Жанымда жүр жақсы адам...

Сәрсенбі күні аудандық газеттің бас редакторы Аружан Мұханбетқали хабарласты. Бұйымтайы бар екенін айтқан ол «Сәуле апай 65 жасқа толып жатыр, бірге құттықтасақ, сосын апай туралы газетке мақала жазып берсеңіз» деп жоспарлы ойымен бөлісті. Бірден келістім. Бұл бір жағынан міндетіміз де еді. Сол міндетімізді мерейлі датамен ұштастырып жатқан Аружанға іштей риза болып, бас редактордың өтінішін тапсырма деп қабылдап, қолға дереу қалам алдым. Жаны жайсаң жақсы жан туралы жазу оңай ғой, мұндайда қалам да жүйрік, ой да орнықты, айтылар әңгіме де әсерлі болмақ. Жазу үстеліне отырғанымда Сәуле Сұлтанқызының адами болмысы, жұрт үлгі тұтатын жақсы істері, бізді қияға жетелеген, шабытымызға серпіліс сыйлаған қолдауы, жанашырлығы, мейір-шапағаты көңілімді тербеп, көркем ойлар шуағын шашты.
Иә, аудандық басылымның бізге дейінгі бас редакторларының ішінде Сәуле Сұлтанқызының есімі зор құрметпен аталады. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, оның ішінде он сегіз жыл аудандық газеттің бас редакторы болған ардақты жан өнегелі өмір иесі ретінде аудан халқына сыйлы, қадірлі, құрметті деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің ортақ ұстазымыз қарымды қаламгер, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ғана емес, өнегелі отбасының шамшырағы болған «Алтын алқалы» ақ жаулықты ана, аяулы әже.
Ардақты жанды өзгелерден ерекшелейтін қасиеті – көңілінің кеңдігі, пейілінің тазалығы, жүрегінің мейірім мен адалдық деп соғатыны болса керек. Ол кісінің алдына мұңайып кірген адам, күліп шығады. Ешқашан ешкімнің меселін қайтарып, ауыр сөз айтқанын көрген де, естіген де емеспіз. Қай кезде де тазалықтың шырағданы болып, жанашырлық туын өзгелерден биік ұстауы тектілігінен, ептілігінен, сертке бекем сергектігінен деп білеміз. Бір сөзбен айтқанда, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Сәуле Сұлтанқызы біз үшін қарапайымдылықтың, кішіпейілділіктің, пайым-парасаттың үлгісі.
Отбасы мен қызметті қатар алып жүру және екі ортада да құрметті болу әйел азаматы үшін оңай шаруа емес. Сәуле Сұлтанқызы қызметте абыройлы басшы ғана емес, ұжымға қамқоршы болды, әріптестерінің қуанышы мен қайғысын бірге сезінді, сынақты сәттерде әріптестерінің жанынан табылды.
Ұжымдастары да басшының айналасына топтасып, ортақ абырой жолында еңбек ете білді, бас редактордың бастамаларын қолдады, қуаттады, сөзбен де, іспен де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарады. Бірлесе атқарылған сол еңбек аудандық газет редакциясының абыройын асқақтатты, мерей-мәртебесін биіктетті. «Тіршілік тынысы» газеті талай рет абырой биігінен көрініп, облыс бойынша үздік басылым атанды. «Бір басшыға мың қосшы» демекші, мұның бәрі бекем бірліктің, тату тірліктің жемісі екені анық.
Жақсы істердің жаршысы болған жайсаң жан отбасында сүйікті жар, аяулы ана, кемеңгер әже ретінде отбасының берекесін бекітіп, ырысы мен ынтымағын арттырып келеді. Сірә, әйел-ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар... Болмысы бөлек, бітімі ерек Айғали ағамыз бен Сәуле апамыздың тәлім-тәрбиесін көрген, бағыт-бағдарын темірқазық еткен алты ұл мен бір қыз бүгінде ер жетті, бой жетті. Бәрі де адал еңбекпен есейді. Түрлі саланың білікті маманы атанды. Елге жақсы атымен танылды. Өсіп-өнген әулеттермен құда болған әулетте білімге құштар, өнерге бейім, спортқа құмар немере-шөберелер өсіп келеді. Ұлағатты ұрпақтар ата-әжелерінің, әке-аналарының абыройлы жолын жалғап, алды оқу орнын бітіріп, еңбекке араласып жатса, кейінгілері жоғары оқу орнында, мектепте білім алуда. Сол жақсы ұрпақтың жетістігіне шүкір етіп, қызығына кенеліп, шаттығына бөленіп отырған ардагерлер өткен күндеріне тәубе, бүгініне шүкір етіп, ертеңіне сеніммен қарайды.
Мен әркез Сәуле Сұлтанқызының қарамағында жұмыс істегенімді мақтан етемін. Ғибратты ғұмыр иесін өзіме ұстаз санап, үлгілі істерін дәріптеуді парызым деп санаймын. Ол кісіден кейін аудандық газетті басқарудың жауапкершілігін терең сезініп, биік үдеден шығу жолында барынша еңбек еттім деп есептеймін. Бізге бағыт-бағдар беріп, өмірлік мол тәжірибесімен бөлісіп келе жатқан ардақты жанға шынайы алғысым мен ризашылығымды білдіргім келеді. Осы ретте аудандық газеттің бас редакторы қызметін атқарған уақытымда ұжымның қолдауымен Сәуле Сұлтанқызын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне ұсынып, кәсіби мерекемізде марапатталуына үлес қосқанымды ардақты жанның алдындағы парызымның аз да болса өтелгені деп білемін. Алдағы уақытта да жанымызда жүрген жақсы жанға құрмет көрсетіп, қолымыздан келгенше қызмет етуді міндетім деп санаймын.
Халқымызда «Жақсыдан шарапат» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Осы сөзді оқып, естіген сайын адамдардың жақсы қасиеттерінен, адамгершілік істерінен үлгі алуға тырысамын. Ал Сәуле Сұлтанқызы біз үшін ісімен де, сөзімен де үлгілі, өнегелі жан. Мерейлі 65 жасқа толып, ұл-қыздарының, ұрпақтарының, ағайын-туыс пен әріптестерінің құрметіне кенеліп жатқан аяулы жанға мол бақыт, шадыман шаттық тілейміз...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