбаппыз» деп ағамыздың ой-пікірімен санасқандар қаншама... Жә-жә, біз ағамыздың мінезін айтып қадірін арттыруды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Біз мерейлі жетпіс бес жас туралы ой қозғамақпыз.

Маусым айының орта тұсында «Мұхтар Сақтапов шақырып жатыр» деген хабар келді. Ауданның бас ақыны айтса, жас ақынға заң емес пе! Дереу бардым.

– Тапсырма бар, бала! Саған айтпағанда кімге айтамын, – деп бастады Мұхаң амандық-саулық сұрасқаннан кейін әңгімесін.
– Айтыңыз, орындалатын дүние болса, орындаймыз ғой, – дедім.
– Орындалатын дүниені айтамыз ғой, – деп күлді ақын атамыз.
– Онда орындалады, – дедім.
– Біздің Мүсілім келесі айда жетпіс бес жасқа толады. Мерейтой. Соған бір жақсы мақала жазсаңшы. Сен жазбағанда кім жазады, – деді Мұхтар ақын.
– Е-е, жазу үшін жаралғанбыз ғой, жазамыз, тапсырма қабылданды, – дедім.

Бір кездері арқа сүйеп, маңдай тіреп баратын ағаларымыздың бізге артқан бүгінгі сенімі бізді сөзсіз шабыттандырады. Оның үстіне өткен айда журналис­тика саласының ардагері Сәуле Сұлтанқызының мерейтойына орай жазған мақаламды жұртшылық жылы қабылданғаннан кейін өзім де келесіде сала ардагері Мүсілім ағамыз туралы жазамын деп ойлап жүргенмін. Міне, соның реті келіп тұр. Расында да біз жазбасақ, кім жазады...

Мүсілім Қалмұратұлы туралы аз жазуға да, көп жазуға да болады. Әуелі Мұхтар Сақтапов атамыздың пікіріне назар аударайық.

– Ауылдағы барлық құрбы-құрдастар сияқты Мүсілім де ерте ес жиып, еңбекке ерте араласты. Шаруашылықтың сан салалы тірлігіне тікелей қол ұшын созып, береке-бірліктің бел ортасында жүрді. Балаңмын, жаспын деген жоқ. Қай жұмыс жүктелсе де жүгіре жүріп атқарып, жақсы қырынан танылды. Әуелі құрылыс алаңында шыңдалды. Ауыр жұмысты тез игеріп, қатарластарының алдыңғы сапында жүрді. Тиянақты тірлігін жұмысына арқау еткен жігіт қай жерде еңбек етсе де қолынан қаламын, қойнынан дәптерін тастамады. Құрдастары «Осы біздің Мүсілім бізден озып ақын-жазушы болып кетейін деп жүр-ау, көп оқиды, көп жазады, бірақ бізге көрсетпейді» деп әзілдейтін болды. Мұндайда ол жай ғана жымиып қоя салатын. Біздің Мүсілімді әдеби ортаға, журналистикаға өзінің қарым-қабілеті, ізденісі алып келді. Әлі есімде аудандық газеттің жауапты хатшысымын әрі басылымның әдебиет жағын басқарамын. Бір күні есіктен аққұба өңді, толық келген жігіт имене еніп, сәлем берді. «Өлең жазатын едім, сізге көрсетіп алайын деп едім. Мына дәптерде барлығы бар» деді. «Жарайды, тастап кет, көрейік. Жарайтын дүние болса, газетке басамыз» деп шығарып салдым. Өлеңдерінің өрісі түзу, өресі биік екен. Іріктеп алып, газетке жарияладық. Сол күннен бастап ол газет редакциясымен тығыз байланыс орнатты. Сықақты да тәуір жазатынын байқатты.

