Педагог-шебер дәрежесіндегі ұстаз

Биыл жартығасырлық мерейтойын атап өтетін ұстаз шалғайдағы айдынды Арал қаласының тумасы. Балалық шағында ата-анасының мейіріміне бөленіп өскен болашақ мұғалім атасы Құдайбергенге еліктегенін айтады. Ал әкесі – Әбдісұлтан өмір бойы тергеу саласында қызмет етсе, анасы – Зейнекүл медбикеліктен зейнетке шыққан ақ жаулықты ана. Айгүл Әбдісұлтанқызы бала кезінен атасына еліктеп, «өскенде мұғалім боламын» деп арманына қол жеткізген бақытты ана, ардақты ұстаз.
– Мектепте бастауышта сабақ берген атам кейде маған сабақ бергізетін. Өзімді сол кезден мұғаліммін деп елестететінмін. Ең алдымен мұғалімге деген құрметім, әрі балалармен тіл табысу қабілетімнен болар мектеп бітірген жылы арман қуып Сырдың басты шаһарындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетке оқуға түстім. Қалауым тарих пәнінің мұғалімі болды. Міне, сол студенттік шағымнан өзімің мамандық таңдағанымда қателеспегенімді білдім. Алғашқы еңбек жолым қазірде өзім еңбек ететін №210 орта мектептен басталды. Үздіксіз 29 жылдан бергі еңбегімнің арқасында көптеген жетістікке жеттім, – дейді ардақты ұстаз Айгүл Тәжібаева.
Жаңашыл ұстаз осы уақыт аралығында жетістікке жету үшін ізденісі мен шығармашылығын бір сәтке де тоқтатқан емес. Білімін жетілдіру, оқушылармен ғылыми жобаға дайындалу, семинар өткізу, тәжірибе алмасу секілді жұмысты бар ынтасымен атқарады. Нәтижесінде, республикалық пән олимпиадаларында жеңімпаз оқушыны дайындағаны үшін бірнеше рет алғыс хатпен марапатталды. Қазақстан ғылым және білім министірлігі «Инновация» Республикалық ғылыми педагогикалық орталығы ұйымдастырған «Білім. Ғылым. Инновация» атты халықаралық конференцияда баяндама жасап, еңбегі арнайы жинаққа енді. Жемісті де табысты жылдар ішінде Айгүл Тәжібаева ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Айгүл Әбдісұлтанқызы – жоғары білікті маман, үнемі оқытудың жаңа формасы мен әдісін іздейді. Мұғалімнің ерекшелігі – баланың жеке мүмкіндігі мен қабілетін, жас ерекшелігі мен психологиялық сипаттамасын ескереді. Өз жұмысында заманауи педагогикалық технологияны, оның ішінде сыни тұрғыда ойлау технологиясын сабағында тиімді пайдаланады. Әріптесіміз Петропавл қаласында өткізілген «Тарих» пәні мұғалімдерінің съезіне делегат болып, аудан тарихшыларының атынан қатысты. Аудандық аттестациялық сараптау комиссиясының мүшесі. Авторлық бағдарламасы Қызылорда облысы педагогтерінің үздік әдістемелік мақалалар жинағына енді, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Жаңабергенова.
Ардақты ұстаз 2009-2024 жылдар аралығында мектепте әлеуметтік педагог қызметін абыроймен атқарды. Қазіргі кезде мектепте тарих пәнінен дәріс беретін ұстаз оқушылардың сапалы білім алуына білек сыбана кіріскен. Өткен оқу жылында оқушысы Асылжан Абдуллаев жалпы пәндік ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде жұмысы жақсы деп танылып, грамотамен марапатталды. Сонымен қатар Ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде Дәулет Асылбеков екінші орынмен марапатталып, күміс медаль иеленді. Дәулет мерзімінен бұрын Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университетінің грант иегері атанып, ұстаз мерейін асырды.
– Биыл Орал қаласында Е.Бекмахановтың – 110 жылдығына орай өткен тарихшылардың форумына қатыстым. Облыстан барған 6 мұғалімнің арасында делегат болдым. №51 жайлы мектепте ұйымдастырылған конференцияда республика көлемінде тәжірибемді таратуға мүмкіндік алдым. Осындай ауқымды форумда көріп, тәжірибе алмасып, тыңдап келгенімді әріптестеріммен бөлісуге асықтым. Бір мықты тарихшының мына сөзі жадымда қалды. Педагогтердің үш түрі болады дейді. Біріншісі, Құдайдан туа бітті мұғалім болатындар, екіншісі, Құдай бере салғандар, яғни ізденіп, еңбектеніп, өз мамандығына берілгендер, ал үшіншісі Құдай сақтасын түріндегілер. Ондай мұғалімдер мектепке уақыт өткізу үшін ғана барады екен. Міне, осыдан кейін өзімді қандай мұғалім екенімді білдім. Менің алдымдағы мақсатым мықты ұстаз болу, шәкірттерге сапалы білім беру, алға қойған мақсатқа жету, – дейді педагог-шебер.
Қазіргі таңда ұстазға қойылатын талап үдесінен шығу үшін әрине, ізденімпаздық, еңбексүйгіштік, уақытпен санаспай еңбек ету қажет. Бұл ретте білікті ұстаз талап үдесінен шығуда ешқашан аянып қалған емес. Сонымен қатар дәрежесі жоғары ұстаз атануына ең алдымен жұбайы Берікбол Ариховтың қолдауы ерекше екенін айту керек. Төрт баланы тәрбиелеп өсірген ерлі-зайыпты ең алдымен сүйікті ата-ана болса, екеуі де мамандығына шын берілген жандар. Сондықтан болар педагогтер отбасында шынайы сүйіспеншілік пен сыйластық берік орнаған.
Бүгінде ұстаздардың ұстазы атанған Айгүл Тәжібаеваның бірнеше шәкірті ұстаз жолын қуды. Жанерке Тұрарова Орал қаласындағы мектептің бірінде мұғалім болса, Нұргүл Күдебаева өзімен бірге мектепте еңбек ететін әріптесі. Аудандық газеттің бас редакторы Аружан Мұханбетқали да білікті педагогтің шәкірті.
Бибісара ЖАНӘЛІ