Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаны ізгілікке толы медбике

Жаны ізгілікке толы медбике

Ыстық ықылас, шын пейіл, риясыз алғыс. Бұның барлығы – адал еңбектің жемісі екенін жақсы білеміз. Күнделікті ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, қызметін мүлтіксіз атқаратын Жақсыгүл Омарова жауапкершілікті басты қағидасына айналдырған. Медицина саласын алғаш таңдағанда қиындығынан тайсалған емес. Әр жылдары үлкеннен тәлім ала жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Әр ісіне ыждағаттылық танытып, ұжымды биік белеске жетелей білгені зор қуаныш.

Өмір жолы өнеге аға буыннан тәлім ала білген Жақсыгүл Омарованың өзі де бүгінде жастарға жол көрсететін жасқа келген. Әрине, денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрайтын медбикенің қоғамдағы рөлі ерекше. Аяулы жан кәсіби маман ғана емес, әрбір науқастың сенімді серігі мен қолдаушысы. Кез келген адамның физикалық және психологиялық жағ­дайын бақылап, оларға қажетті күтіміне баса назар аудартатын Жақсыгүл Өтегенқызы – ақиық ақын ауылының тумасы.

– Өзімнің туған ауылымдағы білімнің қарашаңырағын бітіргеннен кейін медицина мамандығын таң­дауға байлам жасадым. Осылайша Қызылорда қаласындағы медици­налық колледжді 1997 жылы бітіріп, аудандық ауру­хананың «Жан сақтау» бөлім­шесіне жұмысқа орналастым. Нағыз қайнап жатқан тіршіліктің ортасына түскенде шыңдалудың кезеңінен өттім. Күні бойы жаны үшін күрескен әрбір адамға ем-шара жүргізіп, дәрігер нұсқауын мүлтіксіз орындауға талпындым. Жағдайы ауыр, әрбір емнен нәтиже күтетін науқастың жағдайын бақылау кімге болса да ауырлық етеді. Ұйқысыз түндерді өткеріп, дәрігермен қатар әрбір жанға үміт сыйлауға ұмтыламыз. Кейіннен үйдегі ата-анамыздың жағдайына қарап, ауылдық амбулаторияға жұмыс алмастырдым, – дейді Жақсыгүл Өтегенқызы.

Біздің кейіпкеріміз соңғы 19 жылда ауыл халқына қалтқысыз қызмет етуде. Сырқаты сыр берген жанның барлығына ине шаншып, ем-шара жүргізуден жалықпайды. Күні бойы белі бүгіліп, жаны шаршаса да, ешбір шағым айтпайды. Барлық нау­қасты күліп қарсы алып, шағымын тыңдайды. Дәрігер тағайындаған емді қолданады. Үй аралап, егде кісілердің жағдайын сұрауды да ұмытпайды. Ол осыдан 25 жыл бұрын өзінің ауылдасы Қанат Мейрамбековпен отау құрады. Үй мен жұмыстың бабын таба білген аяулы жан – 5 перзенттің анасы.

– Күнделікті межелі жұмысты атқару барысында көптеген тосын жағ­дайға тап болуымыз мүмкін. Әріптестеріммен бірге осы күні халық денсаулығын жақсарту бағы­­тында өлшеусіз еңбек етіп келеміз. Медбикенің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты мүл­тік­сіз орындап, кәсіби біліктілікті шыңдау – өзім секілді маманның тікелей міндеті. Қазіргі уақытта дертке шалдыққан жандар күйзеліске түсіп, жағдайын қиындатып алады. Мұндайда науқаспен ашық сөй­лесуге барымызды саламыз, – деді тәжірибелі медбике.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
22 сәуір 2025 ж. 441 0