Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқып, жүзден жүйрік шықты

Кітап оқып, жүзден жүйрік шықты

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен «Кітап оқы да, кемелден!» тақырыбындағы мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған көркем әдебиет оқу байқауының қорытынды іс-шарасы өтті. Аталған іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық фил­иалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, ау­дандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. «AMANAT» партиясының «KITAP – AMANAT» жобасы шеңберінде жүзеге асқан байқауда ауданның 8 мектебінен талапкерлер бақ сынады.

Қорытынды іс-шараны ашқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев байқау жеңімпаздарын құттықтап, кітап оқу адамға рухани құндылық сыйлайтынын жеткізді.

Бүгін біз cәуір айында бастау алған жас ұрпақтың таным көкжиегінің кеңеюіне жол ашатын игі іс-шара – «Кітап оқы да, кемелден!» атты көркем әдебиет оқу байқауының марапаттау рәсімінде бас қосып отырмыз. Кітап – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына, баға жетпес байлық. Кітап – тек білімнің ғана емес, адамзаттың ақыл-ойы мен тәжірибесінің жиынтығы, тарихтың шынайы куәсі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» деп атап көрсеткен. Сондықтан сарқылмас қазына – саналы ұрпақ өсірудің, ел болашағын кемел етудің кепілі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға бау­луымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп ерекше атап өтті. Сол себепті әлемдік өркениеттің көшінен қалмау үшін бізге ең алдымен – білім, ізденіс, рухани дамуға ұмтылыс қажет. Ал бұл жолдағы ең сенімді серігіміз ол – кітап.

Жыл басында ауданымызда «Руханият» орталығы бой көтеріп, қазіргі заман талабына сай кітапханамыз жүйелі жұмыс жасауда. Мұнда жас ұрпақтың рухани өсуіне барлық жағдай жасалған. Кітапханалар жүйесінде 437 мыңнан астам кітап қоры бар. Аталған кітап қорларын сақтау және халыққа ұсынуда 50-ден астам кітапханашы аянбай қызмет етіп келеді. Мұнда «Коворкинг» орталығы, тегін интернет ресурстары және электронды кітапхана жүйесіне қол жеткізуге болады. Сондай-ақ кітапхана төрінде кішкентай оқырмандарға арналған арнайы балалар бөлімі жабдықталған. Сіздер Абайдың дана сөзін, Мұхтардың терең ойларын, Қасым мен Ғабиттің көркем бейнелерін жүректеріңізбен сезіндіңіздер. Дана халқымыз «Білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Сіздердің білім жолындағы алғашқы жеңістеріңіз – кітаппен дос болу, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде аудан басшысы байқаудың бас жүлдесіне ие болған бірнеше оқушы марапаттап, сыйлыққа вело­сипед табыстады. Бұл ретте жобаның идея авторлары әрі ұйым­дас­тырушылары ақын, Сырдария ау­данының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұров пен «AMANAT» партиясының Сыр­дария аудандық филиалының Ат­қарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы екенін айта кетейік.
– Жиырмасыншы ғасырдың ба­сындағы орыстың атақты жазушысы Максим Горький «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыз­дармын» деген екен. «Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең шынайы дос» деп келетін түркі жұртының ойшылы Әлішер Науаидің да нақылы бар. Шынында да адамның бақытты, табыс­ты өмір сүруіне қажетті қасиеттердің ғасырлар бойы жинақталған қамбасы асыл қазынасы – осы кітап. Оқыған адамның күні – қашанда жарық. Осы жобамызды қолдаған аудан басшысына, барлық демеуші болған ел ағаларына алғыс айтамын, – деді Нұрмат Абдоллаұлы.

Марапаттау рәсімінде І және ІІ орын алған оқушыларды «AMANAT» пар­тиясы Қызылорда об­лыстық фил­­­иалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы өкіл­дігінің өкілі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова, республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов марапаттады. Ал байқаудың ІІІ орын иегерлерін жоба авторлары қуанышқа бөледі.

– Елімізде кітап оқитын жастар көптеп кездеседі. Білімнің қайнар бұлағын кітаптан табатын жастардың болашағы зор. Бүгінде білімді жастар үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Біздің жерлестеріміз шетелде білім алып, елдің дамуына зор үлес қосуда. «AMANAT» партиясының «KI­TAP – AMANAT» жобасы негізінде ауқымды іс-шаралар жасалып келеді. Жетекші партия қашанда жастар шығармашылығын дамытуда зор үлес қоса береді. Аталған жобаның оқушылар үшін берері мол, – деді Алмасбек Есмаханов.

Ауқымды кең жобаның кеңінен өткізілуіне демеушілік етіп, қолдау көрсеткен ел азаматтары қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкер және қоғам қайраткері. «Абзал және К» компаниясының негізін қалаушы Абзал Ералиев, жеке кәсіпкер, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, меценат Мақсұт Әбдіғаппарұлы, «Аманат» шаруа қожалығының директоры, жеке кәсіпкер Меңдіғали Есжанов, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Каскиев, «БАҚ» шаруа қожалығының төрағасы Серік Әбжәлиев, жеке кәсіпкер, «Шаған» құрылыс дүкенінің иесі Әділбек Прәлиев, жеке кәсіпкер, «Би Али» спорт дүкендері желісінің иесі Асхат Шәукенбаев, С.Сейфуллин ауылдық округінің қоғамдастық жиы­нының төрағасы Жаппас Жүнісов, бірқатар шар­уашылық төрағалары Бөлеген Рақ­метов, Серікбол Арықов, Оңғар Құрманайұлы, «Ақжарма және К» ЖШС директоры Алмат Нұрсейітов бар.

Танымы мен тағылымы ерекше іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әдеби қойылым қойып, әннен шашу шашты, би биледі.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
31 мамыр 2025 ж. 188 0