Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нәтижелі еңбектің жемісі – ризық пен әрекет

Нәтижелі еңбектің жемісі – ризық пен әрекет

Құрманғазы Садыбаев – еліміз бойынша Араб тілі және қолжазба маманы, әл-Әзһар, I ARS (ғылым докторы), «Аят сырлары» курсының авторы, «RIZYQ» кітабының авторы. Көптің көңілінен шыққан «RIZYQ» кітабына кішігірім шолу жасасақ. Жиырма бір бөлімнен тұратын, мазмұны басқа кітаптардан ерекше жазылған, адам дүниетанымының өзгеруіне көмек беретін туынды.

Бүгін – айлардың сұлтаны Рамазан айының алғашқы күні. Осындай қасиетті айда «RIZYQ» атты шағын дүниетанымдық кітапты оқып, бос уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз дер едім. Сауабы мол бұл айда, ризық туралы ойыңызда жүрген сан алуан сұрақтың жауабын осы кітаптан таба аласыздар. Ризық – адам өміріндегі ең басты қажеттілік, аса өзекті мәселе. Ризық материалдық заттармен ғана шектелмей саулық, еркіндік, отбасылық тұрмыс, иман, ата-ана, бауыр және сол секілді адамға құнды нәрселер де жатады. Шағын дүниетанымдық кітапта біздің жол көрсетушіміз болған Құран Кәрімде ризық жайлы жазылған. Аят сырлары арқылы ризық біз үшін қандай мағына беретіндігі туралы баяндалады. Бізге «ризық» қандай амалмен адал келетіндігін, материалдық болсын, физикалық болсын, психологиялық құлдырау кезінде қалай дұрыс амал етіп, шын көңілмен Раббымыздан дұрыс сұрау, дұрыс ойлап, қалай дұрыс сөйлеу керек екендігін ұғындырып, түсіндіреді.

Негізінде біз өзіміздегі мүмкіндіктерді орынды пайдалана білсек, бізді табысқа жеткізетін жағдай көп. Тек оған дұрыс қарай білуіміз керек. Бізге берілген аз ғана уақытты ұтымды пайдалану – міндетіміз. Сонда ғана ризық нығметімізге айналады. Міне осындай дұрыс амал жайлы, ризыққа тек баппен, сатылап жету керек екенін кітаптың бірінші және екінші бөлімінен оқып ой түйе аламыз.

«Ризық тек – Алладан, амал ету – бізден», – деп Құрманғазы Тұрмаханұлы кітабында айрықша жазып өткен. Егер біз бір нәрсеге соншалықты қалап ұмтылсақ, оған қатысты себепті, амалды орындасақ та, біз сол нәрсеге яғни ризыққа лайық болмай қалады екенбіз. Қандай ризық болсын, кімге берілсе де, оны адам көтере алатындай жағдайда болу керек. Дәлірек айтсақ, біз қанша рет әрекет жасап, бірақ қалаған нәрсеміз орындалмай жатады. Оны біз Құдайдан көріп, ренжиміз. Бұл әрине, орынсыз нәрсе екенін ұғындырады. Міне осы үшінші, төртінші бөлімде, «Жасап жатқан амалымыз сұраған ризығымызға лайық па? Сол ризыққа біз лайықты жағдайдамыз ба?». Осы сұрақтардың жауабын да аталған кітаптан толық ұғына аламыз.

Айналамызда орын алып жатқан әрбір жайт бізге әсер қалдырады. Мысалға, бір ерекше жағдай орын алып соған қарап қуанып, разылығымыз артып, разылықтан шүкіршілік туындайды. Тілімізден шыққан әрбір шүкіршілік ризықты арттырады. Шүкіршілік ризықты арттырады деп бейберекет айта беруге де болмайды. Тек шын көңіл, шын ниеттен еріксіз шыққан шүкіршілік – нағыз шүкіршілік. Біз үшін ризық тек табыс, ақша арқылы келеді деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Бұндай ойды өзгерту үшін және «шүкіршілік» мағынасын ұғыну үшін бесінші, алтыншы бөлімге көз жүгіртіп, ойыңызды өзгерте аласыз.

