Аққан жұлдыз

Сүлеймен аға туралы жастайымыздан көп естіп өстік. Үлкендердің айтуынша бірнеше ауданда партия, Кеңес жұмысында болған. Осылай жүріп Сүлеймен ағаның өмір жолы туралы өзіміздің көршіміз, немере ағасы Егізбайдан естіп білдік.
Ол 1921 жылы 1 мамырда қарт Қаратаудың қойнауында Ынтымақтың етегіндегі Жиделі ауылында дүниеге келді. Әкесі – Айтмағамбет Божбанбайұлы мен анасы – Ұлбосын мыңды айдаған бай болмаса да, өзіне жетерлік малы бар орта шаруа болған. Сүлеймен дүние есігін ашқан жылдары Қазақстанды алғашқы аштық жайлаған кез болатын. Бұлар азын аулақ ағайын болып сол Жиделіден ұзамай бұлақ қасына кетпендеп тары мен бидай егіп, оны атпамен суарып, алған өнімін әр отбасыға лайықтап бөлісіп нәпақаларын айырды. Соның арқасында бұл аштықтан аман қалды.
Кеңес өкіметі орнады дегенмен, әлі мұнда олар келе қоймаған кез. Ауылға бірде қалпағының төбесі шошайған буденовка киген бәлшебектер келсе, енді бірде «Алашқа бірігіңдер» деген тағы бір топ келеді. Ақыры жиырмасыншы жылдардың ортасынан аса бәлшебектер өз дегенін істете бастады. Ол кездегі қазақ ауылдары жер мен судың ыңғайына қарай қоныс теуіп, мал өсірді, отбасын асырады. Алдымен Ұлы кәмпеске басталып байлардың малын мыңдап, орташалардікін жүздеп, кедейлерден ондап тәркілеп айдап кетіп жатты. Кәмпескенің аяғы келіп ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұласты. Ауыл белсенділері мен милиция қарапайым халықты таскенедей сорып, қолдарында адал қалмады. Сүлеймен ауылдағы екі аңшы көкелері Егізбай мен Сыздыққа ілесіп кекілік пен жиек, дуадақ пен қоянға тұзақ құрып, соған түскенді үйіне әкеліп ағайынмен бөлісті. Сонда да болса қоралы ауылдың үштен екісі күн жылы жер қарада Өзбекстан жаққа көшіп кетті. Кейін білді ғой, сол көшкен ауылдастарының жартысынан астамы межелі жерге жете алмай, сүйектері көмусіз қалыпты. Осылайша жанбағыспен жүріп мектепке де кеш барды. Айналдырған 4-5 үйге бола мектеп ашылмай Сүлеймен мектеп табалдырығын тек 1934 жылы ғана аттады. Қосүйеңкідегі бастауыш мектепті екі жылда бітірді. Мектептерде сол кездері үздік оқитын оқушыларды бір сыныптан екінші сыныпқа секіртіп оқытатын үрдіс болды. Мұның үстіне мектеп табалдырығын кештеу ашқан Сүлеймен өзінің алдына өз қатарластарын қуып жетіп қатар бітіруді мақсат етіп қойды, оны орындады да. Оқуын одан әрмен жалғастырған Сүлеймен аудан орталығы Жаңақорғанға барып, сондағы интернатта жатып 1939 жылы оны үздік бітіріп шықты. Келешектің бәрі білімдінің қолында екендігін бағамдай білген Сүлеймен мектеп қабырғасынан шыға құжаттарын алып, Қызылордадағы педучилищесіне өткізіп, оны 1941 жылы ойдағыдай тәмамдады.
Сүлеймен еңбек жолын училище қабырғасында жүріп-ақ бастады. Қаладағы депода ересектерге арнайы сабақ берді, комсомол жұмыстарына араласты. Ол осы жылдар арасында ересектердің сүйікті ұстазына айналды, әрі училищенің басшылығы жаңашыл жігітке сенім білдіріп, оны 1940 жылы Коммунистік партия қатарына қабылдады. Училищені бітірісімен туған ауылына келіп мектепте жұмысын жалғастырды, қосымша Ақтөбе ауылдық Кеңесі атқару комитетінде хатшылық міндетті де қоса атқарды. Бірақ неміс фашистерінің 1941 жылғы 22 маусымдағы КСРО-ға соғыс ашуы Сүлейменнің көп арманының орындалмауына себеп болды. Соғысқа алғашқы алынғандардың орнына қалып жұмыс істеді, күндіз мектеп пен колхоз жұмысында жүрсе, түнделетіп колхоз басқармасының есеп-қисабына көмек беріп, жиналыс протоколдарын реттесті.
