"ШАҒАЛА" ЛАГЕРІ БАЛАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАДЫ
Бүгін Қазалыдағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығында «Армысың әз Шағала, балалық шақтың мекені» атты жазғы маусымның ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов, білім бөлімінің басшысы Б.Қали, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғ.Темірбаев, Қазалы қаласы әкімдігі аппаратының мамандары, балалар, ата-аналар қатысты.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов «Шағала» демалыс орталығында демалушыларды, ата-аналарды жазғы маусымның ашылуымен құттықтап, 2018 жылдың жазғы кезеңінде аудан бойынша 13 мыңнан астам балалардың жазғы демалыспен қамтылатындығын айтып өтті.
«Шағала» демалыс орталығының демалушылары шара барысын ән айтып, би билеп, өнерлерімен көркемдесе, аудандық мәдениет орталығының ертегі кейіпкерлері демалыс орталығында қонақта болды.
2018 жылдың 29 наурыз күні Сырдария өзенінде сең жүру салдарынан «Шағала» орталығының аумағы су астында қалған болатын. «Шағала» демалыс орталығын қалпына келтіру мақсатында шұғыл шығындар есебінен 7 млн 588 мың теңге қаржы бөлініп, сәуір, мамыр айларында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Демалыс орталығын қалпына келтіру жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырына дейін аяқталып, «Шағала» лагері 2018 жылдың 1 маусымына демалушыларды қабылдады.