Ризық – жоғарыдан... Бұл ұғымды тура мағынада түсінуге ешқандай қарсылық жоқ. Мысалы, сіз қашан жоғары әрекет жасасаңыз, ол материалды, рухани, физикалық, эмоциялық тұрғыда ризықтың көзі ретінде қарауға болады екен. Оның бірі сіздің білім іздеуіңіз. Білім іздеу барысында сіз жеке өміріңізге, отбасылық жағдайыңызға, қоғам алдындағы міндетіңізге, ата-ана, бауыр, туыстық байланыстарға қа­тысты сұрақтарыңызға жауап таба аласыз. Бұл ризықтың бір түрі десек те болады. Әр атқан таңыңыз үшін сіз разы боласыз. Бала-шағаның у-шуын естіп шүкір етесіз. Бұл әрине ризық. Ризықтың қайда жатқанын, өмірде алатын орныңыз қандай екеніне жауапты жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөлімнен таба аласыз.

Ризықты бағалаған жағдайда ғана нығметке айналады. Әрбір ризық адам бойындағы энергияға байланысты. Энергиясы асып-тасып тұрған күшті болса, ризық келу жолыңыз соншалықты ашық болады. Ал егер, ойыңыз уайыммен толса энергияңыз да төмендеп, ризық келетін жолдар жабылады. Әр істі бастағанда уайымға салынбай, болып жатқан жағдай ол мейлі қуанышты болсын, мейлі көңіл түсірерлік нәрсе болсын жеңіл қабылдап үйрену керек. Сол кезде ғана табыс көзіңіз артып, ризығыңыз еселенеді. Сіз жеңіл, позитивті болсаңыз ақша да жеңіл келеді. Сонымен қатар ақшаны дұрыс ұстау да, жинау да өнер. Ақшаны жинауда мақсатыңыз нақты болғаны жөн. Ең жоғарғы мақсат – ол сіздің қажеттілігіңіздің қамы үшін болуы керек. Мысалы оған үй сатып алу немесе салу, денсаулығыңызды сақтау, білім алу, табыс тауып отырған жұмысыңыздың қамы және жеке кәсібіңіздің қамы үшін жинауыңыз кіреді. Кітапта Шәкәрім бабамыздың осы жайлы өлеңін арқау етіпті:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи,
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.

Міне, осы төрт жолды өлеңнен ақша жинаудың не үшін керектігі және не нәрсе үшін жинаудың дұрыс емес екендігі ұғындырылды. Осы ақша жинау құпиялары мен алға қойған мақсаттың жоғары болуы Құран Кәрімдегі аяттармен жеткізіліп, түсіндірілген жолдарын келесі он, он бір, он екінші бөлімнен таба аласыз.

«Байлық» пен «Дәулет» сөздерінің ұғымдары бір емес. Бірақ осы екі сөз бірінің орнына бірі айтылып кеткен. Бірінші байлық ұғымына келсек, байлық – ол кісінің қолына мал бітумен бірге оны дұрыс жолға жарата алуы, саналы түрде жұмсай алуы, қайырымдылық жолына салуы. Дәулет өмірімізге қажетті материалдық дүние болса, ал байлық – істеген әрекетіміз, сын-сипатымыз, ортадағы деңгейіміз. Оның дәулетпен байланысы, сол байлық арқылы дәулет табылады. Сол дәулетке дұрысынан ие бола білу де өнер. Осы орайда, байлық, дәулет туралы толығырақ он үшінші бөлімнен оқи аласыз. Адамның мейлі ол жеке немесе отбасылық өмірде болсын, мал-мүлікке ие болуы немесе адал іс арқылы қаржы табуы өте маңызды іс болып саналады. Негізі шариғатымызда мұсылмандық тұрғыда ғана емес, өмірге келген әрбір жан үшін аса зәру бес қажеттілік бар деп саналады екен. Ол қажеттілік: дінді сақтау, жанды сақтау, ар намысты сақтау, ақылды сақтау және мал-мүлікті сақтау және оған ие болу. Негізінде бұл бес зәрулікті тізіп айтқан аят немесе хадис жоқ. Алайда ғалымдар мұны Құран мен хадисті зерттеу арқылы адам үшін ең маңызды тіректер екендігіне көз жеткізіп, шариғаттың мақсатынан деп бір ауыздан келіскендігі жөнінде Құрманғазы Тұрмаханұлы кітапта жазып өткен. Мал мүлікті дұрыс сақтап қалудың жолдарын он төртінші бөлімнен оқи аласыз. Ал он бесінші бөлімде қалау туралы жете түсініп, ризыққа қандай қатысы барын және де қалаудың екі түрімен таныс боласыз.

