Ауылдың тәжірибелі медбикелері

Таңертеңнен басталатын жұмыс қос медбикеге аса ыждағаттылық пен жауапкершілікті жүктейді. Ауыл медбикелеріне жұмыс көп. Ең алдымен дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізу басты міндет. Тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізу, жүкті әйелдердің денсаулығын қадағалау, 1 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын бақылауды осы екі маман атқарады.
Ауылда науқастанып қалған адамдарға алғашқы медициналық көмекті де медбикелер береді. Мұндай жағдай өз тәжірибелерінде бірнеше рет кездескен. Яғни үйден босану жағдайы осыдан екі жыл бұрын орын алған. Толғағы келген әйел 3 қыздан кейінгі 4-ші баласын, ұлын үйінен босанып қалған. Алғашқы көмегін көрсеткен ауыл акушеркасы Жанар Пернебайқызы ана мен сәбиді перзентханаға аман-есен жеткізген.
Сонымен қатар өткен жылы күз айында ауылда орын алған оқыс оқиға кезінде тәжірибелі медбикелер алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсеткендіктен баланы ажалдан арашалап қалған.
– Тереңөзек кентіндегі №35 орта мектепті бітіргеннен кейін медициналық колледжде оқыдым. Алғашқы еңбек жолым аудандық ауруханада басталды. Әйелдерді қарау бөлмесінде 20 жыл акушерка болып еңбек еттім. Аға аяжан қызметін де атқардым. Соңғы бес жылдан бері ауылда амбулаторияда өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Ауылдағы аяғы ауыр әйелдердің денсаулығын қадағалап, уақытылы дәрігерге көрінуін, аман есен босануын қадағалаймын. Осы күні ауылда 18 әйелдің аяғы ауыр. Өткен жылы дүниеге 39 сәби келді. Барлығының денсаулығы жақсы, – дейді тәжірибелі акушерка Жанар Пернебайқызы.
Ауыл акушеркасының айтуынша «8 сағат жұмыс істедім, жұмысым аяқталды» деген нәрсе жоқ. Ауру деген күн-түнге, жыл мезгіліне қарамайды. Шақыртудан бөлек үй-үйді аралап, түсіндіру, аурудың алдын алу бағытында жұмысын жүргізу қажет. Медбике адамдарға тәуліктің кез келген уақытында, оқыс жағдайдың бәрінде керек. Мәселен, жоғарыда акушерканың басынан өткендей, аяқ астынан әйел босанып қалуы мүмкін. Ол кезде әйелдің де, баланың да жағдайын ойлап, тезірек перзентханаға жеткізуге қамданады.

– Негізгі міндетім ауылдағы 0-5 жас аралығындағы балалардың денсаулығын қадағалау. Екпе алуға, медициналық тексеруден өтуге шақырамын. Бүгінде ауылда осы жас аралығында 196 бала бар. Негізгі жұмысымыздан бөлек, жас мамандарға осы қызметтің қыр-сырын үйретіп үлгереміз. Оларға: «Бірінші өздеріңді сақтаңдар, ауырмауға тырысыңдар, сосын өте таза болыңдар», дейміз. Медбике науқастарға қажет, оның бір нәрсеге ұшырамағаны жақсы. Қазір тұмаудың маусымы жүріп жатыр. Үлкен адамнан бастап, балаға дейін ауырады. Тезірек жазылып кету үшін науқас дәрігерге жүгінуі керек. Өз бетінше ем алуға болмайды. Дәрігер тағайындаған емді қабылдап, берген кеңесін орындауы қажет. Екі жақтан бірігіп істеген жұмыс ешқашан олқы болмайды, – дейді медбике Қарлығаш Шерімбетқызы.
Халықтың денсаулығы үшін алғы шепте жүретін медбикелер кез келген адам денсаулығына бірінші адамның өзі жауапты екенін түсінсе дейді.
Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Әр емнің өз уақыты бар, соны ұстану керек, таза жүру керек. Тағы бір қажет нәрсе – білім. Жалпы барлық маманға білім керек, медбикелерге ол екі есе қажет. Ол науқасты дәрігер тағайындаған еммен емдейді, жағдайын қадағалайды. Науқасқа мейіріммен қарау, қолдау, жылы сөз айту, жақсы үміт беру медбикенің қолынан келуі керек. Бұл қасиет екі медбикенің бойынан табылғандықтан, олар ауыл тұрғындары тарапынан алғысқа кенелуде.
Тәжірибелі медбикелер отбасында әрқайсысы 4 баладан тәрбиелеп отырған бақытты ана, сүйікті жар. Олардың қолдаушылары да, қорғаушылары да отбасындағы ер азаматтары. Ауылдағы өнегелі отбасылар қатарындағы Берікбол Жақсылықов пен Нұрлан Өмірбаевтың жан жары Жанар мен Қарлығаш өздерінің адал қызметтерімен ауыл тұрғындарының денсаулығына лайықты үлес қосуда.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