Майдангер – ұстаз
Бұл мақаланы жазуға түрткі болған жай Бейімбет Майлиннің қаламына ілініп, тарихта қалған Қосқұлақұлы Жаманқұл жайлы 1926 жылы 6 желтоқсанда жарияланған «Пәленің мыңы – Сырда» мақаласы еді.
Жазушы: «Бір жұмыспен Қызылорда облысының бір ауылына бардық. Ауылдық кеңес ағасы Қосқұлақұлы Жаманқұл деген кісі екен. Азырақ арабша хат таниды. 18 жылдан бері партия мүшесі. Іздестіріп жүріп мешіт молдасының үйінен таптық».
Бүкіл қазаққа ортақ классик жазушының біздің өңіріміз жайлы жазған әр сөзінің тілін тарқатып, зерттеу жеріміз болған соң, суыртпақталған тарихи тұлға жайлы індете ізге түстік. Әңгіме болып отырған 40-ыншы ауыл Қосқұлақ ауылы қазіргі Бірқазан деп аталатын жер – өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін қазіргі Бесарық ауылының негізін құраған Жамбыл ауылдық Кеңесінің жері.
Қосқұлақұлы Жаманқұл 1880 жылы осы Кекіреліде дүниеге келген. Жаманқұл екі ағайынды жігіт. Оның інісі Базарбай – сауатты, көзі ашық кісі болатын, істің жөнін білетін ағайынды Жаманқұл – кеңес жұмысына басшылық жасаса, Базарбай «Қызылсабан», «Қызыл егінші» серіктестіктерін келісіп, колхоз басқарған елдің алдында болған жандар. Базарбайдың ұлы – әйгілі ғалым. 1970-1976 жылдары Қазақ ССР-і Мәдениет министрі және 1976-1981 жылдары Қазақ ССР Сыртқы істер министрі болған. Әдебиеттанушы, ғалым Мүсілім Базарбаев 1927 жылы 15 мамырда осы Кекіреліде туған. Қосқұлақұлы Жаманқұлдың үлкен ұлы 1923 жылы дүние есігін ашқан Сүлейменнің туғанына былтыр 100 жыл толды. Тектіліктің тінін жалғаған Сүлеймен Жаманқұлов жайлы аз-кем әңгіме қозғасақ деп қолға қалам алдық.
Білімсіздің күні қараң екенін түсінген Жаманқұл өзіне қолқанат етіп шаруа күштегеннен гөрі білім алғанын құп көріп үлкен ұлы Сүлейменді Қызылорда қаласындағы алтыншы мектепке берді. Қазіргі Белкөлдің қыржақ бетіндегі Кекіреліден қалаға қатынап оқудың қиындығын еңсеріп, алғыр, талапты, қайсар бала Сүлеймен онжылдықты бітіріп шығады.
Соғыс басталар жылы «Қызыл егіншіде» ашылған орталау мектепке математика, физика пәндерінен сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Он тоғызында Отан қорғауға аттанған Сүлеймен Жаманқұлов 1942 жылдың маусым айында Ақ Еділ бойындағы Блоговещенск қаласындағы офицерлер дайындайтын Оңтүстік Орал пулеметшілер училищесіне курсант болып қабылданады. Осы жылы қараша айында Москва түбіндегі 208-ші полкке жіберіледі.
Училищенің толық курсын аяқтауға соғыс жағдайы мұрша бермесе де алғыр азамат 1942 жылдың 17 желтоқсанында бөлім командирі болып Москваны қорғау ұрыс қимылдарына қатысады.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең бір ұрыс тағдырын айқындайтын, шешуші саналатын Курск шайқасы талай боздақтарды мерт қылғанына тарих куә. 1943 жылғы шілде-тамыз айларында екі тараптан төрт миллионнан аса әскер, жетпіс мыңға жуық зеңбірек пен миномет, 13200 танк пен өздігінен жүретін техника, 12 мың ұшақ қатыстырылған. Бұл шайқасты Гитлер «Цитадель» жоспары бойынша Курск доғасына шоғырланған Кеңес әскерлерін жойып жіберуді жоспарлаған болатын. Міне, осы қанды қасапта біздің кейіпкеріміз Сүлеймен Жаманқұлов танкіге қарсы оқ ататын ПТР-де көздеуші болып соғысқа кіреді.
