Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛАР ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ БОЛА МА?

БАЛАЛАР ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ БОЛА МА?


Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Жазғы тынығу лагерьлерінің жай-күйі және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың жазғы сауықтыру маусымына дайындығы» және «Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындығы» жөніндегі комиссия отырысы өткізілді.
Жиынға облыстық мәслихат депутаттары Р.Байназарова, Ж.Нұрымбетов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары С.Молдағараев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімдігі мен мәслихат аппаратының жауапты қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары мен сала мамандары қатысты.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров ашып, бүгінгі таңда аймақ басшысының тапсырмасына орай «Жалын» тынығу лагерінің жыл он екі ай жұмыс жасауы үшін жергілікті бюджет есебінен жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Қазір лагерьде олимпиада, ғылыми жобалар резервтерін даярлау, оқушыларды Ұлттық Біріңғай Тестілеуге дайындық барысын жүргізу, шығармашылықпен айналысатын озат мұғалімдердің тәжірибе алмасуы, спорт­тық жарыстар мен ардагер ұстаздар арасында түрлі мәдени шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл бойына лагерь базасында атқарылар жұмыстар алдағы уақытта да тоқтамайды. Қайта білім саласына серпін беріп, нәтижелі жұмыстар жүргізуге мүмкіндік туады. Өз кезегінде «Жазғы тынығу лагерлерінің жай-күйі және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың жазғы сауықтыру маусымына дайындығы» және «Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындығы» бойынша аудан­дық білім бөлімнің басшысы Б.Сую­баева хабарлама жасады.
– Аудан бойынша 2018 жылы мектеп оқушыларының жазғы маусымдағы демалысы, сауықтырылуы және жұмыспен қамтылуына байланысты іс-шара жос­пары жасалынып, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілетін болады. «Жалын» тынығу лагері 1988 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда сондай-ақ барлығы 12 ғимарат бар, оның 8-і жатын ғимарат, 1-і қызметтік, 1-і дәрігерлік пункт және 130 орындық асхана бар. Лагерде тұрақты 6 штат бірлігі қарастырған. Аудандағы мектептер есебінен бөлінген 8 тәрбиеші және «Ұлағат Ұландары» жастар бірлестігінен 3 адам тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Лагерьде аудандық ішкі істер бөлімінен бөлінген инспектор балалар тыныштығын және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етсе, аудандық емхана есебінен бөлінген дәрігерлер және тіс дәрігері тәулік бойы қызмет жасайды. Дәрігерлік бекет оқшауланған бөлмеде орналасқан. Онда тіс емдеу кабинеті және алғашқы дәрігерлік көмек жасайтын бөлмелер бар. Демалыс орнының ойын, спорт алаңдарына санитарлық талапқа сай қажетті спорттық құрал-жабдықтар толығымен жаңартылды. Жазғы маусым кезінде балалардың суға түсу кезіндегі өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мақсатында «Қалғандария» көлінің балалар шомылатын аумағы тор сеткамен қоршалып, қоқыстан, тастардан тазартылып, құм төселінді. Жағажай аумағында күннен қорғайтын көлеңкелі шатырлар, киім ауыстыруға арналған кабиналар мен ұлдар мен қыздарға арналған 10 орынға 2-себезгі, 1-санитариялық – аулалық қондырғы және жас ерекшелігіне қарай ойнайтын 2-құм құрылғы (песочница) жасақталды, – деді бөлім басшысы. Сонымен қатар биыл лагерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне тоқталды. Әр ауысымда тақырыптық күндер ұйымдастырылып, балалардың қабілетін ашуға арналған интеллектуалды шаралар өткізілетін болады. Бұдан бөлек Б.Орынбекқызы аудан бойынша ҰБТ-ға дайындық барысына тоқталды. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев «Жазғы тынығу лагерлерінің жай-күйі және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың жазғы сауықтыру маусымына дайындығы» туралы көпшілікке хабарлама жасады.
– Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі балалар мен жасөспірімдердің бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру, бір-біріне деген адал достыққа тәрбиелеу, жақсылық пен жамандықты айыра білу, балалардың Отанға, ата-анасына деген құрметін, сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры «Питер Пен» қойылымын және «Клоунада» ертегісін қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Айдарлы ауылдық клубы жанындағы Халық театрының мүшелері «Алдар көсе» ертегісі желісімен дайындалған «Супер тасбақа» және «Қара дәу» атты ертегі қойылымдарын көрсететін болады. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Балауса» халықтық би ансамблі «Өнерім – рухани қазынам», «Сырдария» квартеті және «Тұран» тобы «Ұлы дала қыраны» атты концерттік бағдарламаларын ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Жалын» тынығу лагерінде аудандық мәдениет үйі жанындағы мәдени-демалыс кешені мүшелері «Көңілді балалық шақ» атты концерттік бағдарламасын және би кештерін өткізу жоспарланғаның атап өтті.
«Жалын» тынығу лагері мен мектеп жанындағы күндізгі лагерлердің демалушылары үшін аудандық тарихи өлке-тану музейінің қызметкерлері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудандық тарихи өлке-тану музейіне және осы музей жанынан ашылған «Еңбек даңқы» залына балалар мен жасөспірімдердің экскурсиясын ұйымдастыруды, онда аудан тарихын, ауданның құрылуы мен қалыптасуы, даму жолдарын, аға ұрпақ өкілдерінің еңбек жолдарымен таныстыруды жос­парлап отыр. Сонымен қатар, аудандық музейде ұлттық «Асық ойынын» және балалар мен жасөспірімдер арасында сурет салу байқауын ұйымдастырып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттайтын болады, – деді бөлім басшысы. Бұдан кейін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшы М.Ерташов жазғы демалыс уақытында балаларды спорттық шараларға баулу барысын түсіндірді. Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орта­лық ауруханасының бас дәрігері Н.Мырзағалиева аудан бойынша күндізігі және «Жалын» тынығу лагерінде демалатын балаларды сауықтыру шаралары мен олардың денсаулығын қадағалау барысын сөз етті. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева «Жалын» тынығу лагерінің санитарлық – эпидемиологиялық жағдайы туралы» мәлімдеме жасады.
– Соңғы жылдары «Жалын» тынығу лагерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, санитариялық қағидалар талаптарына сәйкестендіруде ауқымды жұмыстар атқарылды. Күрделі жөндеуден өткізілді, ғимарат жылу жүйесіне қосылып, лагерь жыл бойы жұмыс жасауда. Дегенмен, лагерде монша құрылысы мәселесін шешуді, ойын, спорт алаң­дарын талапқа сай көркейтіп, абаттандыру, көгалдандыру, Қалғандария жағалауын санитариялық талапқа сай айналасын көркейту, орындықтар, күннен қорғайтын қалқандар, жатақтар мен киім ауыстыру кабина орнатуды қажет етеді. Кірхананы өндірістік кір жуу, кір кептіру қондырғыларымен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажеттігін айтты. Осы орайда жаз маусымында БСҰ балалары арасында топтасқан тағамнан уланудың алдын алуда атқарылатын жұмыстарға тоқталып, сақтық шараларын жүргізуді тапсырды. Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат депутаты Р.Байназар­ова мектеп директорлары мен білім саласы қызметкерлері жазғы демалысты тиімді өткізуді пысықтауды қолға алу керектігін жеткізді. Бірнеше жылдан бері қатарынан үздік деп танылған «Жалын» тынығу лагері биылғы жылы да жақсы жұмыстарымен көрінетініне сенім мол.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
31 мамыр 2018 ж. 1 356 0