«Көшеде жүр көп сиыр,
Қызыл сиыр, көк сиыр.
Тал жегіш кілең жануар,
Байқасаңыз, көп биыл.
Жас ағаштарды сүйеді ол,
Қораңа, достым, ие бол» деп жырлапты. Шынында да сол кезде көше кезіп жүретін сиыр көп еді. Осы бір шумақ сықақ мал иелеріне көп ой салды. Газет тараған келесі күні-ақ кент көшелерінде жүретін сиыр азайды. Сондай-ақ оның «Теңгеш пен Сырғаш», «Дәу келін», «Көршілер хикаясы», «Құдағай» секілді сықақ өлеңдері мен достық әзілдерін де оқырман қауым жылы қабылдады, – дейді Мұхтар Сақтапов ізінен ерген ізетті інісі туралы.

Ал аудандық газеттің бұрынғы бас редакторы Сәуле Сұлтанқызы әріптесінің тапсырылған жұмысқа тиянақтылығын жоғары бағалайды. Әсіресе фототілші ретінде атқарған еңбегі зор екенін айтады.

                                                      

– Ағамыз еңбеккеш, елгезек, қолына алған істі тиянақтамай тынбайтын тындырымды азамат. Сонау 2005 жылдан бастап бертін келеге дейін аудандық газеттің белсенді қызметкері болды. Ол кісі өзі мақала жазып, сол мақаласының суретін де өзі түсіретін. Марқұм Ерғали Әбдіхалықов «Мына Мүсілім менің фотоаппаратыма ғашық болды, орнымды тартып алайын деп жүр-ау» деп әзілдеп күлетін. Несі бар, асыл ағасынан үйреніп, суретке түсірудің қыр-сырын меңгеріп фототілшілік қызметті абыроймен атқарды. Тұщымды-тұщымды мақалалар жазып, мерзімді басылым арқылы көпке ой салды. Келесі кездесулер мен алқалы жиындардан татымды репортаждар берді. Мақалалары аудандық газеттен бөлек облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп, кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды. Бір сөзбен айтқанда, журналистика саласына кеш келсе де көп іс тындырды. Аудандық газеттің тарихында, бағындырған белестерінде ардақты азаматтың өзіндік үлесі бар, – деп түйіндеді Сәуле Сұлтанқызы.

Осы екі пікірден-ақ Мүсілім Қалмұратұлының айтары бар абыройлы азамат екенін аңғаруға болады. Мен кейіпкеріміздің ата-анасы туралы жазғым келеді. Өйткені аудандық газеттің бас редакторы қызметін атқаратын кезімде ардагер әсерлі бір оқиғаны әңгімелеп берген еді. Сол оқиға көңілімде жатталып қалыпты.

Біз қаламымызға арқау етіп, тарқата жазғалы отырған кейіпкеріміздің әкесі Қалмұрат Шалабайұлы 1921 жылдың тумасы екен. Балалық шағы ауыртпалығы мол ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген ол жұртпен бірге жоқшылық тауқыметін тартқан. Бабасы Қолдастан Жолдас, одан Әбілда, Байділда, Дүйсенбай, Өмеш, Өсербай және Сейілда туады. Байділдадан Болтай мен Шалабай, ал Шалабайдан жалғыз ұл Қалмұрат тарайды. Ұлы Отан соғысы басталғанда жиырмадағы жас жігіт жау әскеріне қарсы майданға аттануға талаптанады. Бірақ, ел-жұрттың пікірі ескеріліп, тылдағы ауыр еңбекке жегіледі. Тракторшылар бригадасын құрып, еңкейген қарт пен еңбектеген балаға, жесір әйел-аналарға бас-көз болады. «Майдандағы ерліктен тылдағы еңбек еш кем емес» деген тәмсілге сүйенер болсақ, еңбекпен есейіп, еңсе тіктеген жанның қаншама ұйқысыз, күлкісіз күндер мен түндерді бастан өткергенін аңғарамыз. Бұл туралы бүгінде марқұм болып кеткен тереңөзектік Бекзат Әбсадықұлының естелігінде де айтылады.

