Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балалар денсаулығының сақшысы

Балалар денсаулығының сақшысы

Денсаулық сақтау саласында өзіндік орны қалыптасқан медбикенің қызметі қай кезде де қауырт. Күні-түні науқастың күтіміне ден қоя­тын оларға қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. «12 мамыр – ха­лықаралық медбикелер күні» қарсаңында медицина мамандығының күрделі екеніне қарамастан, мектеп медбикесі қызметін үйлестіріп жүрген жанмен тілдескен едік. Аудандық емхана мен кенттегі білім ошағының арасын жол қылған Лариса Оспанова – өз ісінің шебері.

Үнемі білікті маман ретінде көпшілік арасынан да­ралана білетін Лариса Оспанова осыдан 53 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкі Оспанов пен «Батыр ана» Қарақас Оспанованың шаңырағында Ларисамен бір­ге 11 перзент тәрбиеленген. Көпбалалы отбасыдан шыққан Лариса Шәкіқызы аудан орталығындағы қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде білім алған.

– «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деген сөз бар. Адам жанының арашасы бола білген медицина мамандығын меңгергеніме қуаныштымын. Алғаш 1989 жылы Қызылорда медициналық учили­щесінің «Медсестра ісі» мамандығы бойынша диплом алдым. Еңбек жолым аудандық ауруханадағы «Терапия» бөлімшесінен бастау алды. Мұнда кез келген науқасқа ем-шара жүргізіп, әрбір дәрігер мен медбикеден медицина саласына қатысты біршама дүниені үйрендім. Кейіннен отбасылық жағдайға байланысты Қарағанды қаласына қоныс аудардық. Үлкен қалада жүріп облыстық клиникалық ауруханасының «Неф­­рология» бөлімшесінде қызмет еттім. Ал туған жерге қайта оралған сәтте №6 балабақшаның медбикесі атандым. Төрт жыл көлемінде іргелі ұжымды басқарған меңгеруші Қазына Жақыпбекова әрбір қызметтің қыр-сырын үйрете білді, – дейді тәжірибелі маман.

Иә, балабақша, мектеп медбикесі бола білу – қиын­­ның-қиыны. Осыдан 19 жыл бұрын қазіргі №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепке қыз­метін ауыс­тырған Лариса Оспанова өз саласына қатысты мәсе­лелердің шешілуін оңтайлы жолмен қарастырады. Әрине, 340 оқушы мен мектеп ұжымының әрбір мү­шесінің денсаулығын жіті бақылау зор жауап­кер­шілік жүктейді.

– Мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушымен жұмыс жасаудың өзіндік қиындығы мен қызығы қа­тар жүреді. Мектеп медбикесінің жұмысы өте күр­делі. Күнделікті егу жұмысы, профилактикалық тексе­ріс­тен өту, гигиеналық тазалыққа жауап беру секілді бір­неше бағытта қызмет етеміз. Балалардың аурушаң­дық белгісіне көз жеткізіп, дәрігерге жолдаймыз. Әрине, осы қызметте жүргелі мектеп директорлары Гүл­­нұр Божанова, Мұрат Төлегенов, Ләззат Палым­бе­това, Айнұр Әлиевамен қызметтес болағаныма дән ризамын. Әр жылдары маған қолдау көрсеткен мектеп басшылығына алғыс айтамын, – дейді Лариса Шәкіқызы.

Менің кейіпкерім өзінің сүйікті мамандығымен қатар отбасылық өмірді назардан тыс қалдырған емес. Дүниеге 4 перзент әкеліп, отағасы Бердібек Мұсаевпен бақытты ғұмыр кешуде. Үйдегі отағасы зайыбының ма­мандығы күрделі екенін сезіп, үнемі қолдау көрсетіп отырады.

Шындығында, экологияның, өмір сүру дағдысының бұзылуы салдарынан бала да, үлкен де денсаулығына алаңдаушылық білдіреді. Ерте кезден баланың бойын­дағы сырқатты анықтау Лариса секілді мамандардың тікелей міндетіне кіреді. Өз жұмысына байыппен қа­райтын тәжірибелі медбикені кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 мамыр 2023 ж. 304 0