Орденді дәрігер
Кенжекең кішіпейіл, ақкөңіл, көздерінен мейірім ұшқындап тұратын абзал азамат еді. Ол кісі өз ісінің кәсіби маманы болғандықтан жарты ғасырдан астам уақыт аудан тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетті. Алғаны алғыс болды жақсы ағаның.
– Кенжекең керемет жан еді. Ұзақ жыл бірге жұмыс жасап, Ақтөбе медициналық институтын бізден бірер жыл бұрын бітіріп, 50 жылдан аса уақыт ауданда өкпе ауруларымен күресте білікті маман болды. Өмірлік қосағы Айсұлу Палымқызы да жоғарғы оқу орнын өзімен бірге бітіріп, көп жыл аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесін басқарды. Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында ерен еңбек етті. Бүгінде кең пейілді Кенжебек ағамыз арамызда жоқ болса да Айсұлу Палымқызы, балалары жақсы ағаның көзіндей болып, шаңырақтың отын жағып отыр, – дейді ауданның медицина саласының ардагері Астрахан Қожақов.
Кенжебек Маханбетұлы 1939 жылы Тереңөзек ауданының Шаңдайкөл колхозында дүниеге келген. Аудан орталығынан онжылдық мектеп бітіргеннен кейін екі жыл ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасап, 1958 жылы Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны 1964 жылы бітіріп, туған еліне оралған.
Сол кезде Ақтөбе қаласында 1957 жылы жаңадан ашылған мемлекеттік медициналық институтта бар болғаны 150-ге жуық жастар оқыпты. Сол студент жастардың барлығы дәрігер, хирург, терапевт, акушер-гинеколог болуды мақсат тұтса, жұқпалы аурулар маманы болуға олардың онша зауықтары соқпаған. Ал Кенжебек Бәйімбетов болса сол институт қабырғасында жүргенде «Мен дәрігер-фтизиатор, рентгенолог боламын» деп алдына мақсат қойған. Ол мамандықтардың өз денсаулығына тигізетін залалын ойламай, халық үшін өмірінің соңғы күніне дейін адал қызмет жасап, құрметке бөленген азамат.Кенжебек Бәйімбетов 1964 жылы медициналық институтты бітіріп келісімен облыстық денсаулық сақтау бөлімі бастығының бұйрығымен Тереңөзек ауданына дәрігер-фтизиатор болып тағайындалады. Оған дейін ауданда дәрігер-фтизиатор маман болмаған көрінеді. Ауданда туберкулезге қарсы жан-жақты күрес осы кезеңнен бастау алып, серпінді жұмыс жүргізіледі.Кенжебек ағаның халық арасында, медицина қызметкерлерінің ортасында абыройлы екені көзінің тірі кезінде көрініс тапты. Жақсы адамның қашанда жөні бөлек. Екінің бірі абзал тұлға бола бермейтіні ақиқат. Кенжекең кішіпейіл, ақкөңіл адам болатын. Үлкенді де, кішіні де сыйлау оның табиғатында, жан дүниесінде жаратылыстан таралған мол қасиетінің бірі ғана. Оның бүкіл болмысы мейрімділікке, инабаттылыққа, жылулыққа үндесіп тұрушы еді. Ал адами қасиеті жөнінен алдына жан салмайтын. Сондықтан болар Кенжебек аға облыстың дәрігерлер қауымына өте сыйлы жан болды.Кеңес Одағы кезінде дәрігердің орденмен марапатталуы сирек оқиға болатын. Бұл марапат таңдаулылардың таңдаулысына берілетін. Кенжекең – өзінің еңбегіне лайық «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған бірден-бір білікті дәрігер.Тәжірибелі дәрігер Кенжебек Бәйімбетов еліміз егемендік алғаннан кейін де денсаулық саласындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тәуелсіздікке – 10 жыл» мерекелік медальдарының иегері атанып, Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталған.Кенжекең медициналық кітаптарды ғана емес, әдеби кітаптарды да көп оқитын. Уақытын босқа өткізбейтін көзі қарақты оқырманның бірі еді. Қазіргі кезде өзі жоқ болса да жинап, оқыған кітаптары бір мұражайда тұрғандай қатар-қатар арнайы жасалған сөрелерде сақтаулы. Бұл Кенжебек ағадан қалған үлкен қазына, таптырмас білім-ілім көзі.Халыққа қалтқысыз қызмет жасап, дәрігерлік атаққа кір шалдырмаған абзал аға 2016 жылы 77 жасында дүние салды. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, Кенжебек ағаның артында ізгі істері қалды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Серік КАМАЛОВ,
Қазақстан Журналистеродағының мүшелері