Жемқорлықпен күрес – басым бағыт
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы жолдауында мән берілген бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. мемлекет басшысы жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардың жұмысына арнайы талдау жүргізген жөн екенін айтты. Мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығын, есептілігін қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірлеуді тапсырды.
– Біз мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуларды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс» деп атап өтті. Осыған орай мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруға басымдық берілмек. «Қоғамдық бақылау туралы» заңның қабылданатыны да сыбайлас жемқорлықтың зардаптарын жеңуге тікелей әсер етеді.
Жемқорлықпен күрес – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған қоғам дерті. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде таралып келеді. Ол тек ауқымдылығымен, зиянымен мемлекет дамуына кері ықпал етуде.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа анықтама берілген. «...жеке түрде немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сондай-ақ аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы» делінген аталған заңда. Ал, БҰҰ-ның құжаттарында қолданылатын жемқорлық терминінің халықаралық-саяси анықтамасында «сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік билікті жеке бас пайдасы үшін, үшінші бір тұлғалар мен топтардың мақсаты үшін асыра пайдалану» деп жазылған. Бұдан біз жемқорлықтың мемлекетке де, жеке тұрғындарға да орасан зор шығын екенін аңғарамыз.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін реттейтін «Қазақстан Республикасының қылмыстық», «Әкімшілік құқық бұзушылық», «Еңбек» Кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс Кодексі негізгі нормативтік құқықтық актілері болып табылады. Аталған құжаттардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар заңнамаларда құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді тиісті жауапқа тарту көзделген.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – кез-келген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Барлық елдерде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқада шаралар қолданылуда. Ел Президенті сыбайлас жемқорлыққа жол берген адамды ғана емес, оның тікелей басшысына да қатаң шара қолдану қажеттігін айтты. Бұл тұста талап пен тәртіп баршаға ортақ.
Майя ҚОЖАБАЙ