Ардагер спортшының турнирі
Жақында кент орталығында ерекше турнир өтті. Оны ұйымдастырған кент ардагерлері кеңесі мен биыл жетпіс жасқа толған ардагер спортшы Бақтыбай Мәтібаев ағамыз.
Саламатты өмірді ұстанатын Б.Тұрсынбайұлы 40 жыл ауданның денсаулық саласында фельдшер болып жемісті еңбек етті. Қыстың дүлей боранында, жаздың аптап ыстығында аудан орталығынан шалғай орналасқан малшылар мен шопандардың қыстағына сапар шегіп, қызмет жасады. Бәкең ешуақытта көлік мінген емес. Күніне 9-10 шақырым жер жүріп, жұмыс орнына жаяу баратын. Мінезі де мәрт. Уәде берсе, екі етпей орындайды.
Сүйікті жары Ақкүл апай – орта буын медицина қызметкері. Ол кісі де осы салада қырық жылдан астам жұмыс жасаған. Ерлі-зайыпты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан балдай тәтті он шақты немере сүйіп отыр.
– Бәкең үлгі тұтатын ағамыз. Барынша әділ, көппен ортақ тіл тапқыш, қалжыңды да сүйеді. Мерейлі жетпіс жасқа абыроймен жетіп отыр. Бұл оның ақжарқын, ақкөңілділігінің, қайсарлығының, турашылдығының жемісі ғой деп ойлаймын, – дейді мерейтой иесінің зейнеткер інісі Балтабай.
Бәкең 70 жылдық мерей жасын мейрамханада емес, аудандық «Достық» үйінің ардагерлер бөлмесінде атап өтті. Осы орайда ардагер спортшының шахматтан аудан чемпионы, бильярдтан аудандық турнирдің екінші орын иегері екендігін айта кеткен жөн.
Ардагердің отбасы және ағайын-туыстары жүлде белгілеп, кентте ардагерлер арасында бильярдтан турнир өткізді. Ақсүйектер ойыны аталатын доданы құттықтау сөзбен ашқан кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бұл әдеттегіден ерекше турнир екендігін, өзгелерге үрдісті үлгі болатынын, оған ардагерлердің белсенділікпен қатысып жатқандығын атап өтті.
Жарыстың бас төрешісі Мектепхан Елеусінов біріншіліктің ережесін таныстырғаннан кейін 16 ардагер спортшы жеребе бойынша жарыс жолына шықты. Биыл тоқсан жастың төріндегі Рахымжан Бәйменов бастаған бильярдшылар, атап айтатын болсақ, сексеннің сеңгірінен асқан Сергей Тоқсанбаев, Марат Сақтапов, Төлеу Сүлейменов, олардың ізін басып жүрген Абылай Әшірбеков, Үсейін Сүлейменов, Әнуар Қарсақбаев, Мырзалы Орынбаев, Бақытжан Әбілпаттаев және мерейтой иесінен бір жас кіші інілері Амантай Есмағанбетов, Мектепхан Елеусінов, Рахымберді Раймов және басқа да ардагерлер ойынды қыздырды. Тартысты ойын барысында он алты спортшының сегізі жеңіске жетіп, жарысты жалғастырды. Одан төрт ардагер жартылай финалға шықты. Сайыс қорытындысында бірінші орынды Әнуар Қарсақбаев жеңіп алды. Екінші орынды Төлеу Сүлейменов жеңіп алса, үшінші тұғырға Абылай Әшірбеков көтерілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық беріліп, олардың иығына мерейтой иесінің апасы Раушан Мәтібаева шапан жапты. Ал барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.
Ардагер споршыларға түс мезгілінде мерейтой иесінің отбасында ақ дастархан жайылып, әруақтарға Құран бағышталды. Түскі ас соңында ардагерлердің тоқсанға келген ағасы Рахымжан қажы Бәйменов ақжарылқап бата берді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