Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық алғысына бөленген ұжым

Халық алғысына бөленген ұжым

Осыдан 2 жыл бұрын Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы амбулатория облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта ауыл халқы жаңа кейіпке енген емдеу мекемесінің игілігін көруде. Ақиық ақын ауылындағы ақ халатты абзал жандар жергілікті халықтың денсаулығын жақсарту бағытында аянбай еңбек етуде. Басы ауырып, балтыры сыздаған көптің денсаулығын жіті бақылауда ұстайтын сала мамандары өз ісінің білгірі саналады.

Елді мекендегі емдеу мекемесінің ғимараты 1994 жылы денсаулық сақтау саласының майталман маманы Ернияз Омаровтың бастамасымен жаңа типтік жобада салынған. Тарихы тереңде жатқан амбулатория 1985 жылға дейін фельдшерлік акушерлік бекет ретінде жұмыс істеген. Сол уақытта фельд­шер Тоқтарбай Донбаев пен Гүлзат Оспанова, акушерка Алма Донбаева мен Алтынкүл Тасбергенова, мейірбике Майра Төребаева, Дүйсенкүл Байкенжеева, Нәписа Беркінбаева, кіші буын қызметкері Шәрі Донбаева мен Жаңыл Тыңсейітова жұмыс істеген. Ал Злиха Шораева дәрігер ретінде халық игілігі жолында қызмет еткен. Бүгінде амбулаторияға білікті дәрігер Гүлжан Абдирова жетекшілік етіп келеді. Осы күні ұжымның құрамында мейірбике Гүлзат Оспанова, Жақсыгүл Омарова, Назым Бисембаева, Гүлжайна Нашуова, медаға Біржан Тұрсынбекұлы, кіші буын қызметкері Шәрбан Ілиясова, от жағушы Бекжан Болатов, қарауыл Асан Жарекеев бар. Осы ретте, ұзақ жылдан бері қызмет еткен акушерка Галя Жарасбаева мен Алтынкүл Тасбергенова құрметті зейнет демалысына шықты.

– Жалпы Асқар Тоқмағамбетов ауылында жұртшылықпен тығыз байланыс орнатып, оңтайлы жұмыс үлгісін көрсетіп келеміз. Өткен жылы ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Елді мекен бойынша 3995 мәрте қабылдау жүргізілген. Сонымен қатар 113 рет үйге шақырту түскен. Амбулатория­да 5 төсектік күндізгі стационар жұмыс жасайды. Былтыр 119 науқас ем алып, сауықтырылған. Ауыл тұрғындары жоспарлы түрде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығы аясында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілді. Туберкулез дертін алдын алу мақсатында флюроға 798 тұрғын түсірілді. Скринингтік тексеру назардан тыс қалған емес. Диспансерлік есепте 380 науқас тұрады. Көбіне жүрек-қан тамыры, тыныс алу жүйесімен, асқазан, ішек, эндокринді ауруымен есепте тұратын жандар. Айына амбулаторияға 250-300 адам келіп, тексерілуіне мүмкіндік бар. Туу жасындағы әйел саны – 240. Осы жылы босанғаны – 37, қазіргі таңда – 12 жүкті әйел бақылауда, – дейді дәрігер Гүлжан Орысбайқызы.

Ауылдық амбулатория мамандары күре жолдың бойында орналасқан №8,9 бекеттің, «Айтек» су арнасы аумағының халқына медициналық қызмет көрсетеді. Балалар жыл сайын скринингтік тексеруден өтіп, профилактикалық екпелерін уақытылы алуда. Бұдан бөлек, аудан, облыс орталығындағы ауруханаға науқастар жолданып отырады. Ем-шара қызметін сапалы түрде ұйымдастыратын медицина мамандары әрбір тұрғынның денсаулық жағдайына жауапты. Кез келген жағдайда шұғыл іс-әрекет ететін сала мамандары жауапкершілікті айқын сезінеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 сәуір 2025 ж. 397 0