Тәуелсіз ел тарихындағы таңдаулы күн

Республика күні – бұл халықтық мереке. Қазақстан Республикасына деген әрбір азаматтың мақтаныш сезімі оянып еліне тамсанатындай реті бар. Қазақстан халқы өзінің ұлтына, сеніміне, білім деңгейіне қарамай, еліміздің көркеюіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Өтпелі кезең ауырпалықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екендігін бүгінде Қазақстан халықтарының барлығы айқын сезінеді. Қазіргі таңда Қазақстан көп елдермен теңесіп, мәртебесі беделді мемлекет. Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, қазақ халқы бүгінгідей бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиын жолдардан өтті.
Ел болып қалыптасуымызға септігі болған, қаншама маңызды құжаттар қабылданған бұл күн – әр қазақстандық үшін қасиетті күн. Сондықтан әрбіріміз мерекенің маңызын сіңіре отырып, атап өтуіміз керек. Біз, алдыңғы толқын ардагерлер, жас буынға ел тарихындағы осындай айтулы күндердің бағасын ұқтырып, мәнін айтуымыз керек. Елді бірлікке, ауызбіршілікке шақыруда бізге артылар жауапкершілік көп. Өйткені, қазақ қоғамында қашанда жұрттың келешегі, ұрпақтың болашағы қарияларына байланысты болған. Ендеше барша замандастарымды осы мақсатқа жұмылуға шақырамын. Ұлттық мерекеміз Республика күні құтты болсын! Жаратушымыз халқымызды ынтымағынан, жерімізді тұрақтылықтан айырмасын! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын!
Гүлбар ӘБІЛОВА,
ардагер ұстаз