Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Ы.Алтынсарин төсбелгісімен» марапатталды

«Ы.Алтынсарин төсбелгісімен» марапатталды

Ұстаз есімі – күннің шуағы секілді айналасына нұрын шашып, қаншама жас ұрпақтың болашағына жол сілтейді. Ұстаздың орны қашан да биік, қасиеті ерекше. Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп, тағылымы терең ой қозғады.

Жақында сырдариялық ұс­таз, Дариға Жеңсікбаева білім саласын­дағы ұзақ жылғы еңбегінің жемісі ретінде «Ы.Алтын­сарин төс­белгісімен» және І дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетістікке жеткен ұстаз 26 сәуір күні Астана қаласында өткен «Жаңа Қазақстан білім беру саласындағы жаңашыл идеялар» атты республикалық форумға қатысып, мерейлі марапатты «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.Сатылғановтың қолынан алды.

ҚР Ұлттық музейде өткен форумға республиканың әрбір өңірінен келген 120-ға жуық педагог қатысқан. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласындағы білім беру жүйесіндегі құнды­лықтарды білім беру ұйымдарының педагогтері арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогтердің ұлттық сыйлығы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанғандар «Жаңа Қазақстан» респуб­ликалық инновациялық орталық басшылығының атынан марапатталды. Аталған іс-шараға әріптесі Д.Жеңсікбаеваның қатысуына қолдау білдірген №36 мектеп-лицей директоры Ж.Төреқұлова да орталық директорының атынан Алғыс хатпен марапатталды.

Дариға Қалиқызы аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ұлағатты ұстаз 32 жылдан бері білім саласында абыройлы еңбек етіп, 10 шәкірті «Русский медвежонок» халықаралық олимпиададан жүлдегер атанды. Педагог-сарапшы об­лыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталып, мерейі үстем болды.

– Ұстаздық жол – ұлы жол. Анам Мария Жалғасова 40 жыл бойы Шағандағы №37 орта мектепте ұстаздық еткен ардақты жан еді. Анамның жолын қуып, ұстаз болдым. Отбасымызда сіңілім Шара Қалиқызы да агроколледжде білікті оқытушы, келінім Ақгүл Арысқызы анам еңбек еткен мектепте білікті ұстаздардың бірі, мұғалімдер династиясының жалғасы. Әкем Қали өмір бойы ауылда механизатор болып, анаммен 7 баланы өсіріп-жеткізді. Қазір жұбайым Бақытбекпен 2 ұл мен 1 қызды тәрбелеп келеміз. Қызым Күнсұлу тұрмыста, мамандығы педагог, ұлым Рус­там ветеринарлық дәрігер, кенже ұлым Айсұлтан жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ұстаздық еңбегімнің жемісін көріп, бүгін қуанышқа кенелдім. Баршаңызға көп рақмет, – дейді ұлағатты ұстаз Дариға Қалиқызы.

Үздік педагог атанған ұстаздың әріптестері де жылы лебіз білдіріп, жетістігіне ортақтасты.

– Әріптесім Дариға Қалиқызымен ұзақ жыл бірге қызмет етіп келеміз. Бүгін ұстаз еңбегінің жемісі ретінде марапат төрінен көрініп, қуанышқа кенелді. Ұлағатты жолда жетістікке жеткен әріптесімізді марапатымен құттықтаймыз, – дейді ұстаз Шолпан Наурызбаева.
Жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, білімнің кілтін ұстатқан ұстаз Дариға Жеңсікбаеваның ұрпаққа берер ұлағаты шәкірттеріне жарқын жолдама болғай!

Бибісара ЖАНӘЛІ
04 мамыр 2024 ж. 267 0