Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№102 газет

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 газет

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бармақ бастының арты – жаза

Бармақ бастының арты – жаза

Жемқор. Сыбайлас. Қылмыскер. Бұл ұғымдарды есту қандай ауыр, қиын әрі қорқынышты болса, жемқорлықтың, сыбайластықтың соңы қылмыспен ұштасып, елдің дамуына кері әсер ететіні де соншалықты ауыр. Сыбайлас жемқорлық елдің дамуын тежейтін бірден бір фактор. Өйткені жемқорлық жайлаған елде тәртіп те, тазалық та, береке де болмайды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да, бұдан бұрын жасаған мәлімдемелері мен үндеулерінде де сыбайлас жемқорлықпен күрес ортақ міндет екенін айтып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» деп ерекше атап өтті.

Расында да біздің қазіргі таңдағы негізгі мақсатымыз – әділетті қоғам құру және соның арқасында даму­дың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан мемлекет осы бағыт­тағы маңызды реформаларды жалғас­тырады. Оның ішінде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы тұру мақсатындағы жүйелі жұмыстың тоқтамайтыны анық. Бұлай деуімізге Мемлекет басшы­сының «...біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті» деген сөзі дәлел бола алады.

Елімізде жемқорлықпен, жемқор­лармен күрес жұмысы бір сәтке де тоқтап жатқан жоқ. Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 592 адамның қылмысын әшкерелеген. Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали кеңейтілген кеңесте жасаған өз баяндамасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді дамытуға бағытталған қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу жұмыстары аясында ағымдағы жылы 113 талдау мен мониторинг жүргізілсе, білім, ғылым және спорт саласында маңызды талдаулар аяқталды. Барлық талдаулар бойынша Президент Әкімшілігінің бақылауындағы Тәуекелдерді жою туралы жол карталары әзірленді. Бизнесті қорғау шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Ағымдағы жылы 84 проблемалық кейс шешілді, 9,5 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Жыл басынан бері 876 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның едәуір бөлігі парақорлық, жымқыру және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пай­далану болып табылады. 592 адамның қылмысы әшкереленді, оның 107-і әртүрлі деңгейдегі басшылар. 329 адам сотталды, – деген Агенттік төрағасы жұмыстың негізі қылмыстық топтарды, жоғары лауазымды тұлға­лардың қатысуымен тұрақты схемаларды әшкерелеуге, жүйелі жем­қорлықты анықтауға байланысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге бағдарланғанын жеткізді.

Айта кету керек, бұзылған құқықтар мен әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды құрамдас бөлігі залалды өтеу және активтерді қайтару болып табылады. Осы ретте биыл аяқталған істер бойынша 195 млрд теңге өтелген. Ал 2,5 жыл ішінде Қазақстан халқына 1,07 трлн теңге қайтарылған. Агенттік халықаралық құқық қорғау желілерімен – БҰҰ жанындағы GlobE, Эгмонт, CARIN және ARIN тобымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Нәтижесінде шетелдік серіктестермен ақпарат алмасу айтарлықтай жедел­детілген. Бүгінгі таңда Агенттік жемқорлыққа қарсы ведомстволармен 13 меморандум жасаған. Оның төртеуіне биыл қол қойылған.

– Әкімдіктердің, квазимемлекеттік сектордың және құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері жемқорлыққа барынша бейім. Жемқорлық тәуе­келдері жоғары салаларға білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жатады. Анықталған қылмыстарды жасауда 592 адам әшкереленді, оның ішінде 107 басшы, бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыстық деңгейдегі мекеме басшылары бар, – деді Асхат Жұмағали.

Қазіргі таңда түрлі салалардағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, цифр­лық құралдарды енгізу, жоспар­ланған заңнамалық өзгерістер, қыл­мыстық процесте адам құқық­тарының заң­дылығын және қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері қоғамда кеңінен тал­қылануда. Талқылау барысында пікір алмасып, қабылданып жатқан жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылып келеді. Негізгі бағыт жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес, оның алғышарттарын жою, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және бизнесті жемқорлықтан қорғау болып қала береді. Сондықтан жергілікті жерде біз де сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрып, қоғам дертімен белсенді түрде күресуіміз керек.

Жемқорлыққа қарсы жұмыстар ауданымызда, оның ішінде білім беру саласында жүйелі жүргізілуде. Әрбір мектепте арнайы стенд орнатылған, ақпараттық тақталар әзірленген. Ұстаздар сабақ барысында және сабақтан тыс уақытта оқушыларға әркез жемқорлықтың зиянын, ел дамуына тигізетін кері әсерін айтып, түсіндіріп келеді. Оқушыларға жемқорлықтың заңда қылмыс, салт-дәстүрімізде күнә болып табылатын жат әдет екенін ұғындыру – біздің бас­ты мақсатымыз. Сондықтан әрбір саналы адам жемқорлыққа қарсы болуы қажет.

Қорытындылай келе айтарым, сыбайлас жемқорлық елдегі бар жұмысты құрдымға кетіреді. Мысалы, бір адам оқу оқып, дипломын сатып алса, ертең ол маман болғанда өз жұмысын дұрыс білмей, қоғамға зия­нын тигізеді. Сіз ауы­рып, ем алуға дәрігерге барсаңыз, ал ол дәрігер дипломын сатып алған сауатсыз маман болса, сізге дұрыс ем-дом жүргізбейді. Нәтижесінде ауруыңыз асқынып кетуі мүмкін. Керісінше өз білімімен диплом алған жақсы маманға жолықсаңыз, онда жолыңыздың бол­ғаны. Ол үшін білім саласындағы жемқорлықты жою жұмысын барынша күшейту керек. Әр маман өз саласының кәсіби шебері, білгірі болуы қажет. Сондай-ақ жемқорлықпен тапқан табыстың берекесі болмайды. Жемқорларды соттап, түрмеге қамау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Айналамызда болып жатқан қорқынышты қылмыстардан сабақ алғанымыз дұрыс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ міндетіміз.

Камила ХАЛДАНОВА
07 желтоқсан 2024 ж. 105 0