– Қалмұраттың тағдыры тылдағы тынымсыз еңбектің нағыз үлгісі еді. Ол қаршадайынан ауыр жұмысқа араласып, үлкендерше жұмыс істеді. Өрімдей жастар сұрапыл соғысқа аттанып жатқанда оның еңбекқор қасиеті ескеріліп, майданға жіберілмеген. Бұл оның тылға аса қажет болғаны ғой. Жас жігіт бұл шешімге қарсы болғанын жақсы білеміз. Бірақ халық сөзі басымдыққа ие болып, Қалмұрат соғыс аяқталғанша тылдағы тірлікке бас-көз болған. Біз ұзақ жыл сырлас, сыйлас азамат болдық. Оның әрбір таңы еңбекпен атып, еңбекпен бататын. Қолы да, жолы да таза болатын, – делінеді естелікте.

Үлкен ауданның ауылшаруашылығы саласындағы жауапты жұмыстарға жетекшілік ету оңай іс емес. Қалмұрат Шалабайұлының соғыс жылдарындағы еңбек жолына зер салсақ, бұрынғы Бидайкөл (Қызыл орақ), қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылындағы шаруашылық істерін басқарғанын байқауға болады. Бүгінде мұны біреу білсе, біреу білмейді. Десе де Сәмет Мәуленов, Оразалы Оразбаев секілді көзкөргендер адал еңбекті ту еткен азаматтың жарқын істерінен толық хабардармыз деп, айтып отыратын.

Жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» атты тамаша туындысы бар. Соғыс жылдарындағы Алмалы атты ауылда өрбіген оқиғалар желісі негізінде жазылған шығарманы қанша рет оқысаңыз да еш жалықпайсыз. Бұл қаламның қасиеті, қаламгердің шеберлігі шығар. Қалмұрат Шалабайұлының тағдыры осы шығармадағы ерекше суреттелген бір уыс бидай немесе далада жатқан масақтың қадірін көз алдымызға әкелді. Болған оқиғаны Мүсілім Қалмұратұлының тілімен жеткізуді жөн көрдік.

«Агроном қызметін атқарған кезінде әкем шаруа­шылықты аралайды. Атын байлап, жұмысына кіріскен ол қырман жұмысымен танысады. Аттылы кісілер жақсы біледі, ер тоқымда ат-жемге арналған кішкентай ғана ілулі дорба болады. Сол дорбаға қырман қарауылы Бермағанбет Нақыпұлы үйдегі бала-шағаға қуырып берерсің деген ниетте қос уыс бидай салып қояды. Кетерінде мұны аңғарған әкем қос уыс бидайды қырмандағы астыққа қосып, төгеді де екінші рет бұлай жасамауды ескертеді. Кім біледі сол жолы қос уыс бидайды алса және ол ісі әшкере болса, сотталып та кетер еді. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын Бермағанбет Нақыпұлының өзі айтып берген еді. Бұдан әкемнің адал, таза болғанын байқаймыз» дейді Мүсілім Қалмұратұлы.

Қолы таза болған адамның жолы да таза болады. Әкесінен айырылғанда небәрі он екі жасар бала болған Мүсілім ағамыз тілшілік қызметтің талабымен ауыл аралағанда әкесінің көзін көрген кісілердің тек жақсы пікір білдіргенін айтады.

– Әкем 1962 жылы өмірден өтті. Анам Бақтыгүл (Бақыш) Көшербайқызы ерте жесір қалды. Менің алдымда Жақсылық, Серікбол деген ағаларым, менен кейін Мұстаяп деген інім және Құрманкүл, Тұрғанкүл, Дина, Мәдина атты қарындастарым бар. Жақсылық ағам «ПМК 15» мекемесінде еңбек етті, күріштік жерлерді дайындауға атсалысты. Серікбол мен Мұстаяп бүгінде өмірден өтті. Қарындастарымның бәрі үйлі-жайлы, бір-бір әулеттің үлгілі келіні, анасы атанып отыр. Әкем өмірден өткенде ең кенжеміз Мәдина бесіктегі бес айлық сәби болатын. Оған да алпыс жылдан астам уақыт өтіпті. Уақыт бәріне емші екен, – дейді Мүсілім Қалмұратұлы.