Соғыстың басталғанына үшінші ай болғанда Сүлейменде әскери комиссариаттан шақырту алды. Ол 1941 жылдың 9 қыркүйегінен Орта Азия Әскери округіне қарасты Самарқан қаласындағы №70 санинструкторлар даярлайтын мектепке курсант болып қабылданып, сол жылдың 20 желтоқсанында оны ойдағыдай бітіреді. Сол күні оны старшина шенінде 100-ші жеке атқыштар бригадасына медициналық санитарлық ротасына жібереді. Білімді де алғыр жас жігіт командирлердің назарынан тыс қалмады. Бригаданың саяси басқармасы оның өмірбаянымен танысып, саяси сауаттылығын тексеруден өткізеді. Осы тексерулерден кейін 1942 жылдың 15 маусымында Сүлеймен Саяси басқарманың арнайы бұйрығымен атқыштар ротасы командирінің саяси қызмет жөніндегі басшысының орынбасары болып тағайындалды. 1943 жылдың қаңтарынан бастап саяси қызметкерлерге офицерлік шен беру туралы Жоғарғы Бас Қолбасшының арнайы бұйрығы шығып 3-ші шабуылдағы армия қолбасшысының 1943 жылдың 13 науырызындағы №195/11 бұйрығымен оған кіші лейтенант әскери шені берілді. Арада бірнеше ай өткенде 1943 жылдың 1 мамыры күні оны автоматшылар ротасы командирінің саяси орынбасары етіп тағайындады. Ол тек білімі мен ғана емес жеке ерліктерімен талай рет жауынгерлерді шабуылға бастады. Осы арада 100-ші жеке атқыштар бригадасы туралы аз-кем тоқтала кетсек.
1941 жылдың 26 қарашасында Орта Азия әскери округі басшысының бұйрығымен Алматы қаласында 100-ші жеке атқыштар бригадасын жасақтауға бұйрық шықты. Бұйрыққа сәйкес бригада командирлігіне Алматы қаласының әскери-соғыс комиссары Мерецкий Анатолий Александрович тағайындалса, оның саяси және әскери дайындық жөніндегі орынбасарлығына халқымыздың аяулы да даңқты перзенттерінің бірі Әбілхайыр Баймолдин тағайындалды. Көзі қарақты оқырман үшін айта кетейін дегенім, бұл бригадада шығыстың батыр қызы атанған Мәншүк Мәметова да Сүлейменмен қатар бір полкта қызмет етті. Бригаданың 86%-ы қазақтар, 11%-ы орыстар болса украин, беларустер мен өзге ұлт өкілдері 3%-ды құрады. Бригада жауынгерлері құрамының толықтыруы мен әскери машықтануы 1942 жылдың шілдесіне дейін жалғасып, айдың ортасында олар мінген эшолон майданға жол тартты. Жоғарғы Бас Қолбасшының арнайы бұйрығымен 9 тамызда бұлар Москваға жақын жердегі Бабушкин қаласына эшолоннан түсіріліп, бригада Калинин майданының 3-ші шабуылдағы армиясының резервіне беріледі. Олар осында екі айдай әскери дайындықтарын шыңдап 1942 жылдың 3 қарашасында 39 шабуылдаушы армияның құрамында соғысқа кіреді.
Сүлеймендердің бригадасы «Ржев қанды шұңқырында» Великие Луки бағытында қанды шайқасқа түседі. Негізі Ұлы Отан соғысы тарихи құжаттарында Ржев қанды шұңқырындағы соғыс қимылдары жазылмаған, және архивтық құжаттар, КГБ-ның ерекше архивында өте құпия түрде сақтаулы. Оған әскери тарихшылардың да қолы жетпейді. Осы қазаншұңқырда Кеңестер Одағының үш бірдей армиясы немістің В.Модель басқаратын 9-шы армиясының мұздай қаруланған неміс әскерімен тең емес шайқастар жүргізді. Кейінгі бір деректер бойынша соғысқа кірген Кеңес дивизиялары 10-15 күнде жауынгерлерінің 85-90 пайызын өлідей және жарақаттануына байланысты селдіреп қалған. 100-ші бригаданы 1943 жылдың қаңтарына дейін подполковник Воронков Ефим Васильевич басқарып, ауыр жарақат алып қайтыс болады. Бригада ауыр шайқастардан соң тылға жіберіліп, 1942 жылдың 7 желтоқсаны мен 21 желтоқсаны аралығында 22-ші армия құрамына беріліп жауынгерлер мен техникамен толықтырылады да, қайтадан бұрынғы 3-ші армия құрамында автотранспортпен алғы шепке Великие Лукиге аттанады. Тағы да жан алып жан беріскен шайқастар жүргізіліп, бригада оннан астам елді мекендерді азат етеді. Осы шайқастар кезінде бригада 2572 жауынгерден өлідей және тірідей айырылады. Жалпы осы «Ржев қанды қырғынында» Кеңес әскерлері 392554 жауынгерден өлідей айырылса, 768233 жауынгер жарақат алып, 50 мың жауынгер жау қолына түскен. Бригада 1943 жылдың 5-12 қаңтары аралығында Великие Луки маңындағы жау әскерін жоюға жіберіліп, ауыр шайқастарға түсіп, тағы да селдіреп қалады. Үш айға жуық толассыз алғы шепте болған дивизия 12 қаңтарда резервке жіберіледі. Мұнан кейін бригада құрамы қайтадан жауынгерлермен және техникамен толықтырылып жаңа келген жауынгерлерді соғыс өнеріне машықтандыру жұмыстары жүргізіледі және кішігірім шайқастарға қатысады.
10 қазан күні бригада Невель қаласының солтүстігі мен солтүстік батысын қорғауға қатысып, 31 қазанда ол орынды 146-шы атқыштар бригадасына береді. 4 қарашадан бастап жаңа позицияға орналасқан бригада солдаттары қорғаныс шайқастарын жүргізеді. Осы шайқастарда өздерінің ерлік істерімен ерекшеленген 215 командирлер мен жауынгерлер орден медалдармен марапатталады. Осы шайқастарда өзінің тапқырлығымен қол астындағы жауынгерлерді жеңіске бастай білгені үшін кіші лейтенант Сүлеймен Айтмағамбетов «За отвагу» медалімен марапаттауға ұсынылады. Өкінішке орай батыр медалі араға 25 жыл салып 1968 жылы ғана Сүлейменді артынан іздеп табады. Осы шайқастардың бірінде мамыр айында Сүлеймен жатқан окоп жанына 1-2 метрдей жерден жаудың фугас бомбасы жарылып екі көзі бірдей, және денесіне бірнеше жерден жарақат алады. Жанындағы 5-6 жауынгер түгел көз жұмды. Мұның өзі дана халқымыздың «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген мақалының растығын білдірсе керек. Бірақ ол жауынгерлерін тастап кетпей, шайқас соңына дейін қатысып, соңынан ғана армияның дала госпиталына барады. Дене жарақаттары жазылғанмен екі көздің көру қабілеті төмендейді де, біраз уақыт демалсын деген армия басшысы мен Саяси Басқарма оны 26 артеллериялық полк офицерлері құрамында Минусинент қаласындағы жоғарғы офицерлер мектебіне тыңдаушы етіп жібереді. Бірақ екі көзден алған жарақат күн санап асқынып Сүлеймен аяқастын зорға көретін халге жетеді. Оның екі көзі нашар көруіне байланысты Кеңестер Одағы Артеллерия Қолбасшысының бұйрығымен Сүлеймен Айтмағамбетов 1943 жылдың 20 қарашасында тұрғылықты жерінде саяси істермен айналыссын деп кіші лейтенант шенінде әскерден қайтарылады. Оның соғыс кезіндегі ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбегі лайықты бағасын алып, Сүлеймен кейін ССР Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылдың 9 мамырында «1941-1945ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және 1945 жылдың 6 маусымында «1941-1945ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», 1965 жылдың 7 мамырында «1941-1945 ж.ж. Ұ.О.С. Жеңіске 20 жыл» медалімен марапатталды.
