Азаттық таңы атқан күн

Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз.
Қазақстан халқы өзінің ұлтына, сеніміне, білім денгейіне қарамай, еліміздің көркеюіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Өтпелі кезең ауыртпалықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Елімізде халықтар достығы да жақсы сақталып келеді. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екендігін бүгінде Қазақстан халықтарының барлығы айқын сезінеді.
Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, қазақ халқы бүгінгідей бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиын жолдардан өтті. Сондықтан да Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде әрбіріміз мерекенің маңызын сіңіре, тереңнен түсіне отырып, атап өтуіміз керек. Біз, алдыңғы толқын ардагерлер, жас буынға ел тарихындағы осындай айтулы күндердің бағасын ұқтырып, мәнін айтуымыз керек. Елді бірлікке, ауызбіршілікке шақыруда бізге артылар жауапкершілік көп. Өйткені, қазақ қоғамында қашанда жұрттың келешегі, ұрпақтың болашағы қарияларына байланысты болған. Ендеше барша замандасымды осы мақсатқа жұмылуға шақыра отыра, баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!
Ермек ӘЛЖІГІТОВ,
Бесарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы