Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті қадір түні

Қасиетті қадір түні


Мың айдан да қадірлі түн
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла­­ның аты­мен бастаймын!
Құрметті жамағат! Қасиетті Рамазан айы­ның соңғы онкүндігінде келетін қа­сиет­ті Қадір түні қыл­ған құлшылық-ғибадат­тары­ңыз­ды Алла қабыл етсін!
Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды.
Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады.
Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде те­рең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.ғ.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кір­мейінше ешбір үммет жұ­маққа кірмейді» деп сүйін­шілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадір­лі үмметтің қадірлі Пайғамбарына (с.ғ.с.) қа­сиетті Құран түсті.

Қадір түнінің маңыздылығы
Қадір түні – Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні. Қадір түні тек осы үмметке тиесілі. Басқа пайғамбарларға мұндай ізгілікті түн берілмеді. Хадис шәрифте: «Алла тағала Қадір түнін үмметіме сыйлады, басқа үмметке бермеді» делінген.
Алла елшісіне (с.ғ.с.) өзінен бұрынғы адамдардың өмірлерінің қандай болғандығы білдірілгенде өз үмметінің өмірлерінің қысқа екендігін көрді. Өмірлері ұзақ болған бұрынғы үмметтердің орындаған салих (жақсы) амалдарын өз үмметі орындай алмайды деп ойланған кезінде, Алла тағала оған (с.ғ.с.) мың айдан қадірлі болған Қадір түнін ихсан етті. Алла тағала «Қадір түні сенің үмметіңдікі» деп, хабибінің көңілін жайландырды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Исраил ұрпақ­тарының пайғамбарларынан 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендері болды», дегенінде Сахабалар таңырқап қалды. Жәбірейіл періште келіп: «Йа, Расулаллаһ, үмметің айтылған пайғамбарлардың (басқа жұмыстарының тұсында) 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендеріне таңырқап жатыр. Аллаһ саған одан да жақсысын берді» деп «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятты оқыды.

ҚадІр түніндегі құлшылық
Алла тағала адам баласын тек қана өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген.
Айша Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) былай сұрағаны хабарланады: «Әй, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің келгені туралы білсем, не айтуым керек?». Ол (с.ғ.с.): «Әй, Алла, расында Сен – кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр!» – деп айт», – деді.
Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады.
Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес.
Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.

ҚадІр түні қашан болады?
Қадір түнінің нақты датасы жөнінде, ғалымдар арасында келіспеушіліктер бар. Алайда, олардың барлығы Қадір түні Рамазанның соңғы он түндерінің бірі болып табылатындығында бірауыздан келіскен. Ол туралы пайғамбар (с.ғ.с) былай деп хабарлаған: «Қадір түнін, Рамазанның ақырғы он тақ түндерінің бірінде күтіңдер!».
Имам Әбу Иса әт-Тирмизи: «Қадір түні жиырма бірінші, жиырма үшінші, жиырма бесінші, жиырма жетінші және Рамазанның соңғы түніне сай келіп жүргені Пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен».
Алла елшісі (с.ғ.с) соңғы он түннің бәрінде де құлшылықта болған. Бұл туралы Айша: «Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла елшісі (с.ғ.с) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан», – деген.
«Мың айдан да ең құнды болған Қадір түнінің игілігінен махрұм қалған адам бүкіл игіліктерден махрұм қалған болып саналады».
Қадір түнін сұраған бір кісіге Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бұл жылы қадір түні Рамазанның алғашқы түні еді, өтіп кетті. 27-ші түнді ғибадатпен өткізген адамға денедегі қылдар санындай қажылық, умра, шахид және ғази сауабы беріледі» деп бұйырды. Тағы бір ретінде «Бұл жылы Қадір түні өтіп кетті, бірақ Рамазанның 27-ші түнін ғибадатпен өткіз! Қадір түнінің сауабына қауышасың. Шапағаттан нәсіпсіз қалмайсың» деп бұйырған. Хазреті Айша анамызға да «13 түн еді өтіп кетті, Қадір түнін жіберіп алсаң 27-ші түнге қауышасың. Ол түнді ғибадатпен өткізсең ақыретке сапар үшін азық ретінде ол түндегі ғибадат саған жеткілікті» деп бұйырды.
Олай болса құрметті жамағат биыл қасиетті Қадір түні маусым айының 11-нен 12-не қараған түніне сай келеді. Алла тағала осы түнде қылған барлық жақсылықтарыңызды, ғибадаттарыңызды қабыл етсін. Әмин.

Асхат АСҚАРОВ,
аудандық мұсылмандар
мешітінің бас имамы
11 маусым 2018 ж. 1 598 0