Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Он балалы отбасы

Он балалы отбасы

«Жақсы адам қартайса – қазына» деген асыл сөз бабаларымыздан­ қалған. Қариялық, қарттық – бір елге пана болып, ақыл айтатын дана кісіге тән қасиет. Бір отбасының ғана емес, әулеттің, қала берді тұтас ауылдың ауызбірлігін сақтап, әрбір үйдің түтінінің түзу шығуына ақыл қо­сып отырған ақсақалдар шын мәнінде елдің қазынасы, ұйытқысы.

Осындай қарты бар үй алыстағы Айдарлы ауылында бар. Жасы 85-ке келген ауыл үлкендерінің бірі Самдин Қамрадинов ауылдағы жа­сы үлкендердің қатарындағы санау­­лы кісілердің бірі. Қазір осы ауыл­да жасы үлкендердің қатары сиреп кеткен. Ең үлкен қарт Бегалы Оржановтың 2-3 жас үлкендігі бар. Содан кейінгі үлкен кісі Самдин ата мен оның қос құрдасы Ұзақбай Салимов пен Қалдыбек Айтбаев. Ақсақалдар бүгінде елдің құрметіне бөленіп, ауылдағы ағайынға дұрыс жол сілтеп, кішкентай ауылдың берекесі мен мерекесіне айналып отыр.

Көненің көзі Самдин Қамради­новке осындай ерекше есімді әжесі берген. Әкесінің атына ұқсат­қан болуы керек. Дүние есігін 1939 жылы қазан айында ашқан. Қатар­ластары секілді онжылдықты біті­ріп, гидромеханик мамандығын алу арманы орындалмаса да, сол жылдары Сұлутөбеде ашылған тракторшылар курсын 6 ай оқып, мамандық алған. Кейін техникаға құмар азамат Досафта оқып, шо­пырлықты меңгерген. Өмір бойы қара жұмыста шыңдалып, техника­ тізгіндеп, ауылда қой да баққан. Озат шопан атанып, ауданда 1975 жылы шығынсыз төл өсіргені үшін чемпион атанып, қомақты сыйлық­ты да алған.

Өмірден көргені мен түйгені көп қария жас кезіндегі басынан өткен мына бір оқиғаны ұмытқан емес.

«Ауылда совхозда трактор айдап жүргенімде «Сарысуға» көктем мезгілінде жіберді. Тракторға тір­келген тележка бар. Ұзақ жолда жүріп, «Қалмас» деген жерге­ келгенімде тракторым бұзылып қалды. Ауа райы өте қолайсыз болатын. Қатты соққан жел бет қаратар емес. Тракторды жөндей­тін қосалқы бөлшек атымен жоқ. Осылай далада 3 күн бойы тұрып қалдым. Соңымнан іздеп келген адамдар тапқанда денсаулығым да сыр берген еді. Ауруханада ұзақ жатып ем алған соң, денсаулығым да жақсарды. Осы көрген қиынды­ғым есімнен кетпейді» дейді аза­маттың сыналар шағын өмірдің өзі көрсететініне көзі жеткен қайсар жан.

1965 жылы ауылдың қызы Айткүл Рахменовамен бас қосқан азамат дүниеге келген 10 ұл-қызды өсіріп, жеткізді. Үлгілі отба­сының өнегесін алып, ұлдары ұя­ға, қыздары қияға қонды. Қазір өсіп-өнген, ел мақтаған әулет­ке айналған Самдин атаның ұр­пақ­тары қарт ата-аналарын ала­қан­ға салып бағып-қағып отыр.

Әулеттің отанасы биыл 75 жасқа келді. Айткүл апа қазір әулеттің келіндеріне ақыл айтар ене болса, кезінде өзі де ерінің жағдайын жасаумен қатар, ата-енені баққан өнегелі келін болды. Совхоздың жұмысынан да қалмай, үйелмелі-сүйелмелі балаларын жетілдірді.

– Осы Айдарлының қызымын. 17 жасымда тұрмыс құрып, отба­сымыздағы үлкен кісілердің жағда­йын жасадым. Құдайдың берген 10 баланы туып, өсірдік. Енем де­ өте жақсы кісі болды. Балаларды бағып-қағуға көмектесті. Ол кезде­ совхоздың жұмысынан қалмайтын­быз. Азаматымыз қан­­дай жұ­мыс істесе, қасында де­меу­ болып, бірге жүрдік. Мал баққанда да жәрдемдестік. Қой қоздап, төл­дегенде адам қолы жетіспейтін. Шығын болдырмау үшін күні-түні дамыл таппадық. Отағасы чемпион болғанда ауыл болып қуандық. Көпбалалы ана болған соң 45 жасымда зейнетке шығарды. Алтын­ алқалы ана атанып, қазір бейнетімнің зей­нетін көріп отырмын. Қолымыз­дан келгенше келіндеріме демеу болып, ақылымды айтып отырамын, – дейді ақ жаулықты Айткүл ана.

Бүгінде жасы 85-ке келген Самдин ақсақал да әрбір баласы дүниеге келген кезін қуанышпен еске алып, балаларының бастамасын, қадамын қолдап, ақ батасын беріп отыр.

«Үлкенім қыз бала – Ырсалды, Тасбөгетте тұрады, содан кейін Сейфулла, Бағділдә, Майра, Айгүл, Айнұр, Аман, Гүлнар, Бағдат, Гүлшатым бар. Барлығы да бір-бір шаңырақтың иелері. Ауылда диқаншы, механизатор, кәсіпкер балаларым бар. Әрқайысысы қо­лынан келетін іспен айналысып­ жүр. Қолымыздағы кенже баламыз Бағдат пен келініміз Индира­ жағдайымызды жасап отырған жайы бар. Шүкір балаларымыздан 32 немере, 11 шөбере сүйіп отырмыз» дейді қарт әке.

Биыл отау құрғанына 58 жыл болған Самдин ата мен Айткүл әжені жақында аудан әкімі берекелі отбасы ретінде мадақтап, құрмет көрсетті. Сахна төріне шығып, марапат алған қарт кісі осындай құрмет көрсеткен ел ағасына алғысын жаудырды.

– Ауылдың үлкені болып қалдық. Қарапайым механизатор болып, мал бағып күнімізді көрдік. Дүниеге келген балаларым аман, қандай награда алсақ та еткен еңбегіміздің өтелгені. Маңдай терімізді төктік. Ешкімге мұны міндет етпейміз. Дегенмен қарттар күні қарсаңында ауданда бізге құрмет көрсеткеніне аса қуаныштымыз. Еліміздің дамуына жасап жатқан қадамдары оң болсын. Қазір біздің ауыл көркейіп келеді. Бос жатқан адам жоқ. Малын бағып, гектарлап егін егуде. Көшелеріміз самаладай жарқырап тұр, асфальт төселген. Ауыз су мен аяқ суда мәселе жоқ. Тек жастарымыз жалқаулықты қойып, еңбек етуі керек, – дейді даналыққа жеткен ақсақал.

«Балалы үй – базар» дегендей ата-аналарының шаңырағына жиналғанда бір қауым елге айналатын ұрпағы бар Самдин ата ешқашан асып-тасыған емес. Алла­ның берген сыйына риза болып, бір жасап қалады.

Иә, біле білгенге қарттар – әрбір отбасының ажары. Қариясы бар үйде береке болады. Немере-шөберелер салт-дәстүрге қанығып өседі. Үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге үйренеді.

Еңбегінің зейнетін көріп отырған қос қарт бәйтерек секілді тамырын тереңге жайып отыр. Өздері балаларына берген махаббаты мен жылылықты қазір ұрпағынан көріп отыр.

Мақаламыздың соңын көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Он баласы бар ана» атты өлеңімен аяқтауды жөн көрдік.

Адам жаны өрілмеген таспадан.
Адам – адам.
Ұға ма оны тас надан.
Он баласы бар ананы бүгінде,
Он есе сыйлау керек басқадан!

Бесік жыры ашады адам мінезін,
Бесік жыры –
Ең сүйікті әуезім.
Он балаға ана болған адамға
Он бірінші бала болам мен өзім!


Бибісара ЖАНӘЛІ
30 қыркүйек 2023 ж. 201 0