Желтоқсан айының екінші жартысында елге жеткен Сүлеймен туған шаңырағында екі күн болып, аудандық партия комитетіне келіп есепке тұрады. Бұл басшылықтың бірді екі ете алмай, жұмысқа кадр жетпей жатқан кез. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Мырзахметов Сүлейменді өзіне шақырып, аудандық партия комитеті жанындағы әскери бөлім меңгерушісі етіп тағайындайды. Бұл 1943 жылдың 20 желтоқсаны болатын. Оның негізгі міндеті аудандық соғыс комиссариатымен бірлесіп әскерге шақырылатын азаматтарды анықтау, халық шаруашылығына қажетті кадрларға кепілдеме (бронь) беріп әскерден алып қалу, ел ішінде патриоттық тақырыпта жиындар өткізу секілді идеологиялық жұмыстармен айналысады. Соғыста қатаң тәртіпке үйренген Сүлеймен өзіне тапсырылған жұмыс пен міндетін абыроймен атқарып, іскерлігімен көзге түседі. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші, мұнан әрі жалғыз жүруді қош көрмеген Сүлеймен 1944 жылдың соңына қарай кезінде Қызылорда педучилищесінде бірге оқыған, бұл күндері мектепте ұстаздық етіп жүрген Базаркүл Исақызымен бас қосып, отау көтереді. 1946 жылдың 21 қазанында тұңғыштары Орынбасары дүниеге келді. Сүлеймен мен Базаркүл екеуі ширек ғасыр тату-тәтті отбасын құрып алтын асықтай 10 ұлды дүниеге әкелді. Орынбасары дәрігер мамандығын алып,1973 жылдан бастап Қызылордада облыстық ауруханада хирург дәрігер, 1993 жылдан бастап Алматы қаласындағы 13 емхананың меңгерушісі болып жұмыс істеді, қазір зейнет демалысында. Бижаны мен Әлжан, Нұржан және сегізінші ұлы Ерман – жүргізуші, Ержан мен тоғызыншы ұлы Герман – Ішкі істер органдары ардагерлері, Төлжан мен Мейірман – мұнай газ саласы мамандары, кенжесі Аманжол теміржолда машинист болып жұмыс істеді. Барлығы түгел отбасылы. Бұл күндері Сүлекеңнің үлкен отбасынан Ержан, Төлжан, Мейірман атты ұлдары Алматыда тұрып жатыр. Қалғандары бақилық болып кеткен. Бұл күні Сүлеймен ағамыздан тараған 13 немере, 18 шөбере бар. Мұның өзі дана халқымыздың «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсілдің өміршеңдігін көрсетсе керек.
1949 жылдың басында аудандық партия комитеті оны ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Соғыстың қансорпасынан шыққан, өмір көрген Сүлеймен қызмет барысында қай саланы сеніп тапсырсаң да, игеріп кететін кадр екендігін көрсетіп дәлелдеді. Оның болашағынан көп үміт күтуге болатынын бағамдаған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Өтешов 1951 жылдың қыркүйегінде Сүлейменді Алматы қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Жоғары партия мектебін үздік бітірген Сүлеймен 1953 жылдың тамызында Қызылорда облыстық партия комитетінің құзырына жолдама алады.
Облыстық партия комитеті оны туған ауданына аудандық ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды, бірақ арада үш ай өтпестен Сүлейменге зор сенім артып 1953 жылдың қарашасында Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай 1954 жылдың шілдесінен жыл соңына дейін еңбекшілер депутаттарының Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы етіп жіберіледі. 1954 жылдың соңында С.Айтмағамбетов жаңадан құрылған Тереңөзек ауданына аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалады. Сөзге шешен айтар ойын қай кезде де бір арнаға салып сөйлейтін Сүлеймен кез келген аудиторияны еркін игеріп кететін.
Осы аудандағы қызмет еткен 4 жылы оның жұлдызды жылдары болды. Аудан 1956 жылы Сыр маржанын егіп, одан мол өнім алуға қол жеткізіп, облыс бойынша жеңімпаз атанды. Еткен еңбек, төгілген тердің өтеуіндей сол жылдың қорытындысында ауданда мал басының көбеюіне және егін шаруашылығын өркендетудегі жоғарғы көрсеткіштері бойынша 1957 жылдың 8 қаңтарында «Құрмет белгісі» орденімен, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Көрмесінің кіші «Алтын» медалі Сүлеймен Айтмағамбетовтің кеудесінде жарқырады. 1957 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебіне сырттай оқуға түсіп, оны 1959 жылы бітірді. Облыстық партия комитеті сыннан көз ашпайтын №30 жол құрылыс басқармасының жұмысын бірізділендіруге яғни, 1959 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы №30 Жол-құрылыс басқармасының (ЖҚУ) бастығы болып жұмыс істейді. 1961 жылы жаңадан ашылып жатқан құрылыс училищесінің директоры болып тағайындалды (бұдан әрі-№113 ГПТУ қалалық кәсіптік техникалық училищесі) 1965 жылы Қызылорда қалалық тұрмыстық комбинатының директоры болып тағайындалды. Осы кездері оның ескі жарақаттары сыр бере бастады. Көз мүлде көруден қалды. «Аңдысқан жау алмай қоймайды» демекші, «елім, туған халқым» деген абзал азамат, білікті басшы Сүлеймен аға 1970 жылдың 16 шілдесінде 49 жасында әскери жарақат пен аурудан мәңгілік мекеніне аттанды.
Иә, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді демекші, бақилық болғанына биыл 55 жыл болатын Сүлеймен ағаның соңына қалдырған тәлім тәрбиесі артындағы ұрпақ санасында мәңгілік жасай берері сөзсіз.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының
құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті ардагері