Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашыл ұстаз

Жаңашыл ұстаз

Бастауыш сынып мұғалімін мектепті қандай мекен екенін алғаш танытып, әріп үйрететін баланың өмірдегі алғашқы тәлімгері десек артық айтқандық болмас. Роза Смайлова – өз бақытын мамандығынан тапқан, бүгінде тәжірибесі мол, жоғарғы санатты ұстаз. Оның әрбір бастамасы, тың ізденісі, шығармашылығы бала тәрбиесіне бағытталып, білім нәрімен сусындатып, білім алудағы баспалдақтың негізін қалайды.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп қабырғасына алғаш келетін әр­бір ауыл баласымен танысып, оның әрқай­сы­сының басынан сипап, туған анасындай мейірімділік көрсетуі Роза Әбдірейқызына қалыпты жағдайға айналған. Ауылдағы бар­лық отбасындағы балаларды жатқа білетіні – ұстаздың ерекше қасиетінің бірі. Жыл сайын бастауышқа алғаш келетін балалардың есімдерін біліп, олармен алдын ала қарым-қатынас орнату бүлдіршіндердің білім алуға деген құлшыныстарын арттырады. Және мұндай әдісті ол өз әріптестерімен бөлісуді жөн көреді.
– Мұғалім қаншалықты қарапайым болса, баланың сеніміне ие болу жеңіл болады. Бала мұғалімнен жасқаншақтамай, қайта оны өзінің ең жақын адамы ретінде сезінуі тиіс. Қазір балаларды бірнәрсеге қызықтыру, оларға білім беру, тәрбиенің негізін қалау ерекше талапты қажет етеді. Бала бәрін білгісі келеді. Бастауышта отырған бүлдіршін интернет желісін меңгеріп, одан көп нәрсені жылдам үйреніп алады. Ал соның алған бағытын дұрыс жол­ға бұру, білім алуға көзін ашу мұғалімнің шебер­лігіне байланысты. Қазір білім бе­ру бағдарламасына қатысты көптеген пікір айтылуда. Оқулықтың құрылымы, бағ­дарламасы қиындағаны көрініп тұр. Мұғалім мектепте сабағын береді. Әрі қарай ата-ана баласын үйінде бақылап, қосымша көмегін көрсетсе, мұғалімнің еңбегі нәтижесін береді. Қолына қаламсапты ұстап көрмеген кешегі бүлдіршінге әріпті үйретіп, жазғызып, санау, сызуды үйрету оңай емес. Ол үшін ең алдымен мұғалім шыдамды, мінезге бай болуы, баланың тілін таба білу қасиеті өте қажет, – дейді жаңашыл ұстаз.
Ауданға белгілі ардагер-ұстаз қазіргі жастардың мұғалімдікке жүрек қалауымен емес, кездейсоқ келіп жатқанын айтқан болатын. Оған бір себеп, жас мұғалімдердің сабақ берудегі әдісінің жұтаңдығы. Яғни ізденіс пен жаңашылдық жоқтың қасы. Ал нағыз мұғалім өзінің сабақ берудегі ше­бер­лігін үнемі шыңдап жүруі тиіс. Қазір шығармашылықпен айналысудың небір түрлері бар. Сондықтан әріптестерінің сабақ беру әдістерін үнемі жетілдіріп отырудың бірден бір жолы – өзара тәжірибе алмасу.
Мұндай пікірмен білікті педагог Р.Смай­л­о­ва да келіседі. Ол мұғалімдер арасында озат тәжірибе жұмысын зерттеу, насихаттау, оқытудың жаңа технологиялық әдістерін тәжірибеге енгізуге үлкен ықпал жасай білетін әдіскер-ұстаз. Оның республикалық ғылыми-практикалық конференцияда «12 жылдық білім беруге көшу жағдайындағы педагогикалық кадр­лар даярлау жүйесін модернизациялау» тақырыбындағы баяндамасының арнайы жинаққа енуі сөзімізге дәлел.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан ұстаздың еңбегі өз жемісін берді. Оның көптеген Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, наградалары мен «Мәртебелі маман» медалі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының арнайы төсбелгісі ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі.
Аудан бойынша өзіндік іс-тәжірибесі қалыптасқан талапшыл ұстаз, заманына сай білімді шәкірт тәрбиелеуді өзінің басты міндеті санайды. Және осы жолда әлі еңбек етуге дайын.

Б.ЖАНӘЛІ
12 қазан 2019 ж. 1 165 0