Кейіпкерімізбен әңгімелессеңіз уақыттың қалай тез өткенін білмей қаласыз. Әсіресе фотоальбомында қызы­ғарлық дүниелер көп. Өзі түсірген суреттерді ұқыптап жинап қойған. Қыздың жиған жүгіндей бәрі тап-таза, күні кеше түсірілгендей сапалы. Оқта-текте тарихи суреттерді сұрап алып, әлеуметтік желіге жариялап жүрміз. Жұртшылық жылы қабылдайды. Ізгі тілегін жаудырып жатады. Сол тілектердің астарында Мүсілім ағамыздың еңбегі бар екенін айта жүреміз. Мысалы, жақында Мүсілім ағамыздың альбомын ақтарып отырып ауылшаруашылық саласының майталманы Бақытбек Мыхановқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстау салтанатында түсірілген сурет қолымызға тиді. Суретті көрген бойда қайраткер-тұлғаның еңбегін ой таразысынан өткізіп, жақсы естелікті әлеуметтік желі арқылы жариялау­ды жөн көрдік. Сол-ақ екен көзкөргендер жақсы-жақсы пікір білдіріп, тұлғаның ұрпақтары алғыс айтып, өзіміз де бір марқайып қалдық. «Жақсыдан – шарапат» деген осы шығар... Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Мүсілім ағамыз өз еңбек жолында «Серпінді Сырдария» газетінің бас редакторы қызметін де атқарған. Бұл қоғамдық-саяси, рухани-танымдық, ақпараттық газет ретінде ресми тіркелген басылым болатын. Алғашында 1000 данамен таратылды. Бірнеше нөмірі жарыққа шық­қаннан кейін оқырмандар қызығушылық танытты. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау болмаса, газет арқылы мемлекеттік тапсырысты орындамаса, басылымның типографиялық шығынын өтеу қиын екен. Сөйтіп газеттің ғұмыры қысқа болды. Бірақ бұл да бір өмір белесі ретінде есте қалды. Мұнан бөлек кейіпкеріміз аудандық деңгейдегі жыр-мүшәйраларының бірнеше рет жеңімпазы атанды. Фотосуретшілердің байқауында да талай рет топ жарды. Туындылары кітаптарға енді. Ауданның дамуына қосқан үлесі ескеріліп, «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды. Облыс, аудан әкімдерінің, басқарма, бөлім басшыларының, «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының Алғыс хатына ие болды. Қазір аудандық газет редакциясы жанында бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде жас буынға бағыт-бағдар беріп келеді. Бір сөзбен айтқанда, еңбек жолында жақсы маман, өмір жолында жақсы азамат ретінде қоғамның алды болып, жетпіс бес жасқа абыроймен жетіп отыр. Ал тазалығы, тазалық сақтау мәдениеті, киім киісі, ұқыптылығы бөлек әңгіме. Осы орайда Мүсілім Қалмұратұлының жары Қалдыгүл Жаншыбаеваның аудан­дық газет редакциясында әріп теруші болып қызмет атқарғанын, өмірден ерте озғанын айтып өткеніміз жөн болар.

– Адамның тәні де, жаны да таза болса, қанекей. Кейде екі ұғымды ұштастыра алмай жатамыз ғой. Бірақ бәріне шүкір деймін. Жетпіс бес жасқа толып жатырмын. Алла амандық беріп, алдымыздағы ағалардың жолын жалғастыра берейік. Ең бастысы, ел аман болсын, азаматтар аттан түспесін, – дейді ағамыз.

Біздікі де осы тілек. «Көп тілегі – қабыл» демекші, жетпіс бес жастың желкенін керген ағамыз сексенге сергек жетіп, тоқсанның төріне аман-есен жетіп, көршісі Яхия қарт секілді ғасыр-ғұмыр жасасын! Мерейлі мерейтой құтты болсын!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
және Журналистер
одағының мүшесі

01 шілде 2025 ж. 329 0