Облыс әкімі Ұлттық кітап күнімен құттықтады
Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін бекітуді ұсынып, «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу», - деп атап өтті.
Бұл - халқымыздың асыл мұрасы кітапқа көрсетілген құрмет.
Жыл сайын осы күні кітап көрмелері, ақын-жазушылармен кездесулер, оқу марафондары ұйымдастырылады.
Былтыр Сыр елінде «Руханият жылы» жарияланып, мәдени нысандар бой көтерді. Аудан орталықтарында «Руханият орталықтары» салынып, жұмысын бастады. Аудандық кітапханалар осы орталықтарға көшіріліп, қор бөлімдерінің сыйымдылығы артты. Жаңа әрі заманауи ғимарат оқырман қауымға жайлы, қызметі қолайлы. Кітапханалар тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Бұрынғы кітапханалар 55 мың кітапқа арналса, қазір 200 мың кітап сақтауға мүмкіндік бар. Жалпы, облыстағы 209 кітапханада 5 миллионға жуық кітап қоры жинақталған.
Адам баласының сарқылмас қазынасы кітапты сақтап, қоғамға жан-жақты насихаттау, зияткер жастарды ынталандыру мен мәдени құндылықтарымызды келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы өткен ғасыр басында: «...Әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес», - деп айтқан болатын. Осы ұлағатты сөзден қазақтың ұлттық болмысы мен рухын жоғалтпауының негізі әдебиетімізде, кітапта жатқанын түсінеміз.
Атаулы күн аясында ұйымдастырылған тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратынына сенемін.
Ұлттық кітап күні құтты болсын!