СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ
Серпінді Сырдария ауданында «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мекересі кең көлемде тойланды.
Көңілі ақ, тілегі пәк бүлдіршіндердің мерекесіне орай аудан орталығында ауқымды іс-шара өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық білім бөлімінің үйлестіруімен 1700-ден астам мектеп оқушыларының қатысуымен музыкалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруі ұйымдастырылды.
Салтанатты шеруге аудандағы 17 мектептің және аудандық «Әуез» мектебі мен аудандық «Оқушылар үйінің» білім алушылары қатысты.
Балаларға көңілді қуаныш сыйлаған мерекелік іс-шарада аудан әкімі Ғ.Қазантаев құттықтау сөз сөйлеп, «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесінің Тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Аудан басшысы барлық жас өрендердің болашағына сәттілік тілеп, биылғы оқу жылында жоғары жетістіктерге жеткен бірқатар оқушыларға «Алғыс хат» табыс етті.
Сонымен бірге, білім саласының ардагері Г.Әбілова бүгінде балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, азат елдің озат ойлы азаматы атануына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер айтып, би биледі. Аудан тұрғындары мен қонақтары салтанатты іс-шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.