Сүлеймен ақсақалдың шүкірлік етері осы көп шығын әкелген шайқаста оң аяғынан жараланып аман қалғандығы. Ұзақ уақыт емделіп қатарға қосылған жауынгер 1944 жылы Новосибирск әскери Комиссарияты арқылы соғысқа жарамды әскер ретінде қайта шақырылып, Трогиск қаласындағы ұшқыштар дайындайтын мектепке жіберіледі. Денсаулық жағдайы ұшқыш болуға жарамсыз деп қабылданып, Ижевскідегі кіші ұшақ қызметкерлері мектебінде білім алып, әскери ұшақтарды қару-жарақпен қамту мамандығын алып 8-ші Қызыл Тулы Лоздгенен полкіне жіберіледі.
Шығыс Варшава, Европаның Позналь, Лодзь, Яронан қалаларын жаудан азат ете отырып Жеңіс күні мерекесін Берлиннен 125 шақырымдай жердегі Филькенберг қаласындағы аэродромда қарсы алады. Жауынгер 1946 жылы сәуір айында ғана әскер қатарынан босап, елге оралады.
Елге оралған майдангер өзі ұстаздық жолын бастаған «Қызыл егінші» мектебіне жұмысқа орналасады. 1946-1959 жылдар аралығында «Жаңа тұрмыс» Пушкин атындағы орталау мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды.
Қызылорда педагогикалық училищесін оқып ұйымдастырушылық қабілеті мен білімін тығыз ұштастыра білді. Жыл сайын педагогикалық оқуларда оқыған өз тәжірибесімен ұштасқан баяндамалары республикалық білім беру орындарында бағаланып, марапат төрінен көріне бастады. 1954 жылы Алматы қаласында республикалық мұғалімдердің съезіне делегат болып қатысады. 1959 жылы Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылындағы №42 орта мектепке ұстаз болып ауыстырылды. Мектепте ұстаздық қызметпен қатар кәсіподақ комитеті төрағасы қоғамдық қызметін қоса атқарды. Мектеп мұғалімдерінің әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуі, отбасындағы үй жайының отынмен, азық-түлікпен қамтылуы еңбек демалысын тиімді ұйымдастыру ұстаздарды рухани қолдау еңбегіне қарай марапаттау сияқты шеті көрінбейтін тынымсыз еңбек кешегі майдангер ұстазды бүтін бір ұжымға әкедей қамқор тұлғаға айналдырды. Әулеттің үлкені ретінде ізінен ерген 7 іні-қарындасына әкелік қамқорлық көрсету бар жақсылығы мен қиындығында ауыртпалықты бірге көтеру Сүлеймендей ақсақалдың қолынан ғана келетін сауапты іс.
Жары Аманкүлмен екеуінен тараған 8 ұрпақты ешкімнен кем етпей оқыту, тәрбиелеу өміріне азық боларлық мамандық алуына жағдай жасау үшін жұмсалған қажыр- қайратты ешбір өлшеуіш құрал өлшеп бере алмас. Бұл тек отбасына деген жауапкершілікпен ұрпаққа деген махаббат деген ұлы сезімнің салмағын сезінген жанның ғана қолынан келер игі іс. Негізінен, ұстаздық пен медицина саласына маманданған ұрпақтарының арасында өз саласын жетік меңгеріп, ел тарихында өзіндік орны бар ұрпақтары алдыңғы толқынның жақсы ісін жалғастыра білген әулет. Ұлы Отан соғысы ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдық» мерекелік медальдарымен, СССР қарулық қүштеріне 50, 60, 70 жыл медальдарының, «Қазақ ССР білім беру ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері Жаманқұлов Сүлеймен ақсақалдың жүздеген шәкірті еліміздің әр саласында өз еңбек белестерін бағындырып, ел дамуына үлес қосуда.
Туғанына былтыр 100 жыл толған ардагер ұстаз, майдангердің артында қалған ұрпақтары жарты ғасырдан аса еңбек еткен Амангелді ауылында бір көше Жаманқұлов Сүлеймен атымен аталса деп тілек етеді. Қарапайым еңбек адамынан бастап ғалым да, ұстаз да, дәрігер де, журналист те, геолог та, министр де шығып қазақ елінің тарихында өзіндік орны бар әулеттің төлбасы Сүлеймен Жаманқұлов есімін қалай ұлықтаса да жарасар жарқын тұлға.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