Дәрігер ағалар

Бір жылдары қайын ағам Нұрлығайым ауырып, өкпені емдейтін аудандық ауруханада жатты. Қол тигенде барып көңілін сұрап тұрамыз. Ол жерде ауданға белгілі дәрігер ағаларымыз жұмыс жасайтын. Ұзақ емдеуді қажет еткеннен кейін ауылдан көже қатығымызға қосып, дәрігерлерге де сәлемдемемізді әкелетінбіз.
Заманына байланысты ма, ол кезде дәрігерге ақша беру үрдіс емес. Рахметтің ең үлкені не жасыратыны бар «Қазақстан коньягы», я орыстың ішімдігі. Көп мәселе осы дүниелермен шешіле беретін. Осылай бір барғанымда Нұрекеңнің емдеуші дәрігері Кенжебек ағай оңаша кабинетіне шақырды. «Қайнағаңды облыстағы басшы дәрігерлер қалаға алып өкпесіне ота жасауды ұйғарып отыр. Мен түбегейлі қарсы болдым, бірақ олардың шешімін тоқтата алмадым. Пышаққа түсу қай жағдайда да оңай емес. Ота қабырғаларды сөгу арқылы ауыр жағдайда жасалады, әлсіз дене көтере де алмауы мүмкін. Менің емім өз нәтижесін беріп тұр. Ауру жазылу үстінде, бір екі айда құлан таза болып жазылып кетеді. Мен оған сенімдімін. Ешқандай қорқыныш жоқ. Соны мына жоғарыдағы дәрігерлерге түсіндіре алмадым» деді.
«Бұны тоқтатудың бір-ақ жолы бар. Ол мен берген емдеу құжаттарын Алматы қаласындағы ғылыми зерттеу орталығына көрсетіп, қарсы шешім әкелу» деді сөзін жалғап.
Құдай Нұрекеңнің жолын болдырайын деп тұр екен. Мені Алматыға осы күндері оқуға жібермесі бар ма, қандай сәттілік болды. Кенжебек аға түсірген рентген құжаттарын «ешкімге айтпа» деп, бір құндақталған қара қағазға орап берді. Ол кісіні де түсінемін, тікелей бағынатын облыс дәрігерлеріне айтпай астыртын жіберіп отырғанын. Бұның артында адам тағдыры және өзінің тәжірибелі еңбектері тұрғанын. Қай жоғарыдағы басшы өзінен аттап кеткенді жақтырады. Алматыда бажам Асылбектің үйіне тоқтадым. Жұмыстарымды бірыңғайлаған соң Асекең екеуміз Кенжебек ағаның тапсырмасымен емдеу орталығын іздедік.
Ағаның айтуы бойынша «Қазақстан» қонақ үйінің жанынан оңай тауып алдық. Сырты биік қоршаумен қоршалған, ішінде кілең ескі ғимараттар екен. Осыған қарап «бұл зерттеу институтына мардымды ақша да бөлінбейді-ау» деп ойладым.
Бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасарының қабылдауында кезек күтіп отырмыз. Бізден басқаның бәрі – ақ халаттылар. Дәрігеріміз орта жастағы жылы шырайлы өте кішіпейлі ғалым аға болып шықты. Мен келген жұмысымды айтып, Кенжебек ағайдың берген құжаттарын тапсырдым. Ол кісі асықпай рентген түсірімдерді қабырғадағы экранға шығарып, кезек-кезегімен қарап шықты.
«Жігіттер, дер кезінде келген екенсіздер. Мына дәрігердің өзін көрмесем де емімен таныспын. Өте мықты дәрігер. Ауылда болса да ізденімпаз, емдеу шеберлігі біздің кейбір дәрігерлерден жоғары екен» деп таң қалғанын жасырмады. Дереу ауданның бас дәрігеріне «емдеуді жалғастырсын, ота жасалмасын» деп қағаз жазып, қолды қойып, мөр бастырып берді.
Біздің қуанышымызда шек жоқ. Ойымыз рақмет айтып, дәрігерге «құрмет сый» жасау.
Бажам сол кезден кәсіпкер, сөзі өтімді. Дәрігерге ризашылығын білдіріп жүз доллар ақша ұсынды. Ол кезде біз, ауылдағылар, естігеніміз болмаса, долларды көрмеппіз. Бажам қанша ұсынса да дәрігер берген ақшаны алмады. «Сырқаттың еміне пайдаланыңдар» деп. Асекең ақшаны үстелдің үстіне қойып, маған «жүр, кеттік» деп есікке жақындады. Сонда ана ағамыз алдымызға тұрып алып, «жігіттер, бүгін Құрбан айт, отбасыма ешкімнен ақша алмаймын деп шығып едім» деп шынын айтты.
Асекең жанын қоя ма «кім біліп жатыр, аға» деп қоймай жатыр. Сонда дәрігер ағамыз: «мен алғанмен жоғарыдан Жаратушы бәрін көріп тұр. Қорқамын, жігіттер, мені қинамаңдар» деп шығарып салды. Иманы бар ағамызға риза болып, қайта-қайта алғыс айтып жөнімізге кеттік.
Талғардың жолында Райымбек атамыздың мазарының жанында Құрбан айтқа жиналған елді көріп, біз де тоқтап, Құран бағыштап, садақа бердік. Ол жерде құрбандыққа мал шалып, арнайы отырған жетімдер үйінің өкіліне өткіздік. Бажаның жүз доллары бір қой болды.
Ауылға келіп бас дәрігер Астрахан ағайға орталықтың шешімін өткіздім.
Қайын ағам бір-екі айдай емделіп, отасыз құлан таза болып, отбасына қосылды. Оған да қанша жыл өтті. Өмірдің қызығына тоймай, немере сүйіп, биыл ағамыз жетпіс үш жасқа толып отыр.
Мамандығын сүйіп, талайдың өмірін ұзартуға себеп болған, абыройлы жұмыс істеген қайран ағаларымның бірі келместің кемесіне мініп, бірі сол абыроймен еңбектерінің зейнетін көріп ортамызда жүр. Қазақта «Алтын алма, алғыс ал, алтын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы» дегендей, абзал ағаларымыздың адал еңбегін, тазалығын, аудан тұрғындары осы уақытта да еске алып отырады.
Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі