Қарапайымдылығы болмысын айшықтайды

Кез келген істің қиюын қиыстыра білетін Серікбол Ермахановтың негізгі мамандығы – құрылысшы. Жастайынан құрылыста шыныққан жан талай жыл бойы зәулім үйдің тұрғызылуына септігі тиеді. Секеңнің ата-анасы Нақыш пен Алтынкүл – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Дегенмен, отбасындағы бала мен ердің бабын табуды ойлаған оның анасы үй шаруасының қамын күйттеген. Негізінен, Серікбол Нақышұлы ауылдағы №126 орта мектепті бітіргеннен кейін Теміртау қаласының политехникалық колледжіне оқуға түсіп, «құрылыс технигі» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді.
– Ауыл тіршілігі қашанда бір-бірімен біте қайнасып, ешқашан бір сәтке тоқтаған емес. Бала кезімізден ауылдың топырығынан түлеп ұшып, еңбекке ерте араластық. Алғаш 20 жасымда құрылыс шебері болып, ауылда жұмыс жасадым. Одан дейін Қалжан ахун ауылының құрылыс бөлімінде прораб қызметінде шыңдалдым. Сонымен қатар қырманда меңгеруші, таразышы ретінде жұмыс істеген едім. 2004-2010-жылдары Сырдария аудандық ауруханасында шаруашылық меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қызылорда қаласындағы «САК» құрылыс фирмасында прораб қызметін үйлестірдім. Ауыл шаруашылығы саласында да өзіндік шеберлігімді көпшілікке байқата білдім, – дейді Серікбол Нақышұлы.
Жалпы, Секеңмен әңгімелесе келе, нағыз еңбек адамы екеніне көз жеткіздік. Есеп-қисапқа, іс-қағазға мығым азамат жастарға ақылын айтып отырады. Фельдшерлік-акушерлік бекетте қарауыл қызметінде жүріп, емдеу мекемесінің шаруашылық бағытын тап-тұйнақтай етіп жасайтындығы өз ісінің шебері екеніне дәлел болса керек-ті. Бүгінде зайыбы Баян Әбілдаевамен бірге 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеуде.
Елу бір жыл бойы Қалжан ахун ауылында тұратын Серікбол Ермаханов қай кезде де жұмысына мығым. Қай қызметте болсын жауапкершілігімен басшылыққа таныла білген ардақты азамат өзі ұстанған бағыттан айныған емес. Ең бастысы, қарапайымдылығы – бітім-болмысын айшықтайды.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