Әрбір істі істеуде бізге себеп және түрткі болатын жағдай бар. Онсыз біздің қозғалуымыздың себебі өзімізге білінбейді. Ал білінбейтін нәрсе үшін адамның әрекет етуі өте сирек жағдай. Бізге тынбай әрекет ету үшін көз алдымыздан кетпейтін үлкен себеп керек. Себеп ол – мақсат. Мақсаттың ар жағында біздің не үшін сол мақсатты орындауымыз керек екендігін ақтайтын мұратымыз болады. Мысалы, таңертең ерте оянып, киініп, жүгіру үшін сыртқа шығудағы мақсатыңыз болмаса, ерте оянуға да, сыртқа шығуға да ынта таппайсыз. Біздің әрбір қалауымыз – мұнда сапалы тіршілік ету. Ол дегеніміз – бақытты болу. Міне, осындай үлкен мақсат қоя білу туралы және табысқа ұмтылу ережелері туралы он алтыншы бөлімде толық айтылған.

Құрманғазы Тұрмаханұлы кітабында «Алла Тағала өзінің Әр Рәззәқ сипатымен жаратылғандарды әртүрлі ризықтарымен әр уақытта бөлейді. Тіпті біздің ізденіп, ол үшін әрекет етпесек те, бізге келе беретін ризықтар бар. Ауа, бойымыздағы дене мүшелеріміз, берілген денсаулық, қазір өмір сүріп отырған орнымыз, елдегі тыныштық және тағы да басқа біз әуел баста тер төкпеген ризықтар. Сосын біз әрекет етуіміз шарт ризық бар. Егер білім алуға тиісті әрекет жасасақ, Алла Тағала оны бағалап, үйренген білімінің түрімен ризықтандырады», деп, адам қаласа Құдай оны есепсіз ризыққа бөлейтінін ұғындыруға тырысады. Тек оған деген әрекетіміз дұрыс әрі нық болуы шарт екендігін осы он жетінші бөлімде айқын атап өткен.

Біз мәселені сол күйінде қабылдаймыз. Яғни әрбір мәселенің шешімі қиын деп ұғынамыз. Бірақ оның екі жағы бар. Біреуі – көрініп тұрған беті, екіншісі – көрінбейтін жағы. Әрбір келген мәселенің бізге келу себебі болады. Оны біз түсіне бермейміз. Қорқып, ашуға булығып көрінбейтін жағына бұрылып та қарамаймыз. Ол дұрыс емес. Әр қиындық келгенде жабырқамай, ойға батпай, жеңіл қабылдауымыз керек. Әр мәселенің шешімі болады. Алла Тағала бұл қиындықты бізге тек шыңдалу үшін сынақ қылып жібереді. Әр сынақтың артында сол көлемде жақсылық жасырылып тұрады. Сондықтан да әр мәселені тек Құдайдың сынағы деп қабылдауымыз керек.

Адамның өз ісін табуы – ең үлкен ризық! Ол ризыққа шүкіршілік ете білу де адами құндылық. Бұл 21 бөлім, 237 беттен тұратын ерекше мағлұматқа толы кітап – барлығымызға діни жолынан да, адами құндылық жағынан да ойымызды оң жаққа өзгертетін бір құрал деп білемін. Оқып отырып, дүниеге деген көзқарасың өзгере бастайды десем де болады. Тек барлық болып жатқан жағдайды жеңіл қабылдап, әрбір жұтқан ауамыз да Алла Тағаланың берген ризығы деп қабылдауды үйрендім. Өмір тек ақша табумен ғана шектеліп қалмау керек, отбасыңды бағалап, бала-шағаңның у-шуын есту де – бір ризық, бір бақыт...

Гүлсезім ТАБЫНБАЙ
01 наурыз 2025 ж. 115 0