Кемелденудің амалы – кітап оқу

Шынында да адамның бақытты, табысты өмір сүруіне қажетті қасиеттердің ғасырлар бойы жинақталған қамбасы, асыл қазынасы – осы кітап. Кітапты көп оқыған адамның кемелділікке жете алатындығы ақиқат. Осы себепті де, аудан бойынша ұйымдастырған байқауымызды «Кітап оқы да, кемелден» деп атадық. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технология шығып жатыр. Бірақ олардың бәрі ғасырлар сүзгісінен өткен кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күйі – қашанда жарық. Оқырман қауымға кітап оқудың бірнеше пайдасы жөнінде айта кеткен жөн. Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзіңді тануға көмектеседі. Адам жадысын байытады және ойлауды дамытады. Яғни көп оқыған адамның жады мықты болады. Тез ойлап, тез қорыта алады. Талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Көптеген табыс пен жетістіктің ең басты негізі. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Сөздік қорды байытып қана қоймайды. Жалпы сауаттылық деңгейін арттырады. Сонымен қатар адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілетті дамытады.
Қандай кітап оқу керек дегеннің өзі қай кезде де болсын, үлкен мәселе. Ғалымдар ұлттық классикалық әдебиеттерді оқу адам миының жақсы жұмыс істеуіне көмектесетіндігін дәлелдеген. Шығармаларда суреттелген өлмес идеялар ауру тудырған негатив ойлардан тазартып, мидың жұмысын жандандырып, жаңғыртып, өмірге деген адамның құлшынысын арттыра түсетін болады. «Кітап – адам жанының емшісі». Кез келген кітапты оқығанда оның міндетті түрде жақсы және не жаман әсері кездеседі. Әсіресе көркем шығарманың оқырманға берер эстетикалық әсері зор. Шаршағанда не болмаса, стресске түскен жағдайда әдеби шығарма оқысаңыз сұлу сөздің, керкем табиғаттың, кейіпкердің, асыл армандардың, асқақ идеялардың шынайылықпен көркем кестеленуі ойыңды бірте-бірте сергітіп, жаныңды жадыратып, ерекше бір сезімге, күйге бөлейді. Кітап оқу арқылы ойлау жүйеңіз кеңейеді, көркем сөйлеп дағдыланасыз, мәдениет пайда болады, агрессия азайып, жанашырлық молаяды.
Ғалымдардың анықтауынша, кітап оқу күнделікті жүйкенің жұқаруын 68 пайызға дейін төмендетеді. Аптасына 3,5 сағат кітап оқығандар арасында өлім-жітім 23 пайызға азаятын көрінеді. Кітапқұмардың түрлі жүйке ауруларына аз шалдығатыны дәлелденген. Кітап оқығанның таза ауада серуендеп, не болмаса, сазды әуен тыңдап демалғанға қарағанда да жүйке жүйесінің миды қалыпты жұмысына әсері айтарлықтай оң екендігі анықталған.
Дін де, өнер де, діл де, философия да, әдебиет те, көзқарас та кітаптан бастау алады. Бұл әркімге ауадай қажет рухани азық. Рухани азық кітап арқылы бойымызға сіңеді. Кітап – адам өмірінің негізі, адамзат мәдениетінің жүйеленген жиынтығы. Кітапты көп оқыған адамның дүниетанымы кең, білімі мол, өте сауатты болатыны рас. Ал кітап оқудың өмірді ұзартатыны жайлы не білеміз? Осы сауалдың жауабын білмек мақсатта АҚШ мамандары арнайы зерттеу жүргізіп көрген екен. Зерттеушілер 50 жастан асқан 3635 адамнан «Сіз кітап оқисыз, әлде жоқ па?» деген тақырыпта сауалнама алған. Сауалнама қорытындысына сүйеніп, қатысқан адамдарды үш топқа бөлген. Кітап оқымайтындар, аптасына 3,5 сағат және одан кітап оқитындар. Ғалымдар сауалнамаға қатысқан адамдарды 12 жыл бойы бақылауда ұстаған. Сонда зерттеушілер кітапты көп оқитын адамдардың оқымайтындарға қарағанда ұзағырақ өмір сүретінін байқайды. Тағы бір факті: кітап оқитындардың өлімі кітап оқымайтындарға қарағанда 5 есе аз болған... Өйткені кітап оқу адамның санаға қабылдау қабілетін, ойлау жүйесін жақсартады. Ондай адамға қарттық ерте келе қоймайды. Кітап қай заманда да мәдениеттің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – парасаттылықтың белгісі һәм кітап оқыған адам әрқашан байсалды.
Көркем әдебиет байқауында Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған Нағи Ілиясов, Аманкелді, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, ауылдарынан оқушылар қатысты. Осы аталған ауылдардың мектептерінің оқушылары бір айдың үстінде алдын ала байқау талабына сай келетін ауыл және мектеп кітапханаларында жеткілікті қоры бар көркем әдебиетпен сусындады. Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз», Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары Жеңістің 80 жылдығына орай таңдалып алынса, тағы бір әдебиетіміздің классикасы саналатын Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы, Тауахи Ахмановтың «Күй аңызы», Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», «Қараш-қараш» оқиғасы, «Оқыған азамат», «Қорғансыздың күні», әңгімелері өзара кеңесте балаларға оқуға тиісті шығарма ретінде қабылданды. Жалпы байқауға бес жүзге жуық оқушы қамтылғанын айта кетейін. Екі жүзге жуық оқушы эссе жазып шықты. Осы оқушылардың ішінде Аманкелді ауылының оқушысы Олжабай Ақылбектің жазушы Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесі бойынша жазған эссесі бәрімізді айран-асыр қалдырды. Болашақта Олжабай баламыз осы жолдан айнымаса қазақтың әдебиетіне олжа салатын үлкен қаламгер болатынына сенеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай жиынында кітап оқу жайында ой толғай келіп: «Біз ең алдымен жастарды баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген бастама көтерген болатын. Ұлттық кітап күні де биылдан бастап елімізде арнайы аталып өтілетін болды. Еуропа мемлекеттерінің басшылары да әлеуметтік желінің теріс ықпалынан жас буынды сақтандыру мақсатында арнайы бірлескен бағдарлама қабылдап, әдебиет оқытуды дамыту жөнінде шешімге келіп, тегіннен-тегін емес. Жалпы жаһандық рухани сын-қатерден қай буынды да сақтап қалудың негізігі жолы – көркем әдебиет екендігі күмән тудырмасы керек. Ел Президентінің бастамасынан кейін дәл осы формада жасөспірімдерге көркем әдебиет оқыту байқауы Сырдария ауданында өткенін баса айтып өткім келеді. Неміс ойшылы, ақын Генрих Гейне: «Кітаптарды өртегендер ерте ме, кеш пе адамдарды да өртейді» десе, қазақтың ұлы әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменов: – «Кітапты өртегеннен де үлкен күнә бар, ол кітапты оқымау» деген екен. Яғни кітапты оқымау қоғамды көзге түртсе көрінбес қараңғылыққа ғана бастайды.
Адамның ұлылығы оның ойлай білетіндігінде жатса, сол мидың ойлау жұмысын одан әрі жетілдіріп, тән саулығын, жан сұлулығын арттыра түсетін бірден-бір құрал осы – кітап. Ұлттың ұлылығын нұрландыра түсетін де – осы кітап, әдебиет. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинап, тасқа басып, кітап қылып қалдырып кеткен рухани құндылықтарын игерген жастардың қатарының көптігі мемлекетіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемел, жарқын болуының айнымас кепілі.
Нұрмат МАНСҰРОВ,
«Серпер» сыйлығының иегері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы
Фото: Ашық дереккөзден